Есте қалар ерекше күн

Жуырда қалыптасқан дәстүр бойынша ІІМ Б. Бейсенов атындағы Қарағанды Академиясына 1978 жылғы бітіруші түлектері келді.
Сонау 1978 жылы оқуды аяқтағаннан кейін олар КСРО-ның барлық республикасына тарап кеткен болатын. Бірақ, арада 40 жыл уақыт өткеннен кейін алыс-жақын шетелдерден жиналып, Академияның қабырғасында қайта қауышып отыр.
Іс-шара Қарағанды Академиясының негізін қалаушы және бірінші басшысы, әділет генерал-майоры Б. Бейсеновтің ескерткішіне гүл шоғын қоюдан басталды.
Академия бастығы, полиция генерал-майоры Д. Кенжетаев сөз сөйлеп, 1974 жылы оқуға қабылданған барлық түлектерді құттықтап, мықты денсаулық және барлық жақсылықтарды тіледі. Сондай-ақ, түлектерді Ардагерлер кеңесінің төрағасы, отставкадағы ішкі қызмет полковнигі Ш. Макин қарсы алды. Арттарына үлкен өмір жолын қалдырған 1978 жылғы түлектер Академия аумағында өздерін қайтадан жас кезгідей сезініп, оқу аудиторияларын, спорт залды, казарманы аралап шықты. Самайларын ақ басқанымен, ішкі жан дүниелері курсант кейпіне енген полковниктер мен генералдар үрмелі аспаптар оркестрінің үнімен саптық алаңда маршпен жүріп өтті. Кездесу барысында түлектер өздерінің Академия қабырғасындағы жас кездерін, олардың тәрбиесінде елеулі орын алған офицерлер мен ұстаздарды еске алды.
Академия басшылығы алыс және жақын шетелдердің, республикамыздың түкпір-түкпірінен жиналған түлектерге қазіргі Академияның ұлғайып, қанат жайғанын мақтанышпен көрсетті. Түлектер спорт залды, мұражайды аралап шықты. Өздерінің түлек альбомдарынан фотоларын қарап, өмірлеріндегі ең керемет кезеңді еске алды. Заңсыз көші-қонға және адам саудасына қарсы күрес бойынша оқу орталығын, Академияның жауынгерлік және еңбек даңқы тарихи мұражайын аралап шықты.
Долинка кентіндегі оқу орталығына барғанда түлектер бастауыш кезеңдегі алғашқы қиындықтар олардың мінез-құлқына әсер етіп, қатаң тәртіп пен қызмет бабына бағынуға үйреткендігін және қызықты сәттерін еске алды.
Академия өзінің 1974 жылғы түлектерін мақтан тұтады. Олардың көпшілігі үлкен өмірлік, кәсіби жетістіктерге қол жеткізді, бұны олардың қатарындағы 5 генералдың болғандығы дәлелдейді. Бірақ, кездесу күні олар қырық жыл бұрынғыдай бір-бірімен тең дәрежеде болды. Түлектер олардың басын қосып және көптен күткен қарым-қатынастық қуаныш сыйлағандарға шын жүректен ризашылықтарын білдірді.
Бұл күн жиналғандардың жадында ұзаққа қалатыны сөзсіз!

Қарағанды Академиясының баспасөз қызметі

 

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*