Жұмабаев ауданы – жеңіс тұғырында

Петропавл қаласының №1 Өрт сөндіру бөлімінде облыстық білім басқармасы мен Солтүстік Қазақстан облысы ТЖ департаментінің ұйымдастыруымен облыстық жас құтқарушылар чемпионаты өтті.
Қатысушылар алдында сөз сөйлеген облыстық ТЖД бастығының орынбасары, азаматтық қорғау полковнигі Нұрлан Атығаев жас спортшыларға: «Сіздер – біздің болашағымызсыздар! Ертең сіздердің араларыңыздан құтқарушы мамандығын таңдап, біздің қатарымызға қосылатындар табылатынына сенімдімін», – деп ізгі тілегін жолдады.
Жарысқа Аққайың, Қызылжар, Мамлют, Шал ақын, Жамбыл, Есіл, Ғ. Мүсірепов, М. Жұмабаев және Уәлиханов аудандары мектептерінің 7-8 сынып оқушыларынан құралған 9 команда қатысты.
Сайыс «Визиттік карта», «Шақыру бойынша жиналу», «Құтқару дөңгелегін лақтыру», «Зардап шеккендерді эвакуациялау», «Кедергілер белдеуі» атты 5 кезеңнен тұрды.
Алты адамнан құрылған жас өрт сөндірушілер командалары барлық сынақтан сүрінбей өтті. Дайындықтары анық байқалды. Себебі, оқушылар бір ай бойы өздерінің тәлімгерлерінің тікелей басшылығымен жаттығып келген болатын.
Өртке қарсы қызмет қызметкерлерінен құралған төрешілер алқасы жалпыкомандалық есепте 1-орынды М. Жұмабаев ауданының «Кристалл» командасына берді. 2-орынды Шал ақын ауданының «Құтқарушылар» командасы еншілесе, 3-орын Уәлиханов ауданының «Сарбаздар» командасына бұйырды. Чемпионаттың барлық қатысушылары мақтау қағаздарымен марапатталып, бағалы сыйлықтарға ие болды.

Гүлмира ТҰЯҚ, Солтүстік Қазақстан облысы

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*