Әріптестерін еске алды

Кәсіби мереке қарсаңында ақмолалық полиция қызметкерлері қаза тапқан әріптестерін еске алды.
Қызметтік міндеттерін атқару барысында қаза тапқан қызметкерлерге арналған ескерткіш мемориалына гүл шоқтарын қою рәсімі 22 маусым күні өтті. Іс-шараға қаза тапқан қызметкерлердің туыстары, ішкі істер органдарының ардагерлері, ведомство басшылығы мен жеке құрам қатысты. Үш дүркін қару атылып, мемориалға гүл шоқтары қойылып, қаза тапқандар бір минут еске алынды.
«Өз өмірінің құнымен қызметтік міндеттерін атқарғандардың, заң мен тәртіпті қорғағандардың есімдері ешқашан ұмытылмайды», – деген жылы лебізін білдірді қаза тапқан қызметкерлердің туыстарына облыстық ІІД бастығы Ержан Саденов.
Бұл күні кәсіби мейрам – Қазақстан полициясы күніне арналған салтанатты жиынмен бірге, қызметте жоғары нәтиже көрсеткен полиция қызметкерлерін марапаттау рәсімі өтті.
Ішкі істер министрінің бұйрығымен 19 тәртіп сақшысы марапатталды. Салтанатты жағдайда марапаттарды ведомство басшысы табыстады.
«Құқық тәртібін қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін» медалімен ІІД бастығының бірінші орынбасары, полиция подполковнигі Бауыржан Әленов, мерзімінен бұрын «Полиция майоры» атағымен Степногорск қалалық ІІБ учаскелік полиция инспекторы, полиция капитаны Вячеслав Чернов, ІІІ дәрежелі «Ішкі істер органдарының үздігі» төсбелгісімен полиция подполковнигі Виктор Бухурин, полиция майоры Сержан Жакетов, полиция аға сержанты Әшірбек Серкебаев, оған қоса, Ішкі істер министрінің құрмет грамотасымен Сандықтау аудандық ІІБ бастығы, полиция подполковнигі Дархан Жапаров, ІІД тергеу басқармасының аға тергеушісі, полиция подполковнигі Айбек Каликулов, Сандықтау аудандық ІІБ ЖПҚ учаскелік полиция инспекторы, полиция майоры Сағынбай Шәріпов марапатталды.
Сонымен қатар, мереке күні ішкі істер органдарының ардагерлері де назардан тыс қалмады. Құқық қорғау органдарында ұзақ жылдар қызмет еткен ақсақалдар бүгінгі күндері де бағалы кеңестерімен, тәжірибелерімен бөлісіп, көмектерін көрсетуде. ІІД бастығы Ержан Саденовтің бұйрығымен ардагерлер мен полиция қызметкерлері «Қазақстан полицисына – 25 жыл» төсбелгілерімен, грамота және алғыс хаттармен марапатталды.
Өз сөзінде ведомство басшысы биыл ІІД-нің материалдық-техникалық жағдайын нығайтуда біраз жұмыстар атқарылғанын атап өтті. Жуырда ғана Щучинскіде жаңа полиция бөлімі ашылып, полиция қызметкерлеріне 100 пәтер берілді. Бурабайда кавалериялық взвод құрылды. ІІД басшысы жеке құрамға қызметте табыс тілеп, болашақта жүктелген міндеттердің адал атқарылатынына сенім білдірді.
Салтанатты рәсім полиция қызметкерлері мен олардың балаларының орындауындағы мерекелік концертке ұласты. Сахнада ІІД шығармашылық ұжымының орындауында шырқалған қызметтік міндеттерін атқару барысында қаза тапқан қызметкерлерге арналған «Полиция сарбаздары» композициясын тәртіп сақшылары ерекше ықыласпен тыңдады.
2006 жылы қызметтік міндеттерін атқару барысында қаза тапқан әкесі Ерлан Әскеровке арнап жазған өлең жолдарын қызы Аружан оқып, «Пацекато из балета Арлекинадо» биін билеп берді. Мейрам құрметіне орай, тәртіп сақшылары Аружанға гүл шоқтары мен сыйлық тарту етті.
Іс-шара полиция қызметкері Қуаныш Есенбековтің орындауындағы «Айбынды сақшылар» әнімен аяқталды.

Ақмола облыстық ІІД баспасөз қызметі

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*