Алаш әскерінен Ұлттық ұланға дейін

18 маусымда Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде Ұлттық ұланның әскери басылымдарының журналистерімен, баспасөз қызметі басшыларының қатысуымен республикалық жиын өтті.
Шарада Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар:рухани жаңғыру» мақаласындағы Отанды қорғау идеясын насихаттау бойынша қазіргі заманғы ақпараттық жұмыстың технологиялары туралы сөз болды.
Дөңгелек үстелге Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының тәрбие және әлеуметтік жұмыстар жөніндегі орынбасары, генерал-майор Мұхаметқали Сатов, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің оқу ісі жөніндегі проректоры Дихан Қамзабекұлы, Журналистика және саясаттану факультетінің деканы Қайрат Өмірбайұлы, деканның орынбасары мен кафедра меңгерушілері, Ұлттық ұлан Бас қолбасшылығы тәрбие және әлеуметтік оқу жұмыстары жөніндегі басқармасының бастығы, полковник Қанат Ерғалиұлы, ІІМ Мемлекеттік тіл және ақпарат департаменті баспасөз қызметі басқармасының бастығы Әлия Шермаханбетова қатысты.
Тілшілер қауымынан Қорғаныс министрлігі Ақпарат және коммуникация департаментінің үйлестіру жөніндегі басқармасының бастығы, полковник Ради Амангелдіұлы, Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің бастығы Аягөз Жанболатқызы, Ұлттық ұлан Тіл және саясат ақпарат бөлімінің бастығы, подполковник Әлішер Нұриденұлы, Ұлттық қауіпсіздік қызметі Шекара қызметі баспасөз қызметі бастығының міндетін атқарушы, капитан Денис Николаевич, әскери журналистика ардагері Жүніс Омар және Ұлттық ұланның «Бүркіт» журналы мен «Қалқан» басылымдарының бас редакторы Руслан Жангулин іс-шараға қатысты.
Жиын қазіргі заманға сай Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында әскери журналистиканың өзекті мәселелері және заманға сәйкес технологияларды дамыту арқылы әскери баспасөз басылымдарының жұмысын дамыту төңірегінде өрбіді.
Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының орынбасары, генерал-майор Мұхаметқали Сатов ұрпақты патриоттыққа тәрбиелеу, тілімізді насихаттау мен Ұлттық ұлан сарбаздарының жеткен жетістіктері, әскери журналистиканы дамыту туралы айтып, дөңгелек үстелді ұйымдастыруға үлес қосқан университет басшылығына алғысын білдірді.
Одан кейін еліміздің болашағы мен кемел келешегі үшін білімді жастарды даярлайтын оқу орнының проректоры, философия ғылымдарының докторы, профессор Дихан Қамзабекұлы жиынға қатысушылар мен әскери сардарларға университет шаңырағына келіп, маңызды шара өткізіп жатқандарына алғысын білдіре отырып, тәуелсіздікті қорғау, егемендігіміздің баяндылығын сақтаудың маңызды екендігін, әскерилер мен қоғамдағы азаматтардың бірігіп жасайтын жұмыстары, Ұлттық ұлан мен Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің арасындағы нығайған байланыс туралы баяндады.
ІІМ Мемлекеттік тіл және ақпарат департаменті баспасөз қызметі басқармасының бастығы Әлия Шермағамбетова жиынды ұйымдастырушыларға келешек ұрпақты тәрбиелеу жастардан басталатынын айта кетіп, осындай жиындарды университет студенттерінің арасында өткізуді ұсынды.
Журналистика және саясаттану факультетінің деканы Қайрат Өмірбайұлы Ұлттық ұланның сардарлары мен сарбаздары үшін баспасөз және ақпарат қызметкерлері күні қарсаңында ұйымдастырылып отырған шараның маңызы үлкен екенін айта кетті. Қазақ әскери журналистикасының Алаш әскерінен басталып, биылғы жылы әскери журналистиканың 100 жылдығы тойланатынын, факультеттің әскери журналистер даярлауға назар аудара бастағандығын атап өтті. Одан кейін «Қазақстан» ұлттық телеарнасындағы «Ақсауыт» әскери-патриоттық бағдарламасының продюсері Сәуле Кеңесбайқызы өз пікірі мен ұсыныстарын білдірді.
Дөңгелек үстел соңында генерал-майор Мұхаметқали Сатов Ұлттық ұланның Бас қолбасшысы Руслан Жақсылықовтың атынан Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің басшылығын алғыс хаттармен, «Қоғамдық тәртіп әскеріне – 25 жыл» кеуде белгісімен марапаттады.

Ақжан РҮСТЕМБЕКҚЫЗЫ, суретті түсірген Қанат КӨЛБАЕВ

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*