Қарқаралы халқының қуанышы

Енді көлік құралдарын тіркеу және жүргізуші куәлігін алу үшін ауылдағы халыққа қызмет көрсету орталықтарына баруға болады.
Ауыл тұрғындарына ыңғайлы болу үшін әкімшілік полиция бөліністерінің тіркеу-емтихан бөлімдерінің қызметкерлері «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының аудандық халыққа қызмет көрсету орталықтарында пилоттық тәртіпте жұмыс істей бастады. Соның бірі – Қарағанды облысының Қарқаралы ауданында жүзеге асуда.
Тұрғындар жақында алған автокөліктерін тіркеу үшін енді облыс орталығына бармай-ақ, іргелес орналасқан Қарқаралыдағы халыққа қызмет көрсету орталығына келіп, жарты сағатқа жетпей темір тұлпарын тіркеуге қойғандарына дән риза. Енгізілген жаңашылдықтың арқасында автокөлік иелері үшін жүргізуші куәлігін ауыстыру және көліктерді тіркеу жұмыстары да айтарлықтай жеңілдеді. Енді оларға облыстық мамандандырылған ХҚКО-ға бару немесе ішкі істер органдарына тікелей жүгінудің қажеті жоқ.
Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі жанындағы арнайы мониторинг тобы ұсынған жаңа жүйенің артықшылығын Қарқаралы ауданының тұрғындарына аудан әкімі мен бір топ атқамінер азамат таныстырып, енді мемлекеттік қызмет сапасының артып, халықтың бұрынғыдай әуре-сарсаңға түспейтініне сенім білдірді.
Алдағы уақытта мұндай арнайы халыққа қызмет көрсету орталықтары Қарағанды облысының басқа да қала, аудандарында жұмысын бастамақ.

Бақытжан ҚҰДИЯРОВ, Қарағанды облысы

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*