Қару иелері қатаң бақылауда

Қылмыс және құқық бұзушылықпен күрестің бір түрі – қолда жүрген тіркеудегі қаруларды бақылауда ұстау және тіркеусіз қаруларды анықтау.
Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, қылмыстардың қырық пайызы қару пайдалану арқылы жасалады. Әрине, мұның денін суық қарулар құрайды десек, мылтық, тапанша сияқты атыс қаруларымен жасалатын қылмыстар да жоқ емес. Сондықтан кез келген дерттің себебін анықтағанша, алдын алған әлдеқайда дұрыс шешім екенін ескере отырып, Қарағанды қалалық Ішкі істер басқарамасы Оңтүстік-шығыс полиция бөлімінің учаскелік полиция инспекторлары күнделікті қаруға рұқсаты бар азаматтарды тұрғылықты мекенжайлары бойынша тексеріп, қару-жарақтардың сақталу, пайдалану ережелеріне баса назар аударады.
Қарағанды қаласының Оңтүстік-шығыс ауданында тұратын 2 мыңға тарта тұрғында атыс қаруы және газды қару бар болса, ерекше режим орнатылған заттар мен құралдары бар 16 нысан жұмыс істейді. Бұл қару иелері мен ерекше режимдегі нысандарға үнемі тексеріс жүргізіліп, белгіленген тәртіпте қарудың сақталуына баса назар аударылады. Жыл басынан бері Оңтүстік-шығыс полиция бөлімінің учаскелік полиция инспекторлары мен қызметтік және азаматтық қару айналымын бақылау тобының инспекторлары бірлесе отырып, 1485 қару иесін тұрғылықты мекенжайлары бойынша тексерді. Тексеріс барысында қаруды сақтау, пайдалану және алу тәртібін бұзған 47 жеке атыс қаруы мен газды қару иесі анықталды. 130 қару тәркіленсе, оның ішінде 37 қару ерікті түрде тапсырылды.
Халықпен етене тығыз қарым-қатынас жүргізетін учаскелік полиция инспекторларының міндеттерінің бірі – осы қару иелерін тексеру болса, Оңтүстік-шығыс полиция бөлімінің учаскелік полиция инспекторы Владимир Ян қызмет көрсететін аумақтағы қару иелерін күнделікті тексеріп, заң талаптарына сәйкес, бұзушылықтарға жол берілмеуін жіті назарда ұстап отыр. Полиция аға лейтенанты Владимир Игоревичтің қызмет көрсететін аумағы – Орбита-2 ықшам ауданы. 3 мыңнан астам тұрғыны бар аумақта 30-дан аса қару иесі бар екен. Осы қару иелеріне күнделікті тексеріс жүргізіп, оларды бақылауды басты міндеттерінің бірі санайтын Владимир Игоревич қару айналымын бақылау тобының инспекторларымен тығыз байланыс орнатып, әрбір қару иесі құжаттарының дұрыс рәсімделуіне, қаруды сақтау шарттарына ерекше ден қояды.

Индира ЕРДАНҚЫЗЫ, Қарағанды қаласы

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*