Маңызды мәселелер көтерілген жиын

Көшедегі бейнебақылау камералары тәрбие құралына айналуы тиіс. Және қоғамдық тәртіпті бақылауда тек қала тұрғындары ғана емес, тәртіп сақшылары да қызметінде өнеге көрсетуі маңызды.
Атырау қалалық Ішкі істер басқармасының жедел басқару орталығында өткен заңдылықты сақтау, депутаттық этика, құқық қорғау мәселелері жөніндегі тұрақты комиссияның отырысында облыстық мәслихат депутаттары осындай пікірімен бөлісті.
Комиссия отырысы Амангелді Абдоловтың төрағалығымен өтті. Бейнебақылау камераларының қызметіне қатысты ЖБО бастығы, полиция подколковнигі Алтынбек Қайырлиевті тыңдап, жұмысына оң баға берген депутаттар отырысты ұсыныстарымен жалғастырды. Облыстық мәслихат депутаты Сайын Қуанышевтің пікірінше, жедел басқару орталығының камералары біржақты, яғни, атыраулықтарды жауапқа тартумен шектелмей, тәртіп сақшыларының қоғамдық орындардағы іс-әрекеттерін де қадағалауы маңызды. Қоғамдық тәртіп полиция мен тұрғындар арасындағы берік әрі сенімді қатынас орнағанда ғана күшейетінін айтқан Сайын Қуанышев, өзі сайланған Қызылқоға ауданындағы халық учаскелік полиция инспекторларымен етене жұмыс жасап отырғанын айтты.
«Алайда, жас полицейлердің этикасына жете көңіл бөлу керек», – деп депутат сайлаушыларының ескертулерін да жеткізді. Ол, сондай-ақ, Атыраудың енді басталатын аптапта Жайық жағасынан пана іздейтін азаматтардың өмірін қорғау, заңсыз жағажайларды болдырмау, ондағы тазалық мәселесін қозғады. Комиссия мүшелерінің барлық сауалдарына жауап қатқан Атырау облыстық ІІД бастығының орынбасары, полиция полковнигі Сұлтан Молдашев әр полицейде тәулік бойы бейнетаспаға түсіретін жетондар болатынын және бұл жаңашылдықтың тәртіпке баулуда көп көмегі барын айтты.
Бұдан бөлек, департаменттегі тәлімгерлер кеңесінің жастарға ықпалы зор. Адам өмірін қорғау – полицияның басты міндеті болғандықтан, бұл бағытта жүргізілген жұмыс нәтижелі. Биыл облыста тіркелген адам өліміне әкеп соғатын ауыр қылмыстар қатары сиреген. Десек те, Атырауда жүргізушілер мәдениетін қалыптастыру өзекті. Өйткені, апат – адам өмірін жалмайды не кемтар қылады. Жол қозғалысында жаяу жүргіншілердің де жауапкершілігі маңызды. Комиссия мүшесі Серік Идрановтың айтуынша, бүгінде такси қызметін біріздендіру қажет. Патент алу, жолаушыға сапалы қызмет көрсету мәселесі сын көтермейді. «Тіпті, аталмыш саладағы кейбір азаматтардың аса ауыр қылмыстарға бару дәйектері алаңдатады», – деп қорытындылады сөзін депутат.
Бұл ретте Атырау қалалық ІІБ ЖПҚ бастығы, полиция подполковнигі Ерлан Биғамбаев таяу күндерде «Такси» жедел алдын алу шарасы ұйымдастырылатынын жеткізді. Комиссия отырысын қорытындылаған Амангелді Абдолов полиция тарапынан ыждағаттылық пен жаңа әрі нақты ұсыныстар күтілетінін айтты.
Бұған дейін әкімшілік полицияның ұсынысы негізінде депутаттар биыл қалада 5 жаяу жүргіншілер көпірін салуға қажетті қаржы бөлуді мақұлдаған. Комиссия мүшелері алдағы уақытта да қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету үшін ІІД ұсыныстарын талқылап, маңызды мәселелерді қалың бұқараның қатысуымен өтетін жиындарда көтеруге дайын екенін жеткізді.
Отырыстың түйін сөзінде облыстық ІІД бастығының орынбасары Сұлтан Молдашев қаржыландыру мәселесінде ысырапшылдыққа жол бермеу маңызды деді. Айталық, бұдан бұрын облыстық мәслихат мақұлдап, әкімдіктің зор қолдауы нәтижесінде, қажеттілікке сай бюджет қаржысына сатып алынған 3 «Автоураган» автокөліктер кешені өзінің тиімділігін дәлелдеген. Тек биылдың өзінде мемлекетке берешегі бар 329 жүргізуші анықталған. Алайда, бұдан былай полицияның бүгінгідей зор техникалық жарақтандырылу деңгейін ескеріп, борышкерлерді анықтауға қомақты шығынды қажет ететін үлкен техникадан бұрын арзан әрі тиімді құралдар сатып алып, патруль жасақтарына қондыру тиімді.
Сондай-ақ, қалаға кіретін негізгі жолдар бойынан салынатын 4 жаңа полиция бекеті заманауи үлгіде жабдықталады. Яғни, айыппұл өндіретін терминалдар орнатылуы маңызды деді департамент өкілі. Өйткені, берешегі бар азаматтар көбіне уақыт тығыздылығын, төлем қабылдау орындарының тиімсіз қызметін алға тартады. Биылдың өзінде салынған айыппұлдардың тек 57% өндіріліп, қазынаға 217 млн теңге құйылған. Жаңа мүмкіндіктерді пайдалана отырып, департаменттегі жұмыс қарқындылығын арттыру – болашақ еншісіндегі басты міндет.

Атырау облыстық ІІД баспасөз қызметі

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*