Полиция полковнигі Сәбит ОМАРОВ: Осакаровкада оңды істер көп

Қарағанды облысыныңОсакаровка ауданына ат басын бұрғанымызда, аудандық Ішкі істер бөлімінің ғимараты көзге оттай басылды. Мекеменің ауласы мұнтаздай таза, ауласына отырғызылған ағаш, гүлдер жайқалып өсіп тұр. Осы орайда, «тәртіп табалдырықтан басталады» деген қағиданы ұстанған бөлім бастығы, полиция полковнигі Сәбит Омаровпен полиция қызметі және аудандағы қылмыс ахуалы жайында сұхбаттастық.
Сәбит Аханұлы, әңгімемізді Осакаровка аудандық ІІБ-нің бүгінгі тыныс-тіршілігінен бастасақ…
–Ішкі істер бөлімінің жеке құрамы 149 адамнан тұрады. Оның ішінде офицерлік, сержанттық құрам, ерікті жалдамалы қызметкерлер, мемлекеттік қызметшілер бар. Криминалдық полиция бөлімшесі, Тергеу бөлімшесі, Жергілікті полиция қызметі, анықтаушылар тобы, әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау, көлік құралдарын тіркейтін топ және кезекші бөлім жұмыс жасайды. Бұдан бөлек,осыдан 85 шақырым жердегіМолодежный ауылында полицияның жастар бөлімшесі де құрылған. Бұрын ол ауыл аудан болған кезде мұнда жеке полиция бөлімі болған. Молодежныйға ауыл статусы берілгеннен кейін полиция бөлімі бөлімше болып қалды. Бүгінде ол бөлімше біздің құрамымызда. Онда 30 адам еңбек етеді.
Енді ауданның криминогендік ахуалына тоқталып өтсеңіз…
– Биылаудан бойынша 140 қылмыстық іс тіркелді. Былтырғы сәйкес мерзімдегі көрсеткіш те осы шамалас болған. Қылмыс санының өсу динамикасы байқалмайды. Алайда, ауыр және өте ауыр қылмыстар көбейді. Мәселен, былтыр 15, биыл 19ауыр қылмыс тіркелген. Неліктен өсіп жатыр десеңіз, қазір ҚК-те құқық бұзушылық фактісі жайлы көрінеу жалған ақпарат беру туралы 440-бап бар. Жыл басынан бері тіркелген қылмыстардың жартысы– осы бап бойынша қозғалған істер. Бұның қалай болатынын айтып өтсем, тергеу амалдарын жүргізу кезінде қылмыстық процеске қатысушылар жалған мәлімдеме береді. Артынша біз оларды жалған мәлімдеме бергендері үшін жауапкершілікке тартамыз. Бүгінгі күні осы бап бойынша 8 қылмыстық іс қозғап, сотқа жібердік.
Сонымен қатар, былтыр 2 өте ауыр қылмыс тіркелген болса, биыл 4 оқиғаорын алды. Оның 1-еуі адам өлтіру қылмысы, ал қалған 3-еуі жыныстық зорлыққа қатысты. Мысалы, жылдар бойы өгей қызына жыныстық зорлық көрсетіп келген П. есімді азаматты қылмыстық жауапкершілікке тартып, істі сотқа жібердік. Азғын 2009 жылдан бері сол кезде 9 жаста болған өгей қызын 15-ке толғанша зорлап келген. 2015 жылы қыз үйінен қашып, құқық қорғау органдарына арызданған. Былтыр сол арыз негізінде қылмыстық іс қозғалды.
Негізі, аудан бойынша ашылмаған өте ауыр бір-ақ қылмыстық іс бар. Ауырсанаттағы қылмыстық істердің 4-еуі ашылмай отыр. Олар: мал ұрлығы, кабель ұрлау, көлік өртеу фактілері. Ал ашылған қылмыстық істер саны– 11. Қылмыстың ашылу деңгейі– 64,7 пайыз.
Биыл ашылмаған қылмыстар үлесі артып отыр. Егер былтыр осы мерзімде орташа деңгейдегі ашылмаған 31 қылмыстық іс тоқтатылса, биыл 50 шақты қылмыстық іс тоқтатылды. Сотқа жіберілген қылмыстық іс саны – 18. Қылмыстың ашылуына күш жұмсау мақсатында арнайы тергеу тобын ұйымдастырдым. Олар осы аудан аумағында ашылмаған қылмыстық істер бойынша жұмыс істейді. Қазіргі таңда бұл топ бұрын жасалған 2-3 қылмыстық істі ашты.
Ауылдық жерде көбіне мал ұрлығы жиі орын алатынын білеміз. Осакаровка ауданында оған қарсы қандай жұмыстар жүргізілуде?
– Мал ұрлығы мәселесі шешілмей келеді. Жыл басында жергілікті әкімдікпен бірлесіп жұмыс отырысын өткізіп, ауданға қарасты әр ауылдық округте мал ұрлығы профилактикасы бойынша жұмыс топтарын құрдық. Мысалы, Осакаровка аудынында 25 ауылдық округ бар. Солардың әрқайсысында мал ұрлығына қарсы топ құрылды. Бұл топ құрамына ауыл әкімі, мал дәрігері, учаскелік инспектор және полицияның ерікті көмекшілері – «Сақшы» жасағының мүшелері кіреді. Жұмыс топтары мен жергілікті атқарушы органның бірлескен кездесуіне малдарға GPS-навигаторлар орнатумен айналысатын жеке фирма қатысты. Олар малды бақылап отыру мүмкіндігін беретін құрылғының тұсаукесерін жасады. Бұл кішкентай ғана құрылғы жануарларға тағылады, сол арқылы малдың қайда жүргенін спутниктің көмегімен бақылау мүмкіндігі бар.
Бұл құрылғылардың артықшылығы – GPS трекерлер малдың жүрген жерін әлем бойынша көрсетеді. Құрылғының құны қымбат, дегенмен, біздің міндетіміз – тұрғындарға жоғалған малды оңай табуға көмектесетін осындай құралдың барын көрсету болды. Аталған фирма Осакаровка аудандық ІІБ базасында пилоттық жоба ретінде ахуалдық орталық жасағылары келеді. Яғни, кезекші бөлімге монитор қойып, сол мониторға бақылау жүйесін қосқылары бар. Мысалы, мал шаруашылықтары осы трекерді сатып алған жағдайда жануар жайылымнанасып кетіп жатса, кезекші бөлімге сигнал түседі. Бұл сигнал мал иесіне де барады. Алайда, иесімән бермей жатса, біз оның ұялы телефонына хабарласып, малдың бетімен кетіп бара жатқанын ескертеміз. Мал ұрлығының алдын алудың бірден-бір тиімді тәсілі осы болып тұр.
Малды чиптеу, идентификациялау мәселелері де күн тәртібінен түскен емес. ӘҚБтК-те 406-баппен осы жұмыстармен дер уақытында айналыспаған азаматтарды жауапкершілікке тарту қарастырылған. Шынында, мал ұстағаннан кейін оған жауапкершілікпен қарау керек. Мал иесі төрт түлікке сырға таққызған болса, мал жоғалған жағдайда оны табу да оңай болады. Ал тұрғындар төрт түліктеріне бас-көз болмайды, оның басын да санамайды. Мал санын жасырып, ертең өздері сан соғып қалады.
Бүгінде Оскаровка ауданында мал ұрлығы фактілерінің төмендеуі байқалады. Былтыр осы мерзімде 9 мал ұрлығы тіркелсе, биыл 7 факт. Оның екеуі сотқа жөнелтілді. Мал ұрлығының алдын алу үшін Жергілікті полиция қызметімен бірлесіп, әкімшілік құқық бұзушылықтарды анықтаймыз. Бүгінгі күні 1421 әкімшілік құқық бұзушылық анықталды. Деседе, мал ұрлығы қылмысының ашылу деңгейі көңіл көншітпей отыр. Тұрғындар төрт түліктерінің ұрланғаны жайында кеш хабарлауы салдарынан қылмысты жедел ашуға мүмкіндік азаяды.
Мал ұрлығы белең алатын кезең – күз және көктем мезгілдері. Жаз бойы жайылымда жүрген мал семіріп, қораға байланатын кезде қаскөйлер оны қағып түсіреді. Мал иелері жануарды қар түскенше жайып, жем-шөпті үнемдеймін деп жүріп, төрт түлігін ұрылар қалай үптеп кеткенін байқамай қалады. Сосын ауыл тұрғындарының көбі малдарын табынға қосуға ақшаларын аяйды да, жайылымға қараусыз қоя береді.
Тағы бір айта кетерім, ауданда пәтер ұрлығы мәселесі өршіп тұр. Бүгінгі күні 19 пәтер ұрлығы тіркелген. Оның 9-ы сотқа жіберілді. Пәтер ұрлығының 5 фактісі ашылмай отыр. Жалпы, бұл санаттағы қылмыстардың ашылу көрсеткіші 70 пайызды құрайды. Оның ашылмау себебі, пәтер иелері ұзақ уақытқа үйлерін қараусыз қалдырып кетеді.
Ұрлық-қарлықтың көбеюі халықтың әлеуметтік жағдайының әлсіреуінің көрінісі деп ойламайсыз ба?
–Әлеуметтік тұрмыстың түзелмеуінің ұрлық-қарлықтың өршуіне тікелей болмаса да жанамалай қатысы бар. Тұрмыс түзелмей, тәртіп орнамайды. Алайда, біздің міндет – қайткенде де ұрлықтың жолын кесу, болдырмау. Осы мақсатта аудан, ауылдарымызда шағын кәсіпкерлік иелеріне сақтық шараларын сақтауға кеңес береміз. Мысалы, дүкен иелеріне ғимаратты техникалық нығайту жұмыстарын жүргізу, яғни темір тор, бейнебақылау камераларын орнату керектігін ескертеміз.Оның үстіне, бүгінде ауданымызда бейнебақылау камералары атымен жоқ.Сол себепті де, бірнеше рет аудан әкіміне сұраныспен шықтым. Соның нәтижесінде, биыл олар мемлекеттік-жекеменшік серіктестікаясында ауданға 150 шақты бейнебақылау камерасын орнатпақшы. Бұл камералар шілде немесе тамыз айындаіске қосылады.
Қазір полиция қызметкерлері қылмысты жедел әрі ізін суытпай ашуда осы бейнебақылау камераларының көмегіне жүгінеді. Ал аудан полицейлері қызмет барысында заманауи технологияларды пайдалана ма?
– Осакаровка – ауданға қарайтын елді мекендермен салыстырғанда, адамдар көп шоғырланған мекен. Мысалы, жалпы аудан бойынша 34 мың адам тұратын болса, оның ішінде ең ірісі Молодежный ауылында шамамен 6 мың адам шоғырланған және Осакаровкада 8 мың тұрғын бар. Мұнда бірнеше мектеп, ұйымдар, кәсіпкерліктер орын тепкен. Сол себепті, әкімнен аудан бойынша бейнебақылау камералары орнатылған жағдайда ІІБ-нің бес бірдей учаскелік полицейлерінің қолдарына планшеттер беруді сұрадым. Олар сол қолдарындағы планшеттер арқылы қай аумақта құқық бұзушылық орын алғанын біліп отырулары керек. Қалалық полицейлердіңосы планшеттермен хаттама толтырып, қызметте қолданып жүргендеріне біраз болғаны белгілі. Біз де соған қол жеткізуіміз қажет. Планшеттер бірінші кезекте учаскелік полицейлерге берілуі тиіс.
Бұдан бөлек, «Е-қылмыстық іс» жобасы аясында Осакаровка аудандық ІІБ-інде арнайы шыны кабинет аштық. Бұл кабинет талаптарға сай жасақталды. Онда екі бейнебақылау камерасы орнатылды, екі үстел қойылды. Сонда да әлі толық жабдықталған жоқ. Негізінен, «Е-қылмыстық іс» жобасы бойынша Молодежный ауылында тағы бір электронды қылмыстық істерді тергеу кабинетін ашу жоспарлануда.
Ауданға қарасты елдімекен полицейлеріне жұмыс жағдайы жасалған ба?
– Жалпы, Осакаровка ауданында оң шешімін күткен мәселе көп.Ол даәлі біржақты шешілген жоқ. Учаскелік инспектордың жұмыс орны, материалдық-техникалық база, көлік құралымен қамтамасыз ету мәселелеріне жергілікті атқарушы органдар түсінушілікпен қарайды.Ауыл округтерінің әкімдері учаскелік полиция инспекторларының жұмысын ұйымдастыруға тиісті көңіл бөліп отыр. Барлық ауыл-аумақтарда учаскелік полиция пункттері бар. Бүгінгі күні учаскелік полиция пункттерінде полицейлерге мейлінше жағдай жасалып отыр. Жұмыс істеуге компьютерлер берілген. Бірақ, интернетке қосылмаған. Қызметтік көліктері де бар.
Екінші мәселе – ауылдық жерлерде жұмыс істейтін учаскелік инспекторлардың білім-біліктілігі, кәсіби деңгейі. Мен оларға үнемі жергілікті полиция қызметін реттейтін заңды жатқа білулері керектігін айтамын. Ертең жұртшылық учаскелік инспектордың кәсібилігіне күмән келтірмес үшін біліктіліктерін арттыруға көңіл бөлулерін талап етемін. Олардың барлығын осында жинаған кезде заңдық білімдерін тексеріп отырамын. Олар барлық заңдарды білулері үшін аптаның әр күнін тергеушілер, жергілікті полиция және т.б. күні деп бекітіп, сол күндері бұл қызметтерге қатысты бұйрықтар, заңдарды, қағидаттарды сұрап, білімдерін тереңдетіп отырамын. Біріншіден, мен оларға өзім үлгі бола білуім керек. Сол себепті де, олардан бірдеңе талап етпес бұрын өзімнің білетінімді көрсетуге тырысамын.
Бұл лауазым басшылық қызметтегі алғашқы тәжірибеңіз бе?
– Иә, расымен де басшылық қызметтегі алғашқы тәжірибем. Осыған дейін 11 жыл Теміртауда қызмет еттім. Оның 7 жылында Теміртау қалалық ІІБ бастығының тергеу бойынша орынбасары болдым. Осакаровка аудандық ІІБ бастығы лауазымында қызмет етіп жүргеніме 4 жыл болды. Сол аралықташама-шарқым келгенше ғимараттың жөндеу жұмыстарын жүргіздім, жылу жүйесін жөндеткіздім. Ғимараттың іші-сыртын айнадай қылып, полиция қызметкерлері отыратын ғимаратқа лайықты етуге күш салдым. Қызметке жаңадан келген жылы аудандық бөлімнің мұражайын құру туралы бұйрық шығарып,сол күннен бері алдағы уақытта ашылатын музейге экспонаттар жинай бастадық. Сол үшін аудандық бөлім қызметтері арасында үш айда бір музей экспонаттары байқауын өткіземін. Осы үш жылда 100-ден артық экспонат жиналды. Бұл музейді биыл қылмыстық іздестіру қызметінің 100 жылдығына орай ашқымыз келіп отыр.
Биыл қылмыстық атқару қызметіне 100 жыл толып отырғанын білесіздер. Соған орай, «100 жыл – 100 іс» акциясын қолға алдық.Тағы бір айта кететін жайт, аудандық бөлім алаңында ескерткіші орнатылған қос батырымыз – Генадий Карапди және Беслан Аушевтың қаза болғанына 30 жыл толуына орай, «Операция «Гром» илиПуть бессмертия» деректі фильмін түсірдік. Шынайы оқиғаны баяндайтын фильмге оқиға қатысушылары түсті.
Аудан бойынша құрылымда кадр тапшылығы мәселесі туындап отырған жоқ па?
– Қазір Осакаровка аудандық ІІБ-інде 20 бос жұмыс орны бар.Кадр қажеттілігі өткір тұрған жоқ, десе де тапшылығы сезіледі. Жергілікті полиция, Тергеу, Ювеналдық полиция қызметінде бос орындар бар. Біз ол орындарға қызметкер алу үшін интернет ресурстарға, жергілікті газеттерге хабарландыру береміз. Мектеп оқушыларына ашық есік күндерін өткізіп, келешекте ішкі істер органдарына қызметке тұруға үгіттейміз. Кадр мәселесін осылайша шешуге тырысамыз.
Бүгінгі таңда ІІМ тарапынан да қызметті тартымды ету үшін бірталай игі істер атқарылып жатыр. Алайда, кадрдың тұрақтамауы бізге де тән болып отыр.
Келе жатқан кәсіби мереке – Полицейлер күнін қалай атап өтесіздер?
– Полицейлердің кәсіби мерекесінде қызмет ардагерлерін бөлімге алдыртып, оларға құрмет көрсетеміз. Бізде аудан бойынша ішкі істер органдарының 75 ардагері бар. Былтыр барлығының басын бріктіріп, мереке сыйламақ болып едік. Алайда, олардың тең жартысы ғана келе алды. Мерекеде ең басты марапат соларға тапсырылады. Көңілдерін көтеріп, концерттік бағдарлама ұсынамыз. Табиғат аясына алып шығамыз. Ішкі істер органдары ардагерлерін ардақтау – біздің парызымыз. Себебі, олар қызметтің қалыптасуына көп еңбек сіңірген ардақты азаматтар.
– Сұхбатыңызға рахмет!

Сұхбаттасқан Жадыра МЫРЗАХМЕТ

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*