Қылмыс қайтсе қайталанбайды?

Қылмыстардың қайталануына қалайша жол бермеуге болады? Полицейлер, прокуратура, қылмыстық атқару жүйесінің қызметкерлері мен сотталғандар, шартты түрде мерзімінен бұрын босап шыққан адамдар қатысқан кездесудің күн тәртібінде осы мәселе қаралды.
Петропавл қалалық Ішкі істер басқармасында өткен жұмыс кездесуіне бұрын істі болған және шартты түрде мерзімінен бұрын босап шыққан облыс орталығының тұрғындары қатысты. Іс-шараның басты мақсаты – аталған азаматтардың жұмысқа орналасуын ұйымдастыру. Бұл үшін кездесуге жұмыс берушілер, негізінен құрылыс ұйымдарының өкілдері шақырылды. Олар өздерінде бар бос орындар туралы ақпаратты жеткізді. Сақшылардың айтуларынша, жұмысбастылық – қылмыстардың қайталануының алдын алудағы маңызды шаралардың бірі.
«Білімдері, кәсіби машықтары мен мамандықтары туралы мәліметтерді кәсіптерін табу үшін жұмыспен қамту органдарына жібереміз. Шартты түрде мерзімінен бұрын босап шыққан 100-ден астам солтүстікқазақстандық бүгінгі таңда жұмысқа орналастырылды», – дейді Петропавл қалалық ІІБ Жергілікті полиция қызметі бастығының орынбасары, полиция майоры Әлібек Ғабдуллин.
Әлеуметтік және психологиялық көмек, әкімшілік қадағалауды орнату, профилактикалық әңгімелесулер жүргізу – осының барлығы қылмыстардың қайталанбауы үшін полицейлер жүргізетін шаралар. Петропавл қалалық Ішкі істер басқармасында шартты түрде мерзімінен бұрын босап шыққан 185 адам есепте тұр. Сондай-ақ, есепте тұрғандар санатында бас бостандығынан айырумен байланысты емес жазаға тартылған 300-ден астам адам бар.

Солтүстік Қазақстан облыстық ІІД баспасөз қызметі

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*