Ел жүрегі – Астана, тірегі – сақшылар

14 маусымда ІІМ М. Бөкенбаев атындағы Ақтөбе заң институтының қызметкерлері арасында Қазақстан полицициясы күні мен Астананың 20 жылдығы мерекесіне орай институтішілік «Парасатты полицей» байқауы өтті.
Байқаудың мақсаты – ішкі істер органдары қызметкерлері арасында мемлекеттік тілді насихаттау, мемлекеттік тіл мәртебесін нығайта отырып, полиция қызметкерлерінің оң имиджін қалыптастыру міндеттерін жүзеге асыру, сондай-ақ, әріптестер арасындағы қарым-қатынасты, ауызбіршілікті нығайту.
Институт бастығы, полиция полковнигі С. Қаракүшев алғысөз сөйлеп, жиналғандарды келе жатқан Астана қаласының 20 жылдық мерейтойымен және Қазақстан полициясы күнімен құттықтап, қатысушыларға сәттілік тіледі.
Байқауға бес адамнан құралған барлығы 4 команда қатысты. Олар 3 кезең бойынша бақ сынасты. Атап айтсақ, «Айбынды полицейміз» атты сайыста әр команда өздерін таныстырса, «Бейбітшілік жүрегі – Астана, тірегі – сақшылар» атты көрініс сайысында қатысушыларымыз мемлекеттік тілдің және ішкі істер органдарында қызмет етудің мәртебесі мен жұмыстың ерекшеліктерін, сонымен бірге, елордамыз Астананың 20 жыл ішіндегі жетістіктерін сахналық көрініс арқылы көрсетті. Ал соңғы кезең – «Институт Әнұраны» деп аталатын ән сайысында өз Отанына, полиция қызметіне деген сүйіспеншілікті дәріптейтін, сондай-ақ, институт жетістіктерін паш ететін патриоттық сезімде шығарылған авторлық туындыларын орындады. Өз кәсібінің шеберіне айналған институт қызметкерлері байқауда бірінен-бірі өтіп, әр қырларынан көрініп, жан-жақтылығын, ізденімпаздылығы мен парасаттылығын танытты.
Қатысушылардың өнерін бағалап, төрелік еткен қазылар алқасының құрамында институт бастығының оқу ісі жөніндегі орынбасары, полиция полковнигі Д. Дәулетияров, Ардагерлер кеңесінің мүшесі С. Рзабеков, күндізгі оқыту факультетінің аға оқытушы-әдіскері, полиция майоры А. Галиуллина, кәсіптік және қосымша білім факультетінің аға оқытушы-әдіскері, полиция майоры Д. Төлеуов және мемлекеттік тіл және ақпарат бөлімшесінің бастығы Ж. Нұрмұхамбетова болды.
Олар жеңімпаз команданы анықтап қана қоймай, биылғы «Парасатты полицей» республикалық байқауына қатысатын институт командасының мүшелерін іріктеді. Сонымен, қазылардың шешімі бойынша бас жүлде, І орын, ІІ орын, ІІІ орын алған командалар анықталып, үздік өнер көрсеткен ойыншыларға «Үздік өнерпаз», «Сахна шебері», «Талапты полицей», «Сегіз қырлы бір сырлы», «Көрермен көзайымы» номинациялары тағайындалды. Аталмыш номинация иегерлері байқаудың шарты бойынша биылғы «Парасатты полицей» республикалық байқауына жолдама алды.
Сонымен қатар, қазылардың шешімі бойынша «Үздік» деп танылған авторлық ән институт Әнұраны болып танылуға ұсынылды. Жүлделі орындарға ие болған барлық командалар институт бастығының атынан дипломдармен марапатталды.

А. КАБИЕВА, Ақтөбе қаласы

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*