Антыма адалдық мені алға жетелейді

Ішкі істер органдарындағы әр қызметтің өз қыры мен сыры бар. Сырт қараған жанға қарапайым болып көрінгенімен, жоғары жауапкершілік пен асқан қырағылықты қажет ететін күзет полициясы – ішкі істер органдарының қоғам тыныштығы мен қауіпсіздіктің сақталуына зор үлесін қосып отырған салаларының бірі. Осы орайда, біз Астана қаласы Мамандандырылған күзет қызметі басқармасында ширек ғасырдан астам (26 жыл) қызмет атқарып келе жатқан полиция подполковнигі Марат Амреновпен сұхбаттасқан болатынбыз.
Марат Сатпайұлы, алдымен стратегиялық және аса маңызды мемлекеттік обьектілердің қауіпсіздігі мен қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етіп жүрген Астана қаласы МКҚБ-на жүктелген негізгі міндеттер жайлы айта кетсеңіз…
– Біздің негізгі мақсатымыз – Үкімет қаулысына сәйкес елордамыздағы аса маңызды мемлекеттік, стратегиялық және тіршілік көзін қамтамасыз ететін объектілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Сонымен қатар, бізге сеніп тапсырылған объектілерде ұрлық, заңсыз кіру, тыйым салынған заттарды алып өтудің жолын кесу және қылмыстық қол сұғушылықтардың алдын алумен қатар, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету міндеті жүктелген. Бұдан басқа, жергілікті ішкі істер органдарымен бірлесе отырып, полицияның кешенді күштерінің құрамында Астана қаласы бойынша қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету іс-шараларына қатысамыз.
Ішкі істер органдарының әрбір қызметкері полиция қызметінің мемлекеттік қызметтің айрықша бір түрі екенін түсіне білуі қажет. Қазақстан Республикасының Конституциясын және заңнамаларын сақтап, антына адал болуы керек.
Бүгінде Астана қаласы Мамандандырылған күзет қызметі басқармасында қандай жұмыстар атқарылып жатыр?
– Біздің мекемені осыған дейін соңғы екі жылда полиция полковнигі Оңал Бекеев басқарды. Өз ісіне мығым, білікті маман мекеме тізгінін қолға алған 2 жылдың ішінде көптеген игілікті істерге қол жеткізді. Бұны біз күнделікті өз көзімізбен көріп жүрміз. Мекеме басшысының ұйымдастырушылық, жоспарлау және басқарушылық қабілеттерінің, сондай-ақ, ерінбей еткен еңбектің нәтижесінде біздің мекемеде қаншама жұмыстар атқарылды.
Біз орналасқан әкімшілік ғимарат ескі болғандықтан, мекемеге бөлінген шаршы аумақты тиімді пайдаланудың нәтижесінде қаншама жөндеу жұмыстары жүргізілді, жеке құрамға кәсіби даярлық сабақтарын өткізуге арналған сынып залы, психологиялық релаксация кабинеттері, талапқа сай саптық алаң, қару-жарақ қоймалары және қызметтік бөлмелер бой көтерді.
Бұдан бөлек, ғимаратымызға талапқа сай қоршау орнатылып, шатыр салынды және Астана қаласының әкімдігі арқылы қызметтік автокөліктер пайдалануға берілді, сондай-ақ, қажет болған жағдайда жеке құрамды «Жинал» дабыл белгісі бойынша жедел жинау үшін байланыс телефондары іске қосылды.
Жеке құрамды нысандық киіммен қамтамасыз ету және оларды қызмет орындарына жеткізу ретке келтіріліп, қызметті ұйымдастыруға жағдай жасалды.
Біздің мекеме бастығының орынбасары, полиция майоры Оралбек Омаров өзі жас күнінен спортпен шұғылданған. Сол себептен, мекемемізде спорттық және қоғамдық іс-шаралар үнемі ұйымдастырылып тұрады. Республика деңгейінде біздің қызметкерлер әртүрлі жарыстарға қатысып, алдыңғы орындардан көрініп жүр.
Сіздің осы салада қызмет атқарғаныңызға ширек ғасырдан астам уақыт өтіпті. Бұл қызметке келуіңізге кім себепкер болды?
– Мен 1992 жылы әскери борышымды өтеген соң, бұрынғы Ақмола облыстық Ішкі істер басқармасына қарасты күзет қызметінде, бүгінгі Астана қаласы Күзет полициясында 6 айлық тәжірбиеден өтіп, қызметке қабылданған болатынмын. Полиция кіші сержанты арнаулы атағынан полиция подполковнигі шеніне дейін қол жеткіздім. Әкем марқұм Сатпай – әскери салада 30 жылдан астам уақыт қызмет атқарған азамат. «Әке көрген оқ жонар» демекші, мен де әке жолын таңдадым және осы салаға келуіме сол кісі бірден-бір себепкер болды.
Сізді бұл қызметте алға жетелейтін не?
– Ішкі істер органдарына қызметке орналасып, ант берген соң, құрметті демалысқа шыққанға дейін Антыма адал болып қызмет атқаруды алдыма мақсат етіп қойдым. Мені алға жетелейтін – осы Антыма адалдық. Осы мақсатым айқын болған соң, ерінбей еткен еңбектің нәтижесінде бөлімше командирі, взвод командирі, рота командирі лауазымдарын абыроймен атқарып, бүгінде батальон командирі лауазымына көтерілдім. Қазіргі таңда маған 300-ге жуық полицей сеніп тапсырылған. Осы артылған сенімді ақтау мақсатында жеке құраммен тынбай еңбек етіп келемін.
Жеке құрам арасында қызметтік тәртіпті және заңдылықты сақтау бойынша атқарылған жұмыстардың нәтижесінде, бүгінде төтенше оқиғаларға жол берілген жоқ. Менің осы қызметім басшылық тарапынан жоғары бағаланып, «Ішкі істер органдарының үздік қызметкері», І, ІІ және ІІІ дәрежелі «Ішкі істер органдарындағы мінсіз қызметі үшін» төсбелгілерімен, «Қазақстан полициясына – 20 жыл», «Қазақстан полициясына – 25 жыл», «Құқық тәртібін қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін» медальдарымен және бірқатар алғыс хат, грамоталармен марапатталдым.
90-жылдардағы күзет қызметімен қазіргі Күзет полициясын салыстырғанда, қандай айырмашылықтар бар?
– Рас, 90-жылдары халықтың жағдайы қиын болды. Кеңес Одағы ыдыраған кезең еді. Ол кезде бүгінгідей қызметтік көліктер жоқ. Біз «Орал» мотоциклімен, уазиктермен жүретінбіз. Қызметтік киім де тапшы еді. Өзіміз тапсырыс беріп тіктіретінбіз. Қала аумағы бойынша барлық дүкендерді, дүңгіршектерді, сауда орталықтарын күзететінбіз. 7-8 ай жалақымыз берілмеген қиын кездер де болды. Жалақының орнына азық-түлік, киім-кешек беретін.
Ал бүгінгі полицияның жағдайы жақсы, еңбекақы уақытылы, спорт кешендерінде тегін шұғылданады, полицияның жаздық, қыстық киімдерімен тегін қамтамасыз етілген. Сондай-ақ, жұмыс орнына оларды апару, әкелу мемлекет тарапынан тегін. ІІМ-нің емханасында полицейлерге және олардың отбасы мүшелеріне тегін дәрігерлік көмек көрсетіледі.
Былтырдан бастан тәртіп сақшыларының жалақысы 25%-ке өсті. Тек бір айта кететін мәселе, біздің басқармада қызмет атқаратын жеке құрамның 80%-і республикамыздың әртүрлі өңірлерінен келген. Солар үшін баспана мәселесі қиындық туғызады. Алдағы уақытта бұл да өз шешімін табады деп ойлаймын.
Отбасыңыз туралы айтып өтсеңіз. Балаларыңыздың ішінде сіздің жолыңызды жалғастырғысы келетіндер бар ма?
– Отбасымда 1 ұл, 1 қыз тәрбиелеп отырмын. Әйелім Айгүл медицина саласында қызмет атқарады. Ұлым Тимур анасы секілді дәрігер болуды армандап, медициналық колледжге түсуді жоспарлап жүр. Қызым мен секілді құқық қорғау органдарында жұмыс істеуді мақсат етіп, «Тұран» университетін заңгер мамандығы бойынша аяқтады.
Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Ақжан РҮСТЕМБЕКҚЫЗЫ,
суретті түсірген Бек ИМЕКЕШОВ

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*