Гүлжиян ЕРЕНОВА: Берікжанды барша қазақтың ұлы санаймын

Радикалды теріс діни бағыттағы топтардың мақсаты – діни сауаты төмен жастарды өз қатарларына қосып, ел ішіне іріткі салу. Бірақ, мұндай Отанына опасыздық жасайтын жандардың әрекеті құзырлы органдардың, қала берді тыныштықты күзеткен әскерилер мен тәртіп сақшыларының әркез бақылауында.
Мемлекеттің дінге қарсы келмейтіні – ақиқат. Алайда, ұстанған бағыты күмәнді, берер ақыл-кеңесі күдікті кез келген радикалды бағыттағы діни ұйымдардың жетегіне еру – соқыр сенімге ие болғанмен бірдей. Дін саласындағы саясаттың маңызды бағыты да теріс діни ағымдардың қызметіне тосқауыл қою болып табылады.
Бүгінгі бейбіт заманның өзінде қара жамылып бүркенген, бет-аузын тұмшалаған, сақалын салақұлаш жіберіп, балағын кескен қыз-жігіттерді көрсек, бойымызды үрей билейтіні жасырын емес. Ата-бабамыз салып кеткен сара жолға, салт-дәстүрімізге сүйенсек, бұл – біздің ұлтымыз үшін жат құбылыс. Үрейленбейін десең де, осындай пиғылы жат, отаншылдық сезімнен жұрдай адамдардың қолымен жасалған түрлі әрекеттер секемшілдігімізді сейілтпейді.
Осыдан екі жыл бұрын, яғни 2016 жылғы 5 маусымда қаруланған лаңкестік топ Ақтөбе қаласындағы екі қару-жарақ дүкені мен 6655 әскери бөліміне шабуыл жасады. Әскери бөлім аумағына басып кірген лаңкестерге әскери қызметшілер тойтарыс беріп, шынайы отансүйгіштіктің, батылдықтың, батырлық пен қайсарлықтың үлгісін көрсетті.
Шабуылға қарсы тұру барысында үш әскери қызметкер қаза болып, бірнешеуі әртүрлі деңгейдегі жарақат алды. Сөйтіп, олар Отан үшін өз жандарын құрбан етіп, соңына дейін батылдықпен әскери борыштарын орындады. Қаза тапқандардың бірі – жерлесіміз, 6655 әскери бөлімнің 2-атқыштар ротасының кіші сержанты Берікжан Қалиев. Ол қаза тапқаннан кейін, көрсеткен әскери ерлігі үшін 2016 жылдың желтоқсан айында Елбасының Жарлығымен 3-дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталды.
1978 жылы Батыс Қазақстан облысы, Жәнібек ауданына қарасты Жақсыбай ауылында дүниеге келген Берікжан Ерланұлы мектепті 1995 жылы тәмамдады. Ата-анасы Ерлан Төлегенұлы мен Гүлжиян Төлеқызы – тату-тәтті отбасының ынтымағын сақтап, өз еңбектерімен балаларын жетілдірген қарапайым адамдар. Берікжан – отбасында бес перзенттің ортаншысы. Алдындағы екі ағасының ізінен ерген, қарындасы мен інісіне қорған болған арыстай азаматтың соңында төрт баласы қалды. Гүлайна, Мейіржан, Әділ, Гүлдана есімді ұл-қыздарының тұңғышы 14-ке келсе, кенжесі – төрт жаста.
Берікжан 1997 жылы Батыс Қазақстан облысы, Жәнібек аудандық қорғаныс істері бөлімінен мерзімдік әскер қатарына шақырылып, 1999 жылы әскери борышын абыроймен өтеді. 2001 жылы Берікжан мен Нұрсұлу ауылда шаңырақ көтерген үлгілі жас отбасылардың бірі болды. Ол кезде Берікжан туған ауылында әкімдікте жұмыс істейтін. Орта мектепті жаңадан бітірген Нұрсұлудың жүрегін жас жігіт бірден баурап алады. Ақыры, екеуі бас қосып, кейінгі өмірге қадам басады.
Әскерден келгеннен кейін ауылда жұмыс жасаған ол 2005-2007 жылдары Ақтөбе өңіріндегі Мұғалжар стансасындағы ұсақ тас шығаратын зауытта еңбек етеді. Ал 2008 жылдан бастап әскери салаға ауысқан Берікжан соңғы демі таусылғанша сол өңірдегі №6655 әскери бөлімнің 2-ші атқыштар ротасында келісімшарт бойынша өз міндеттерін мінсіз атқарды.
Қанды оқиға болған кезде Берікжан лаңкестерді әскери бөлімдегі қару-жарақ қоймасына өткізбеу үшін барынша әрекет еткен. Бейбіт күннің антына адал батыр ұлы ретінде отандастарының есінде қалған жерлесіміз осылайша елінің тыныштығы үшін жанын қиды. Ел ішіне іріткі салғысы келетін қаскөйлерге халқының қауіпсіздігін сақтайтын ерлердің бар екенін дәлелдеді.
– Ұлым Отан алдындағы борышын адал атқарды. Берікжан менің ғана емес, барша қазақтың ұлы деп санаймын. Баламның еңбегін бағалап, 3-ші дәрежелі «Айбын» орденімен марапаттады, әскери бөлімде ескерткіш белгі орнатты. Соған атсалысқан барша азаматтарға аналық рахметімді айтамын. Менің басыма түскен қазалы қайғыны ешбір ананың басына бермесін. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын, – дейді анасы Гүлжиян Төлеқызы.
Берікжанның анасына Отан қорғау жолында опат болған перзентінің қазасы оңайға соқпады. Бүгінде ол ұлының көзіндей болып оның артында қалған төрт немересін көз қуанышына балайды.
– Берікжаным кішкентайында мінезі жуас, елгезек бала болды. Қоғамдық жұмыстардың ортасынан табылатын еді. Ал әскери қызметкер болуды жастайынан армандайтын. Кейін әскерде азаматтық борышын өтегеннен кейін сол арманы орындалып, әскери қызметкер атанды, – деп есіне алды Гүлжиян ана.
Берікжанның 5-сыныпта оқитын ұлы Мейіржан әкесі секілді әскери адам болғысы келеді екен. Немересінің әке жолын қуып, елі үшін қызмет еткенін әжесі де қалайды.
Кіші сержант Берікжан Қалиев пен басқа да жаужүрек жауынгерлердің ерлігін Ұлттық ұланның жеке құрамы әр кезде мақтанышпен еске алады.

«Батыс» өңірлік қолбасшылықтың баспасөз қызметі

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*