Департамент құрамасы дес бермеді

Оңтүстікқазақстандық мемлекеттік қызметшілер арасында марафон жарысы ұйымдастырылып, оған қатысқан облыстық ІІД қызметкерлері І орынды иеленді.
16 маусымда Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі өңіріміздегі балалар үйлеріне қаржылай көмек беру мақсатында «Алға басу – движение вперед» қайырымдылық жарысын өткізді. Оған Оңтүстік Қазақстан облысы мекемелерінің 350-ден астам мемлекеттік қызметшісі қатысты.
Мемлекеттік қызмет жүйесінің 20 жылдығы және «Мемлекеттік қызметкерлер күні» мерекелері қарсаңында ерлер мен әйелдер арасында жүгіру спортынан өткен сайыста қатысушылар жас ерекшеліктеріне қарай 5 топқа бөлінді. Олар – 25-31 жас, 32-39 жас, 40-49 жас, 50-59 жас және 60-69 жас аралығындағы спортшылар.
Тартысты өткен жарыс барысында әйел қызметкерлер 1,5 шақырым қашықтықта жүгіріп, нәтижесінде Оңтүстік Қазақстан облыстық ІІД қызметкерлері арасынан Тылды қамтамасыз ету басқармасының бас маманы Мөлдір Сейденова (25-31 жас), Мемлекеттік тіл және ақпарат басқармасының жетекші маманы Ақмаржан Мырзахметова (32-39 жас), Кадр жұмысы басқармасының бас маманы Гүлжазира Қасымова (40-49 жас) топ жарып, мәре сызығын бірінші болып аттады.
Сонымен қатар, Мемлекеттік тіл және ақпарат басқармасының мұғалімі Жансая Есенбаева өз қатарластары арасында үшінші орынды қанжығалады.
Оңтүстікқазақстандық мемлекеттік қызметкерлер арасындағы жарыстың қорытындысы бойынша жалпы командалық есепте облыстық ІІД-нің қызметкерлері І орынға лайық деп табылды.
Айтып өтейік, 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне орай өңіріміздің мемлекеттік қызметшілері балалар үйлеріне қаржылай көмек беру мақсатында 11 миллион теңгеден астам қаржы аударған.

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*