Қауіпсіздік – қоғам игілігі

Кеше Астанада Ішкі істер министрі, полиция генерал-полковнигі Қалмұханбет Қасымов тұрғындармен кездесіп, ағымдағы жылғы елдегі криминалдық жағдай және ішкі істер органдары жедел қызметінің нәтижелері туралы есеп берді.
Министр өз баяндамасында ел аумағында құқық бұзушылықтардың алдын алу, есірткі бизнесі және нашақорлықпен, қылмыспен күрес, экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл, қылмыстық атқару жүйесі мекемелерінде құқықтық тәртіп пен заңдылықты сақтау, пробация қызметін дамыту, төтенше жағдайлардың алдын алу және жою, сонымен бірге, өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстардың нәтижелері туралы жан-жақты мәліметтер ұсынды.
Енді сол айтылған жайлардың маңыздыларына жекелей тоқталсақ.

Қылмыс саны қысқарды
Министр өз сөзінде өткен жылмен салыстырғанда елімізде қылмыс саны едәуір азая түскеніне арнайы тоқталды.
– Былтырдан бастап қоғамда қылмыс саны кеміп келеді. Бұл барлық қылмыс түріне қатысты тенденция. Нақты айтар болсақ, олар 12%-ке азайып отыр. Оның ішінде тонау (15,2%-ке), зорлау (14,4%-ке), ұрлық (12,2%-ке), бұзақылық (19,6%-ке) қылмыстары бар. Қоғамдық орындар (11%-ке) мен көшелерде (11,9%-ке) қылмыстар аз жасалатын болды.
Дегенмен, бізді жеке басқа қатысты жасалатын ауыр және аса ауыр қылмыстардың азаймауы алаңдатып отыр. Соңғы бір жарым жылды алып қарайтын болсақ, қылмыскерлердің қолынан 3093 адам қаза тауып, 1430 адамның денсаулығына ауыр зиян келген.
Әлі де болса басқаның мүлкін ұрлау қылмыстары да азаймай тұр. Оның үлесі 67%-тен асады. Мына аймақтарда ұрлықтың көлемі одан да көп. Олар: Алматы қаласы (73,8%), Алматы, Ақтөбе (71,7%-тен), Ақмола, Батыс Қазақстан (70%-тен) облыстары.
Ұялы телефон ұрлау (16,1 мың) фактілері де аз емес. Ауылдық жерлерде мал ұрлығы (2 мың) жоғары, – деп атап өтті Қалмұханбет Нұрмұханбетұлы.

Есірткімен күрес – басты міндеттердің бірі
Министрдің айтуынша, бүгінде Қазақстанды ғана емес, бүкіл Орталық Азия аумағын алаңдатып отырған есірткі бизнесімен күрес – Ішкі істер министрлігі мен оның аумақтық бөліністерінің басты қызмет бағыты болып қала береді. Бұл салада жеткен жетістіктер де аз емес. Оған өткен және осы жылдары ішкі істер органдары қызметкерлерінің күшімен 4 мыңнан астам қылмыстың ашылғаны нақты дәлел.
– Біз үшін ең қауіптісі – ауған героині. Ол көрші елдер арқылы бізге транзитпен келіп, Ресейге, Еуропаға тасымалданады. Сарапшылардың есебі бойынша героиннің 10%-і транзит елде қалып қояды екен. Әрине, бұл жағдайдан біз шет қала алмаймыз.
Соныман қатар, қазіргі таңда еуропалық синтетикалық ескірткінің қаупі артып келеді. Диллерлер оларды интернет арқылы таратады және олардың трафигін анықтау оңай емес.
Бұл жағдайды өзіміздің шикізаттық база да қиындатып отыр. Ол – Шу алқабындағы қарасора. Ал оңтүстік аумақта, әсіресе, Қызылорда облысында адамдар «үнді қарасорасын» өсірумен айналысқан. Соңғы үш жылдың ішінде 154 плантация анықталып, 215 тоннадан астам қарасора тәркіленіп алынды. Осы мәселеге Мәжіліс депутаттарының назар аударуы тегін емес, – деп атап өтті Ішкі істер министрі.

Жасөспірім қылмысына жол жоқ
Есеп беруде айтылғандай, барлық мүдделі органдар мен ұйымдардың бірге жұмылуы нәтижесінде жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу бағытында үлкен жұмыстар жүргізілуде. Соның нәтижесінде соңғы 5 жылда жасөспірімдер арасындағы қылмыс санын тұрақты азайтуға қол жеткізілген.
Министр атап өткендей, осыған қарамастан, қоғамда жасөспірімдер қылмысы актуалды болып қалып отыр. Өткен жылы олар 3140 қылмыстық тәртіп бұзушылық жасаған. Жекелей атап өтер болсақ, адам өлтіру (27), қарақшылық (36), тонау (492) және өзге де ауыр қылмыстар бар.
Жас ерекшеліктеріне қарамастан, еліміздің кез келген азаматы жасаған қылмысы үшін жазадан бұлтара алмайды. Мәселен, осы есеп беру мерзімінде 3 мыңнан астам кәмелетке толмаған бала қылмыстық жауапқа тартылды (олардың 2489-ы немесе 79%-і – 16-17 жаста). «Аталған балалардың көп бөлігі қолайсыз отбасыдан шыққаны құпия емес», – деді еліміздің бас полицейі.
Ішкі істер органдарының қызметкерлері балаларды кез келген зорлық пен қылмыстық қол сұғудан қорғауға баса назар аударады. Олар балаларға қатысты жасалатын қылмыстардың алдын алу мен болдырмау бойынша шаралар қабылдап жатқанына қарамастан, ел ішінде әлі де болса мұндай жағдайлар кездесіп қалуда.
– Өткен жылдан бері кәмелет жасқа толмағандарға қатысты 2,9 мың қылмыс орын алған. Балаларға қатыгездікпен қарау фактілері бойынша (кәмелетке толмаған адамды тәрбиелеу жөнiндегi мiндеттердi, балалардың өмiрi мен денсаулығының қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету жөнiндегi мiндеттердi тиісінше орындамау) қылмыстық іс қозғалды, 1,5 мың ата-ана ата-аналық құқығынан айырылды, – деді полиция генерал-полковнигі Қалмұханбет Қасымов есеп беру кездесуінде.
Айта кетейік, осы жылды Ішкі істер министрлігі «Бақытты балалық шақты қорғау» жылы деп жариялаған болатын. Осыған орай, еліміздің әр өңірінде балаларға қатысты жасалатын қылмыстардың алдын алу бойынша іс-шаралар көптеп ұйымдастырылуда.

Сотталғандар еңбекпен қамтылуда
Еліміздің ішкі істер органдары қызметкерлері қоғамда қайта қылмыс жасау фактілерін болдырмау мақсатында алдын алу жұмыстарын ұдайы жүргізіп келеді. Осылай деген министр сөз арасында ІІМ-нің қылмыстық атқару жүйесі түзеу мекемелерінде жазасын өтеушілерді бостандықтағы өмірге дайындау бағытында да көп жұмыстар атқарылып жатқанын тілге тиек етті.
Бүгінде түзеу мекемелерінде ашылған 54 мектепте сотталғандар орта білім алып жатыр. Олар 48 кәсіби колледжде мамандық алуға оқытылады. Қылмыстық атқару жүйесінің өндірістік кәсіпорындарында металл және ағаш өңдеу өндірістері, құрылыс материалдарын шығару, тігін бұйымдарын және басқа да тауарларды өндіру жұмыстары жолға қойылған. Бұл жерлерде мекемелерде жазасын өтеп жатқан сотталғандар еңбек етуде.
Ішкі істер министрі Қалмұханбет Нұрмұханбетұлы колониялардағы қолға алынған игі істер қатарында сотталғандардың бостандыққа шыққаннан кейін қиындықтарға тап болмауы үшін жасалып жатқан шараларға да кеңінен тоқталды. Соның бірі – соңғы жылдары жедел дамып келе жатқан пробация қызметі. Оның мақсаты – сотталғандарды бостандықтағы өмірге дайындау және еңбекпен қамтып, тұрмыстық қажеттіліктерін шешуге көмектесу. Өткен жылы пробация қызметіне 59 мың адам тіркелгенін айта кету керек.
– Біз қылмыстық атқару жүйесінде пробация қызметін құрдық. Пробация қызметкерлері жергілікті атқарушы органдардың нақты қолдауымен түрмеден босатылған адамдарға білім беру, медициналық және басқа да әлеуметтік қызметтерді алуға көмектеседі.
Дегенмен, ол тек пробация қызметкерлеріне және учаскелік полиция инспекторларына ғана артылған жүк емес. Жергілікті атқарушы органдардың көмегінсіз бұл мәселе шешімін таппайды, – деді министр.
Сонымен қатар, есеп беру барысында қылмыстық атқару жүйесін ізгілендіруге бағытталған нақты шаралар да назардан тыс қалмады. Министрдің сөзінше, ізгілендірудің басты көрінісі – бас бостандығынан айырумен байланысты емес жазалау түрлерінің көбеюі.
Қалмұханбет Қасымов осындай ізгілікке бағытталған қадамдардың арқасында соңғы жылдары еліміздегі сотталған адамдар саны айтарлықтай азайғанын айтты. Мәселен, олар 2011 жылы 57 мың адам болса, қазір 35 мыңды құрап отыр. Бұл – жүргізілген жұмыстардың нәтижесі екендігіне шүбә жоқ.
Сонымен қатар, осыдан 15 жыл бұрын (2003 ж.) Қазақстан сотталғандар саны бойынша әлемдік рейтингте 3-орында болса (АҚШ пен Ресейден кейін), қазіргі таңда біз 78-орынға тұрақтағанымызды да бас айтып өтті.
Болашақта бас бостандығынан айырылған адамдар саны аз болғанымен, «бостандықта» жүріп, пробация қызметі мен учаскелік инспектордың бақылауында болатындар саны айтарлықтай көбеймек.

Қоғамдағы тәртіп – қауіпсіздіктің негізгі талабы
Елбасымыз қоғамдық орындарда жасалатын қылмыстар мен құқық бұзушылықтарға «мүлдем төзбеушілік» санасын қалыптастыру тапсырмасын жүктегені мәлім. Бұл ең алдымен осы іспен тікелей айналысушы құқық қорғау, соның ішінде ішкі істер органдары қызметкерлеріне артылған міндет.
Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымовтың есебінен байқағанымыздай, осы жылы былтырға қарағанда қоғамдық орындарда жасалатын құқық бұзушылықтар саны едәуір азайған. Бұған тәртіп сақшыларының аймақтарда құрылған Профилактика кеңесі, Қоғамдастық кеңестер, «Сақшы» жасақтары және тағы басқа құқық қорғау бағытындағы қоғамдық құрылымдармен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеуі себеп болса, екінші жағынан заманауи технологиялық құралдардың көмекке келуі де жағдайдың оңалуына септігін тигізіп отыр.
– Қазіргі дамыған заманда қоғамдық тәртіпті сақтау саласында бейнебақылау жүйесін пайдаланбау мүмкін емес, – деді Ішкі істер министрі. – Қазір еліміз бойынша қала көшелерінде барлығы 5900 бейнекамера орнатылған. Бірақ, бұл, әрине, жеткіліксіз.
Осыған қарамастан, камералардың көмегімен 933 қылмыс анықталып, 136 мыңнан астам әкімшілік тәртіп бұзушылыққа тосқауыл қойылды.

Қалмұханбет Нұрмұханбетұлы бүгінгі таңда бірқатар аймақта «Қауіпсіз аула» бағдарламасының сәтті іске асып жатқанын да тілге тиек ете кетті. Осы бағдарлама аясында қырық мың аула мен тұрғын үйге бейнекамералар қойылған. Бұл қадамдар ең алдымен қоғамды алаңдатып отырған ұрлық-қарлықтың жолына тосқауыл болмақ.
Аулаларға орнатылған аталған бейнебақылау камераларының бәрі кезекші бөлімдерге, учаскелік полиция пункттеріне қосылған. Нәтижесінде бейнекамералардың көмегімен үйлердің ауласында жасалған 500 қылмыс ашылып, 10,9 мың әкімшілік құқық бұзушылық анықталып отыр.
Ішкі істер министрі бұл салада, әсіресе, Солтүстік Қазақстан облысы нақты нәтижелерге жетіп отырғанын ерекше атап кетті. Бұл аймақта ауылдық жерлерге де бейнебақылау камералары орнатылып, олар толықтай учаскелік полиция пункттеріне жалғанған.

Жол қауіпсіздігінің жайы қалай?
Министр баяндамасынан байқағанымыздай, тек осы жылдың өзінде еліміздің аумағында 1 миллионнан астам жол ережелерін бұзу фактісі тіркеліпті. Бұл көп пе, аз ба? Дегенмен, Жергілікті полиция қызметі қызметкерлеріне жол үстіндегі тәртіпті қатайту бағытында жұмысты ширату керек-ақ.
Министр Қалмұханбет Нұрмұханбетұлы осы миллионнан астам ереже бұзудың үштен бір бөлігі жолдарға орнатылған бейнебақылау жүйесінің көмегімен анықталғанын атап өтті.
– Барынша қатаң әкімшілік тәжірибелер мен ұсынылған талаптарға қарамастан, жыл басынан бері жол-көлік оқиғаларында 456 адам қаза тапты. 5,5 мыңы жарақат алды. Бұл қайғылы жағдайлардың себебі – жүргізушілердің жол тәртібін сақтамауы.
Мысалы, жыл басынан бері 8 мың «мас» жүргізуші ұсталды. Сот шешімімен 11 мың тәртіп бұзған жүргізуші куәлігінен айырылып, 900-ден астам адам әкімшілік қамауға алынды, – деді министр.
Жол ережелерін бұзу фактілерінің алдын алуға бағытталған тиімді қадамдардың бірі – ел аумағында жол бойларына «Сергек» камералар жүйесінің орнатылуы. Жақын арада Астана әкімдігі осындай камералардың 400-ін жол қиылысына және 300 камераны жол бойына орнатпақ.
Қалмұханбет Қасымов, сондай-ақ, электронды әкімшілік өндірістің сынақтан өткізілгені және алдағы уақытта полиция қызметіне енгізілетіні туралы айтты. Ол үшін полиция қызметкерлерін кезең-кезеңмен дербес планшеттермен қамтамасыз ету жоспарлануда, олардың көмегімен хаттамалар толтырылып, құқық бұзушыларды және олардың көліктерін ІІМ базасының көмегімен тексеру жүргізілетін болады. Қазіргі күні 914 планшет тәртіп сақшыларының қолдарына берілген, олардың көмегімен 118 мыңнан астам хаттама толтырылды.

Көші-қон бақылауы назарда
Елімізге келетін шетелдік азаматтар саны жыл сайын артып келеді. Оған себеп – Үкіметтің шетел азаматтарының Қазақстанға келу және шығу, сондай-ақ, тіркелу тәртібін жеңілдету бойынша қабылдаған шаралары.
– ІІМ көші-қон легін бақылауды күшейтті. Өткен жылы елімізге 2,5 млн-нан астам шетелдік келіп қайтса, сондай мөлшердегі шетелдік азамат біздің еліміз арқылы өткен. 20 елдің азаматтары үшін визасыз келу тәртібі енгізіліп, 45 елдің азаматтары 30 тәулікке дейін визалық рәсімдерсіз және тіркеусіз жүре алады. Осындай жағдайлар полициядан көші-қон режимінің сенімділігін қамтамасыз етуді және заңсыз көші-қонға қарсы іс-қимылды күшейтуді талап етеді, – деді министр.
Өткен жылдан бері көші-қон заңнамасын бұзғаны үшін 141 мың шетел азаматы әкімшілік жауапқа тартылса, оның ішінде 17,6 мыңнан астамы елден шығарылған. Оларға заң бойынша Қазақстанға қайта келуге 5 жылға тыйым салынады.
Елімізге шетел, соның ішінде көршілес жатқан мемлекеттердің азаматтары көбінесе жұмыс істеу мақсатында келіп жататыны белгілі. Олардың осы мақсатпен елге келуіне қатаң талаптар қойылады. Бұл заңдылықтарды бұзғаны үшін шетелдіктер ғана емес, оларды жұмысқа заңсыз тартқан біздің жұмыс берушілер де заң алдында жауап береді.
Статистиканы сөйлете кетсек, 2017 жылы және биыл шетелдік жұмыс күшін заңсыз тартқаны үшін 3224 жұмыс беруші айыппұл санкцияларына іліккен. Жалпы алғанда осы мерзім ішінде көші-қон заңнамасын бұзғаны үшін бюджетке 914,6 млн теңге айыппұл өндірілді.
Ішкі істер министрі, сондай-ақ, өткен жылы азаматтардың уақытша және тұрақты мекенжайы бойынша тіркелуін реттеу шаралары туралы да мәліметтер келтіре кетті. Осыған сәйкес тіркеуден бас тартқан азаматтарға әкімшілік санкциялар барынша күшейді (10 күн мерзім ішінде тіркелуге міндетті).
– Азаматтарды тіркеу шаралары жеңілдеді. Биылдан бастап тұрақты жері бойынша тіркеуге тұру кезінде мемлекеттік баж салығы алынбайтын болды. Сондай-ақ, «Электронды үкімет» порталы арқылы уақытша тіркеуге тұру механизмі енгізілді. Бұдан былай аталған қызмет үшін Халыққа қызмет көрсету орталығына барудың қажеті жоқ. Қазіргі таңда тұрақты тіркеуге тұру үшін де осындай тәртіп енгізілуде. Тіркеуге тұру кезінде азаматтардан тұрғын үй құжаттары талап етілмейтін болды, – деді министр.

Цифрландыру үрдісі жалғасуда
Қалмұханбет Қасымов ІІМ көрсететін мемлекеттік қызметтердің (39 түрі) сапасына толық тоқталып, оның жақсарғанын, сондай-ақ, жекелеген қызмет көрсету түрлерінің мерзімдері қысқарғанын еске салды. Халыққа қызмет көрсетулердің басым көпшілігі ХҚКО арқылы жүргізіледі, ал көлік құралдарын тіркеуге қатысты қызметтер мамандандырылған ХҚКО арқылы жүзеге асырылады. Жергілікті атқарушы органдардың қолдауымен өңірлерде мамандандырылған Көші-қон қызметін көрсету орталықтарын құру жоспарланған, бұндай пилоттық жоба астанада қолға алынды.
Бүгінде елімізде Елбасымыздың тікелей бастамасымен цифрландыру жұмыстары жүріп жатқаны мәлім. Бұл үрдіс ішкі істер саласын да айналып өтіп жатқан жоқ. Министр өз баяндамасында Ішкі істер министрлігі көрсететін мемлекеттік қызметтерді электронды форматқа көшіруді жалғастырып жатқанын тілге тиек етті.
Мәселен, қазір 5 қызмет түрі толықтай электронды форматқа көшкен. Қалған 14 қызмет те біртіндеп автоматты жүйеге ауысуда.
Атап айтар болсақ, тұрғылықты жері бойынша тіркеу, мекенжай анықтамасын беру, күзет қызметімен айналысу құқығына лицензия беру, жеке күзет ұйымдарының күзетшілері мен басшыларын дайындау бойынша мамандандырылған оқу орталықтарын анықтау және ұлттық компаниялардың күзет ұйымдары мекемелеріне келісім беру секілді мемлекеттік қызметтер электронды нұсқада көрсетіледі.
Айта кету керек, жеке куәлік пен төлқұжат дайындау мерзімі айтарлықтай қысқарды. Мысалы, бұрын екі айда дайындалатын құжатқа қазір бар болғаны 15 күн кетеді.
Бірқатар қызметтерді көрсету бойынша нақты бір өңірге тәуелділік жойылды. Қазір біздің азаматтар еліміздің кез келген жерінде Халыққа қызмет көрсету орталықтары арқылы төлқұжат, жеке куәлік, жүргізуші куәлігін ала алады. Автокөлігін тіркеуге қояды.

Азаматтық қорғау – ауқымды сала
Кездесу барысында министр ІІМ-нің маңызды саласының бірі – халықты, аумақтарды табиғи және техногенді сипаттағы төтенше жағдайлардан қорғау болып табылатынын атап өтті. Бұл жұмысты азаматтық қорғаныс бөліністері, әкімдіктер, ТЖ ескерту және жою жөніндегі өңірлік комиссиялар бірлесіп атқаруда.
Соңғы уақыттарда бұл саладағы жұмысты ширатуға елімізде және көрші мемлекеттерде болып жатқан апаттар да түрткі болғаны жасырын емес. Мәселен, жуырда Ресейдің Кемерово қаласында орын алған қайғылы оқиға еліміз аумағындағы адамдар көп шоғырланатын нысандардың өртке қарсы қауіпсіздігін жаппай тексеруді бастауға итермеледі.
– Бас прокуратураның келісімімен біз сәуір айынан бастап шұғыл режимде сауда ойын-сауық орталықтарына және білім беру мекемелеріне жоспардан тыс тексерістер жүргіздік. Нәтижесінде 15 мыңнан астам заң бұзу фактісі анықталды. Олардың қатарында қосалқы шығу есіктер мен эвакуация жолдарының жабық болуы, өрт туралы ескертетін автоматты дабылдардың жұмыс жасамауы және т.б. бар. Осыған орай, өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтамаған 1220 адам әкімшілік жауапқа тартылып, 22 нысанның қызметін тоқтату туралы материалдар сотқа жолданды. Айыппұлдардың жалпы сомасы 19 млн теңгеден асты, – деді Қалмұханбет Қасымов.

Қоғаммен байланыстың маңызы зор
Ішкі істер министрі өз есебінің соңында ішкі істер органдарының жұртшылықпен өзара ашық байланыс жасау саясаты туралы әңгімеледі. Нақтырақ айтқанда, Ішкі істер органдары қызметінің мәселелері жөніндегі қоғамдық кеңес және ІІД жанындағы консультативтік-кеңес беру органдары, сондай-ақ, өңірлік департамент басшылары мен учаскелік полиция инспекторларының халықпен тұрақты түрде кездесуінің ықпалы мол екенін айтты.
– Интернетте Ішкі істер министрлігінің ресми сайты жұмыс істеп тұр. «Ішкі істер министрінің блогы» бар. «Бірыңғай сенім телефоны» (нөмірі – «1402») құрылған. Онда азаматтар ішкі істер органдарының жекелеген қызметкерлеріне қатысты арыз-шағымдар қалдырып, тіпті министрлік бөліністерінің қызметін жетілдіру туралы ұсыныстарын да айтып жатады, – деді Қ. Қасымов.
Ішкі істер министрінің есеп беру кездесуінің соңы сұрақ-жауап бөлімімен жалғасын тапты. «Қазмедиа» орталығының концерт залына жиналған елорда тұрғындары, сондай-ақ, іс-шараға бейнебайланыс арқылы қатысып отырған аумақтық бөліністерге келген адамдар да министрге өз сауалдарын жолдады.
Тұрғындар негізінен жасөспірімдердің түнгі уақытта көшеде жүруі және оларды ұстау мерзімі, қымбат автокөліктердің ұрлануы, көктемде болған Шығыс Қазақстан облысындағы су тасқыны, ел аумағында жүріп жатқан заңсыз қаруларды сатып алу акциялары, көші-қон, жол-көлік оқиғалары мәселелері, мал және телефон ұрлығына қатысты сауалдарын жолдап, еліміздің бас полицейі олардың бәріне нақты мысалдармен жауап берді.

Ескендір ТАСБОЛАТ, суреттерді түсірген Қанат КӨЛБАЕВ

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*