Еңбегі елеулі ардагер

Адамды Алла жаратқанмен, айналасына шуақ шашқан жақсы адам болу әркімнің өзінің туабітті адами қасиетінен тамыр тартатыны анық. Шыр етіп жарық дүние есігін ашқан сәттен бастап, ана сүті, ата тәрбиесімен бойға шым-шымдап сіңетін жақсы қасиеттер – адамды ізгіліктің тұғырына шығаратын шамшырақ.
Біздің бүгінгі кейіпкеріміз Нұрлан Жақсылықов та осындай абыройлы асудан асып, бүгінде адал еңбегінің, жылдар бойы жинаған абыройының арқасында ұрпағына ұлағат үйретіп отырған ақсақал.
1937 жылы 30 қарашада бұрынғы Талдықорған облысына қарасты Қапал ауылында туып, өзін бүгінгідей құрметке бөлеген еңбек жолын Қапал халық сотының хатшысы болып бастаған болатын. Осы бір сұлу өлкенің бар сырына қанық болып өскен жас жігіт туған еліне еңбек сіңіруге құлшынды. Кеңес әскері қатарындағы борышын өтеп келген соң, талапты жастың талпынысын ескерген аудан басшылары Қапал аудандық атқару комитетінің нұсқаушысы, бөлім басшысы сияқты жауапты жұмыстарды сеніп тапсырды. Кеңес кезіндегі бір жақсы үрдіс – өзінің қабілетін таныта алған іскер жастарды ең жауапты сала – ішкі істер органдарына жіберетін. Нұрлан Нүсіпбайұлы да мұндай жауапты жолдан сүрінбей өтті. 1960-1964 жылдары Қапал аудандық Ішкі істер бөлімінде паспорт үстелінің бастығы болды. Өз ісіне тиянақты, қандай жұмыс болса да аяғына жеткізгенше тыным таппайтын қасиетінің арқасында аз уақыттың ішінде ел назарына ілікті. Жас та болса, жақсы істерге бас болып жүрген жігіттің талантын ұштайтын тағы бір жол – білім екенін жете түсінген аудан басшылары оның жоғары білім алуына ықпал етті.
1964 жылдың тамыз айында КСРО ІІМ-нің Алматы арнайы орта мектебінің тындаушысы болып қабылданғанда да ел ағаларының сенімін ақтауға деген сезімі басым еді. Ішкі істер органдарына білікті кадрлар даярлайтын оқу орнының талабы да қатты болатын. Сол бір жылдар Қазақстан экономикасының өркендеген жылдары екенін ескерсек, еліміздің жетістігіне ішкі тәртіптің қатаңдығы да зор ықпал етті деп сеніммен айтуға болады. Алматы арнайы орта мектебін бітіріп келген жас маманды тергеуші лауазымына тағайындаған басшылық арада үш жыл өткенде оны Алматы облысы Қоғамдық қауіпсіздікті күзету басқармасының аға тергеушісі қызметіне өсіреді.
Адам тағдырын шешетін тергеуші мамандығын жүрекпен сүйіп, жан-дүниеңмен беріліп атқармасаң, жетістікке жету мүмкін емес. Нұрлан Нүсіпбайұлының бойындағы мамандыққа деген осындай құрмет оны биікке жетеледі. Жетістігінің алғашқы баспалдағы – 1968 жылы Волгоград қаласында өткен Бүкілодақтық кеңеске қатысып, КСРО ІІМ-нің Құрмет грамотасымен марапатталуы десек артық айтқандық емес. Он бес одақтас республика тергеушілерінің ішінде топ жарып шыққан санаулы іскер мамандардың қатарынан орын алып, елге абыроймен оралды.
1969-1975 жылдары Талдықорған қалалық Ішкі істер басқармасы бастығының жедел жұмыс жөніндегі орынбасары лауазымын атқара жүріп, 1975 жылы КСРО ІІМ-нің Қарағандыдағы жоғары мектебін бітірді.
Нұрлан Жақсылықовтың басшылық іскерлігін дәлелдеген лауазымдардың бірі – Талдықорған облыстық ІІБ Ақпараттық орталығының бастығы болған жылдары. Бұл қызметті 1975 жылдың желтоқсанынан 1979 жылдың маусымына дейін атқарған Нұрлан Нүсіпбайұлының бұл салада да қол жеткізген жетістігі аз болмады. Мысалы, 1978 жылы Талдықорған облыстық ІІБ Ақпараттық орталығы республикада бірінші орынды жеңіп алып, Н. Жақсылықов Мәскеу қаласында КСРО ІІМ Бүкілодақтық Ақпарат орталығы өткізген бүкілодақтық кеңеске қатысты.
Бір сөзбен айтқанда, ол өзінің басшылық қабілетін қай салада болмасын дәлелдей алған абыройлы адам. Мәселен, 1979-1988 жылдары Андреев аудандық ІІБ-нің бастығы болып тұрғанда, ІІБ республикадағы ішкі істер органдарының арасында бірінші орын алып, осыған орай Н. Жақсылықов «КСРО ІІМ-не еңбек сіңірген қызметкер» төсбелгісімен марапатталды. Оның кеудесіндегі 20-дан астам марапаттаудың арасында «Еңбек ардагері» медалінің орны ерекше. Өйткені, бұл марапат Нұрлан Нүсіпбайұлының қиын да жауапты сала – ішкі істер органдарындағы ұзақ жылғы еңбегінің айнасы іспетті.

Гүлнәр МАҒЗҰМОВА

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*