Полиция полковнигі Шырынбек ОҢҒАРОВ: Нәтиже болу үшін жағдай жасалуы керек

Жуырда Мемлекет басшысының Жарлығымен Түркістан облысының Сарыағаш ауданынан Келес ауданы жеке бөлініп шыққан болатын. Артынша, Келес аудандық Ішкі істер бөліміне полиция полковнигі Шырынбек Оңғаров басшы болып тағайындалды. Ауданның бас полицейімен болған сұхбатымызда негізінен Келес өңіріндегі қылмыстық ахуал әңгіме өзегіне айналды.

– Шырынбек Сусынұлы, төл мерекелеріңіз құтты болсын! Осы салада ширек ғасырға жуық қызмет атқарып келе жатсыз. Яғни, тәуелсіздік алғаннан кейінгі полиция қызметінің ыстық-суығын қатар көріп келесіз. Әуелі осы ішкі істер органдарының құрылу тарихына тоқталып өтсеңіз…
– Тәуелсіз еліміз ширек ғасырдан астам уақыт ішінде құқықтық мемлекет қалыптастырудың күрделі кезеңін басынан өткерді. Соның ішіндегі ең елеулісі – 1992 жылы 23 маусымда Президент Н.Ә. Назарбаевтың Жарлығымен «Қазақстан Республикасының ішкі істер органдары туралы» Заңының қабылдануы. Бұл – құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету жолында аянбай еңбек ететін ішкі істер органдары қызметкерлерінің құқықтары мен міндеттерін, функцияларын анықтайтын ең бірінші құқықтық акт.
2007 жылы Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың Жарлығымен 23 маусым ресми түрде Полиция күні болып бекітілді. Қазақстандық полиция күні – қыруар күш-қайрат жұмсап, отандық полицияны құрған және онда еңбек етіп жатқан қызметкерлерге, сала ардагерлеріне, бейбіт уақытта елдің тыныштығы үшін өмірін бергендерге деген құрмет күні.
Заңдылықсыз ешқандай тәртіп жайында айту мүмкін емес. Ал бұл заңдылықты сақтау – тәртіп сақшыларының, яғни полиция қызметкерлерінің басты міндеті.
Келес ауданында соңғы кездері әлеуметтің назарын жаппай аударған қылмыстық істер жиі орын алып жүр. Әрине, бұған түрлі себептердің бар екені талассыз. Дегенмен, көпшілік мұның басты себебін полиция қызметкерлерінің жұмысындағы салғырттықтан көреді…
– Басшының жаңа қызметке қандай мақсаттарды көздеп келгенін оның алғашқы қадамдары мен іс-әрекетінен-ақ байқап білуге болады. Мен қызметке тағайындалған алғашқы күндерде ауыл-аймақтарды аралап, тұрғындармен бетпе-бет кездесіп, қылмыстың өсуіне себеп болған жайттарды анықтауға, онымен қоса, қай бағытта күресу керектігі туралы жергілікті белсенділермен, үлкен ақсақалдармен ақылдасуды қолға алдық. Әр арыздың, әр істің артында адам тағдыры тұрғанына да айрықша мән берілуі тиіс. Сондықтан да жергілікті тұрғындармен ақылдаса атқарылған тірліктің шалалығы болмайды деп ойлаймын. Менің ұстанымым осындай.
Жалпы, Келес өңірін 146 800 адам мекен етеді, 12 ауылдық округ, 83 елді мекен, 65 мектеп, 1 колледж бар. Мен келген күннен бастап ауылдарды аралап, жеке құраммен танысуды бастадым. Тіпті, аудан әкімі аппаратқа таныстырғанға дейін мен бөлімнің тыныс-тіршілігін тыңғылықты зерттеп, жұмысты сапалы жүргізу үшін қажет деген заттардың тізімін жасап үлгерген болатынмын. Аудан аппаратымен танысқан күні осы тізімді аудан басшысының алдына қойдым. Шынымды айтсам, қызметкерлердің, оның ішінде учаскелік инспекторлардың өз жұмысын жоғары деңгейде атқаруға кедергі болатын келеңсіздіктер жетіп артылады. Ғимараттар тым ескі, учаскелік инспекторлардың көпшілігінде қызметтік көлік жоқ. Шұғыл іс-әрекетті қажет ететін салада қызметкерлер жаяу жүріп, қалай іс тындырады? Жұмыстың сапасын көтеріп, қылмысты құрықтау үшін біз алдымен қызметкерлерге жағдай жасауымыз керек. Содан кейін ғана нәтиже талап ете аламыз.
Жасөспірімдер арасында құқық бұзушылықтар болмасын десек, әр мектепке бір-бір инспектордан бекітілуі қажет. Ал бізде 65 мектепке бар-жоғы 5 қана жасөспірімдер инспекторы бар. Яғни, бір инспектор он мектептің арасын шарлап жүреді. Ауылдық жерлерде мектептердің арасы алшақ. Сонда ол осынша мектепті бір өзі қалай бақылауда ұстайды? Ұрлық та асқынып тұр деген сөз жиі айтылады. Бөлімге қарасты 12 ауылдық округте қызметтік бес-ақ көлік бар екен.
Жергілікті полиция қызметі әкімдік тарапынан қаржыландырылады. Сондықтан әкіммен болған алғашқы кездесуде тірек пункттеріне телефон, құжат сақтайтын темір жәшік, қызметтік бөлмелерге желдеткіш, терезелерге темір тор қажеттілігін айттым. Көптеген тірек пункттерінің төбесінен су тамшылап, есік-терезелері алқам-салқам күйде тұр. Жағдай жасалмаған. Келес өңірі шекаралық аймақта орналасқан. Сондықтан қылмыс болмасын, тәртіп темірдей болсын десек, бірінші кезекте полицияға жағдай жасалуы тиіс.
Менің айтып отырғаным – ауылдардағы тірек пункттеріндегі жағдай. Оны айтасыз, полиция бөлімінің басшылығы орналасқан ғимараттың да төңірегі қауіпсіз емес. Айналдыра қоршалған шарбақтан адамдар оп-оңай секіріп өтуі мүмкін. Ал бұл – стратегиялық маңызы бар ғимарат. Мұнда маңызды құжаттар мен қару-жарақтар сақталады. Сондықтан айнала жабық болуы керек. Бұл мәселені енді облыстық Ішкі істер департаменті басшылығының назарына ұсынып жатырмын. Жалпы, атқарылар жұмыс көп.
Ауыл тұрғындарының негізгі тіршілік көзі – мал және егін шаруашылығы екені белгілі. Сондықтан мал ұрлығының алдын алу – Сіздерге жүктелер басты міндеттердің бірі. Бүгінде мал ұрлығымен күрес бағытында, бәлкім, белгілі бір іс-шаралар жүргізіліп те жатқан болар. Бірақ, неге олар тіркелген қылмыстың көбеюіне тоқтам бола алмауда?
– Мал шаруашылығы – жұмыспен қамту тетігі және табыс көзі. Алайда, ауылдық жерлерде мал ұрлығының дендей түсуі – жалақысы төмен, тек маусымдық жұмыспен ғана күн көретін ауыл тұрғындарына айтарлықтай қиындық туғызуда. Әсіресе, қазіргідей дағдарыс жағдайында тұрақты жұмысы жоқ ауыл тұрғындары үшін мал ұрлығы олардың әлеуметтік жағдайына кері әсерін тигізеді. Себебі, мал шаруашылығынан түсетін өнім – олар үшін жалғыз тіршілік көзі. Ал осы бағыттағы қылмыстардың алдын алу мақсатында біздің тарапымыздан лайықты деңгейде жұмыстар атқарылуда.
Қазіргі таңда полицияның учаскелік инспекторлары мал ұрлығының алдын алу мақсатында барынша ауқымды жұмыстар атқаруда. Олар жергілікті малмен айналысатын тұрғындармен кездесіп, сақтық шараларын сақтауды түсіндіріп келеді. Малдарды жайылымда қараусыз қалдырмау, оларға ен салу, таңба салу, құжаттандыру, тіпті жылқыға чип орнатуды да үгіттеп айтып жатыр. Дегенмен, халықтың немқұрайлылығы да мал ұрлығының өсуіне себеп болуда. Олар малдарын жайылымға қараусыз жібереді, үйлердегі қора-қопсыларын ұры- қарылар үшін әрекетін іске асыруға қолайлы етіп қойған.
Полиция қой бағып жүрген шопан емес екенін түсінетін кез жетті. Сонымен қатар, мен бір ғана аудандағы жағдайды емес, жалпы республикада мал ұрлығы қылмыстарының орын алуы себептеріне тоқталып өтейін. Бұның бір себебі – мал санын есепке алудағы дәйексіздік. Мәселен, республикамыздың өңірлерінде малды есепке алу әр шаруа қожалығына барып, тексеру жүргізілместен, тек немқұрайлы түрде ғана жүзеге асырылады. Малды есептен шығару мен есепке қоюды уақытылы жүргізбеу фактілері де кездеседі. Ал мұндай жағдайда статистикалық дерек пен немқұрайлы дерек арасында сандық жағынан сәйкессіздік орын алатыны белгілі.
Сондай-ақ, жергілікті атқарушы органдардың жайылым орындарын бақылауда ұстау үшін тиісті жұмыстарды атқармауы да, азаматтардың төрт түліктерін жайылымдық жерлерде бақылаусыз қалдыруы да мал ұрлығына жол ашып отыр. Бұл жерде тағы бір мәселе бар. Мысалы, пайдакүнемдік жолмен ұрланған малдарды белгіленбеген орындарда сою көп жағдайда санитарлық және ветеринарлық ереже талаптарына сәйкес келмей жатады. Соның әсерінен, ұрланған малдың үй жағдайында сойылған етіне «мемлекеттік стандарттың, санитарлық-эпидемиологиялық ережелері мен нормаларының талаптарына сай келеді» дейтін жалған анықтамалар алуға жол беріліп жатады. Ұрланған малдар негізі түн мезгілінде, мәселен, жер үйлердің аулаларында, шаруа қожалықтарында сойылады. Ал мұндай ет өнімдерінің төмен баға ұсынған мекемелер, жеткізушілер арқылы денсаулық сақтау, білім беру, қылмыстық атқару жүйесі және т.б. орындарға да өткізілетіндігін жоққа шығаруға болмас.
Аудан аумағында биыл қанша мал ұрлығы қылмысы тіркелді?
– Жыл басынан бері полиция бөліміне 34 мал ұрлығы дерегі тіркеліп отыр. Біз орын алған мал ұрлықтарын ашу мақсатында жедел-іздестіру жұмыстарын шұғыл қолға аламыз. Осы жылдың басында орын алған жылқы ұрлығы бойынша 4 бірдей қылмыскерді Төлеби ауданынан ұстадық. Одан кейін тағы да үш мал ұрлығы дерегіне қатысты топ ұсталды. Ұрланған малдарды іздеп тауып, иесіне қайтару үшін полицейлер қолдарынан келгенін аянбауда.
Мәселен, жергілікті тұрғынның бір бас қойы ұрланғаны туралы дерек тіркеліп, ол бойынша жедел-іздестіру тобы 7 сағат тоқтаусыз жұмыс жасады. Нәтижесінде, көшедегі камераларды қарау кезінде жоғалған қойды бір иттің қуып бара жатқанын көрдік. Содан қой ауыл шетіне шығып кеткен. Ал ол қойды іздеп тауып, иесіне қайтаруға біздің 7 сағат уақытымыз кетті.
Тағы бір дерек, жергілікті тұрғын ірі қара малының жоғалғаны туралы хабарлады. Біз әдеттегідей шұғыл түрде іске кірісіп кеттік. Адамдардан сұрау арқылы жоғалған сиырды бір есектің қуып кеткенін білдік. Іздеп тауып, иесіне қайтардық. Бұл жұмыстарға да біраз уақытымыз кетті.
Мен тағы да қайталап айтамын, полицияның қой бағып жүрген шопан емес екенін түсінетін кез жетті. Сондықтан қазақтың «өзіңе өзің берік бол, көршіңді ұры тұтпа» деген керемет сөзін естен шығармай, тіршілікте іске асырсақ дұрыс болар еді.
– Әңгімеңізге рахмет! Ел тыныштығы жолында етіп жатқан елеулі еңбектеріңіз табысты болғай!

Сұхбаттасқан Іңкәр АСАНОВА,
Түркістан облысы

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*