Чемпионмен жаттығу

Петропавл қаласының жастары мен полиция қызметкерлері есірткіге қарсы күш біріктірді.
Қаланың 250-ден астам мектеп пен колледж оқушылары «Чемпионмен бірге жаттығу» шарасына қатысты. Камиль Сафин атындағы бокс залында толық жаттығуды WBA-SUPER, IBO, ЕВU тұжырымдары бойынша әлемнің экс-чемпионы Жанат Жақиянов өткізді. Халықаралық есірткі бизнесіне қарсы күрес айлығы аясында боксшы Жанат Солтүстік Қазақстан облыстық Ішкі істер департаменті Есірткі бизнесіне қарсы күрес басқармасының қызметкерлерімен бірге насихат жұмыстарын жүйелі түрде жүргізіп келеді.
«Жастар кадрлық орталығы» жастар бірлестігінің мүшелері жасөспірімдер арасында қазақстандық спортты дамыту тақырыбында танымдық викторина өткізді. Әр дұрыс берілген жауапқа мектеп оқушылары мен студенттер шоколад алып, шара соныңда олардың барлығына Жанат Жақияновтың қолы қойылған күнтізбелер берілді.
Чемпионмен жұдырықтасу, рингте және спорт алаңыңда кешенді жаттығулар жасау, бірігіп ұрандатулар бұл спорттық мейрамға сән бере түскендей. Жасөспірімдер арасында саламатты өмір салтын кеңінен насихаттау, жастардың есірткіден аулақ болуларына септігін тигізу және аталмыш шараны өткізуге қол ұшын бергендігі үшін Солтүстік Қазақстан облыстық Ішкі істер департаментінің бастығы, полиция генерал-майоры Берік Біләловтің алғыс хатымен «Азық фабрикасы» ЖШС директоры Сергей Шевелев пен Жанат Жақиянов марапатталды.
«Осы сияқты іс-шаралар жастардың саламатты өмір салтын ұстануға ден қойып, спортпен айналысуларына қосымша импульс жасайды. Спорт адамның көркін келтіріп, мінезін қайрайды. Сондықтан да біз жастардың саламатты өмір салтын ұстануларын қолдаймыз. Спорт мектеп оқушылары мен студенттер арасында сәнді трендке айналуы керек. Біз есірткі бизнесімен күресіп қана қоймай, адамдардың арасында есірткіге қарсы иммунитетті қалыптастыруымыз қажет», – дейді Есірткі бизнесіне қарсы күрес басқармасының бастығы, полиция подполковнигі Жандос Басыбаев.

Солтүстік Қазақстан облыстық ІІД баспасөз қызметі

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*