Қалтқысыз қызметтің майталманы

Құқықтық тәртіп пен қоғамның қауіпсіздігі үшін уақытпен санаспай, күнделікті қызметте тер төге жүретін, өз міндетіне мінсіз берілген полицейлердің ісі қандай құрметке де лайық. Осы қызметтегі ерлермен қатар жүріп, ішкі істер саласына өз өмірін арнаған асыл жандардың бірі – Қарағанды қалалық ІІБ Ардагерлер кеңесінің төрайымы Күлғайша Әміржанқызы.
Күлғайша Әміржанқызы 1949 жылы 8 маусымда Қарағанды облысының Балқаш қаласында дүниеге келген. 1956 жылы сол қалада мектепке барып, 10 сыныпты бітірген. Кейін Байланыс техникумына радист мамандығына оқуға түседі. Оқуын үздік аяқтап, Балқаш кен-мыс зауытының Қоңырат руднигінде өз мамандығы бойынша жұмыс істейді.
1970 жылы Комсомол ұйымының жолдауымен Балқаш қалалық Ішкі істер бөліміне қызмет етуге жіберіліп, жұмысқа орналасады. Аталған жерде біраз жылдар еңбек етіп, екінші арнайы топқа ауысады. 1977 жылы Балқаш қалалық ІІБ қылмыстық іздестіру бөлімінің қылмыскерлер мен із-түзсіз жоғалғандарды іздестіру бөлімшесіне қызметке ауысады. Бұған қоса, жұқпалы аурудан емделуден жалтаратын тұлғаларды іздестірумен де айналысады.
1980 жылы Жезқазған қаласының Әлеуметтік жеке меншікті ұрлауға қарсы күрес бөліміне қызметке ауысады. Ол жерде 4 жыл қызмет атқарған соң, паспорт бөлімінің бастығы лауазымына бекітіледі. Бұл лауазымда біраз жыл қызмет атқарып, кейін Қарағанды қаласына көшіп келеді. Содан Саран қалалық ІІБ ҚІБ қылмыскерлер мен із-түзсіз жоғалғандарды іздестіру бөлімшесіне жедел уәкіл болып қызметке тұрады. Мұнда 3 жыл адал еңбек еткеннен соң, Михайлов аудандық ІІБ ҚІБ-не жедел уәкіл болып еңбек етті. Бұл жерде де 3 жылдан астам қызмет жасап, кейін Қарағанды қалалық ІІБ ҚІБ жедел уәкілі болып орналасты. 1994 жылы отбасылық жағдайына байланысты зейнеткерлікке шығады. 1996 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін, яғни 20 жылдан астам Қарағанды қалалық ІІБ Ардагерлер кеңесінің төрайымы.
Күлғайша Әміржанқызы өзінің еңбек жолында көптеген іс-шараларға қатысып, атыс жарыстарында, жауынгерлік сайыстарда бірінші орыннан көрініп, талай грамоталарға ие болған. Сонымен қатар, нәзік жанды қызметкер бола тұра қызмет ету жылдарында бірталай қылмысты ашқан. Оған мысал ретінде, Балқаш қаласында қызмет атқару кезінде баланы өлтіру қылмысын ашқанын, Михайлов ПБ қызмет атқарғанда өзінің қызметіне деген адалдығы мен тапқырлығының арқасында кісі өлтіргені үшін іздеудегі қылмыскердің мекенжайын анықтап, оны ұстауға себепші болғанын айтуға болады. Сонымен қатар, Жезқазған қаласының Педагогика институтының деканын сыбайлас жемқорлық қылмысы үшін ұстау ісіне қатысады. Ташкент, Душанбе қалаларына іссапарға аттанып, осы іс бойынша материалдар жинағын алып келіп, сотқа жолдайды және соның арқасында қылмыскер тиісті жазасын алды. Осындай қызметіне деген адалдығының, еңбекқорлығының арқасында ІІО қызмет атқару жылдарында «Мінсіз қызметі үшін» медаліне, «Қызмет үздігі» белгісіне, ал кейін Қазақстан полициясының 25 жылдығына арналған медальға және тағы да басқа марапаттарға ие болған.
Күлғайша Әміржанқызы қазіргі таңда аяулы ана, сүйікті әже атанса да, ішкі істер органдарында жас полицейлерге үлгі-өнеге болып, оларды отансүйгіштікке, адал қызметке үйретіп, ардагерлер кеңесіне әлі де еңбегін сіңіруде.

Әсемхан САҒАТҚЫЗЫ, Қарағанды қаласы

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*