Жас инспекторлар сынға түсті

Солтүстік Қазақстан облысында жол қозғалысы жас инспекторларының арасында «Қауіпсіз дөңгелек» атты 27-ші облыстық сайыс өтті.
«Жол қозғалысының жас инспекторларының сайысы жолда қаза табу мен жарақаттану оқиғаларының алдын алу бойынша 2011-2020 жылдарға арналған ұлттық жоспарды орындау мақсатында дәстүрлі түрде өтіп келеді. Бұл жарыстарды облыс аумағында балалар арасында жолда жүру ережелерін бұзудың алдын алу мен олардың жолда жарақат алуларын болдырмауға бағытталған», – деді жарыстың ашылу салтанатына қатысқан Солтүстік Қазақстан облыстық Ішкі істер департаменті Жергілікті полиция қызметі бастығының орынбасары, полиция подполковнигі Айдын Байматов.
Додаға іріктеу сынынан сүрінбей өткен Петропавл қаласы мен облыс аудандарынан 140 қатысушы, яғни 14 құрама қатысып, 8 түрлі сайыста бақ сынасты. Жарыс Әбу Досмұхамбетов атындағы облыстық дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-интернаты қабырғасында өтті.
Мектептің ауласында жас инспекторлар өздерінің саптық даярлықтарын көрсетіп, олардың арасынан Петропавл қаласындағы №8 мектептің оқушылары үздік деп танылды. «Қауіпсіз дөңгелек» сайысының қорытындысы бойынша олар сайыстың жеңімпаздары атанды. Сайыскерлер, сондай-ақ, жолда жүру ережелерін және алғашқы медициналық көмек көрсетуді қаншалықты меңгергендіктерінен көрсетті.
«Біз жол бойындағы тәртіпке үлкен жауапкершілікпен қараймыз. Сондықтан біз өзіміздің құрдастарымызға үлгі болуымыз керек. Бұл конкурсқа көп дайындалғандықтан, қол-аяқ сыну, күйік шалу сынды төтенше жағдайлар кезінде алғашқы көмекті қалайша көрсететінін жақсы білеміз. Дәрі қобдишасының ішінде бинт, таңғыш жіп пен жараны өңдеуге арналған жабдықтар міндетті түрде болуы керек», – дейді «Жас санитар» сайысына дайындалып отырған Мамлютка каласынан келген 6-сынып оқушысы Екатерина Ефимова.
Мектеп оқушылары, сондай-ақ, «Жолда жүру ережелерінің білгіші», «Үгіт бригадасы», «Жас білімдар», «Жол қозғалысының жас реттеушісі» және «Велосипедпен мәнерлеп жүру» сайыстарында да үздіктерді анықтады.
Жекелей сында жол қозғалысын үздік реттеуші болып Ғабит Мүсірепов ауданынан сайысқа қатысқан Ілияс Жанашев танылды. Ал, командирлер сайысында өнер көрсеткендер арасында Аққайың ауданынан келген Әділжан Ермеков топ жарды. Тартысты бәйгенің қорытындысы бойынша 2-орынға Ғабит Мүсірепов ауданының жас инспекторлары тұрақтаса, 3-орынды Уәлиханов ауданынан келген мектеп оқушылары жеңіп алды. Барлық жеңімпаздар велосипед, куллер, веб-камера, планшеттер мен спорттық жабдықтар сияқты бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Айта кетейік, ағымдағы жылдың басынан бері облыс аумағында балалар 12 жол-көлік апатына ұшыраған. Салдарынан екі бала қаза тауып, 12-і түрлі дене жарақаттарын алған.

Солтүстік Қазақстан облыстық ІІД баспасөз қызметі

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*