Мерекелік турнир

Жуырда Шымкент қаласындағы «Динамо» және «Марс» спорт кешендерінде Президент Н.Ә. Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауы мен «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында көрсетілген тапсырмаларды жүзеге асыру арқылы халықты саламатты өмір салтына баулу мақсатында және Қазақстан полициясының 26 жылдығы мерекесіне орай спартакиада өтті.
Спорттық жарыстарға Оңтүстік Қазақстан облыстық ІІД жеке құрамы, сондай-ақ, қалалық, аудандық Ішкі істер басқармалары мен бөлімдерінің 200-ден астам қызметкері қатысты.
Жарыстың ашылу салтанатында сөз алған Ішкі істер департаменті бастығының орынбасары, полиция полковнигі С. Абдуллаев: «Ішкі істер органдары – қоғамдағы құқықтық тәртіптің, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін маңызды құрылымдардың бірі. Сақшылардың кәсіби қызметі зор жауапкершілігімен, тәуекелге бел бууымен ерекшеленеді. Қазақстан дербес мемлекет болып, тәуелсіздігін жариялаған сәттен бастап, оның тыныштығын қорғауға берік ден қойылды. Осынау қырағы мамандықты таңдаған азаматтар да елінің алдындағы борышын сезінетіні сөзсіз. Ризашылық пен құрметтің нышаны ретінде ішкі істер органдарының қызметкерлерін Қазақстан полициясы күнімен шын жүректен құттықтаймын. Өз қызметтік міндетін атқаруға адалдық танытып, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ететін, халық арасында сақтық жұмысын жүргізетін, азаматтардың тыныштығын, заңдылық пен құқықтық тәртібін қорғайтын білікті полицейлердің қатары көбейе берсін», – деді. Сондай-ақ, қызметімен қатар спортты жанына серік еткен полицей – өз кәсібінің алғыр маманы екенін, сондықтан әрбір полицей спортпен тұрақты түрде шұғылдануы керектігін баса айтты.
Спартакиада аясында қатысушылар волейбол, арқан тарту, шағын футбол, жеңіл атлетика, қол күресі, турникке тартылу, кір тасын көтеру және жауынгерлік атыс қаруынан оқ ату түрлерінен сынға түсті. Әсіресе, кір тасын көтеру, арқан тарту, қол күресі спортынан өткен жарыстар ерекше тартысты болды. Ал жеңіл атлетика, волейбол және жауынгерлік атыс қаруынан оқ атудан нәзік жанды полицейлер де өз спорттық шеберліктерін көрсетті.
Екі тәулік бойы жалғасқан спартакиада төрешілердің әділ шешімімен қорытындыланып, жалпыкомандалық есепте Шымкент қалалық ІІБ Еңбекші ПБ командасы І орынды иемденді. Екінші орынды Оңтүстік Қазақстан облыстық ІІД Жергілікті полиция қызметінің құрамасы жеңіп алса, ал үшінші орынға облыстық ІІД аппараты лайық деп танылды.

Түркістан облыстық ІІД баспасөз қызметі

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*