Ерікті болу үшін де машықтану қажет

Жаз шығысымен суға түсу маусымы да басталатыны белгілі. Бірақ, өзен-көлдер жағасындағы жанға жайлы демалыстың кей уақыттарда қайғылы аяқталып жататыны бар. Ондай кездерде құтқаруға ұмтылған жанның біліктілігіне де көп нәрсе байланысты. Батып бара жатқан адамды жағаға алып шыққан соң алғашқы жәрдем көрсете білу қажет.
Осы ретте қарапайым адамдардың суда құтқару сауатын арттыру үшін еліміз бойынша «Ерікті қоғамдық құтқарушылар» бастамасы көтерілген болатын. Төтенше жағдайлар қызметкерлері қозғау салған бұл игі істің мақсаты – қызығушылық танытқан кез келген адамға суда құтқарудың негіздері мен жедел тұстарын үйрету.
Павлодар өңіріне барған сапарымызда облыс орталығында Ертіс өзенінің жағасындағы «Дельфин» стансасында Успен ауданынан келіп суда құтқару әліппесін үйреніп жатқан бір топ адамды жолықтырдық. Оларды аудандық әкімдіктің ТЖ бойынша инспекторы Виктор Нигеренко бастап келіпті.
«Бұл біздің жыл сайынғы шарамыз. Суға түсу маусымы басталысымен ауданымызда оқимын деген азаматтар болса, басын қосып, осында әкелеміз. Олар қоғамдық ұйымдардан немесе жеке тұлғалар да болуы мүмкін. Бұған дейін екі адамды әкелгенбіз. Бұл жолы төрт адам келіп отыр. Осылайша, бір жылда оншақты адамға дейін 1-3 күндік оқу курстарынан өтеді. Одан соң оларды тізімге алып, су тасу, суға түсу маусымдарында қосымша ерікті қоғамдық құтқарушылар ретінде кезекшілікке қоямыз. Профилактикалық негіздегі бұл шараларда олар түсіндіру-насихаттау жұмыстарын жүргізуге көмектесетін болады. Мұның барлығы ерікті түрде, қоғамдық негізде жүзеге асырылады», – дейді Виктор Викторович.
«Дельфин» стансасында волонтерлерге жедел құтқару жасағының кәсіби сүңгуірлері сабақ үйретеді. Оқу уақыттың тығыздығына қарай тек практика жүзінде өтеді. Төтеншеліктер үшін ең маңыздысы – үйренушінің құтқару жұмыстарын көзімен көріп, істеп үйренгені. Өйткені, мұндағы біліктілік тек тәжірибемен келеді екен.
«Біздің аудан Ертістің бойынан қашық жатыр. Бізде тіпті бірде-бір өзен жоқ. Тек әр-әр жерде үлкенді-кішілі көлдер көп. Жаз басталысымен адамдар осы көлдерге барып демалуға әуес. Ал олардың барлығын қадағалауға бізде күш те, құрал да жетіспейді. Сондықтан осы бастама көтерілген кезде алғашқылардың бірі болып құптадық. Егер қоғамдық көмекшілеріміз көбейетін болса, суға түсу маусымындағы профилактикалық жұмыстарды жандандыра түсуге болар еді», – дейді Виктор Нигиренко.
Қоғамдық құтқарушының негізгі міндеті – демалушыларға түсіндіру жұмыстарын жүргізу, су айдындарында балалар мен жасөспірімдердің үлкендерсіз жүрмеуін қадағалау, полиция қызметкерлеріне спиртті ішімдіктер ішу фактілері туралы және жағалауда мас күйде жүрген адамдар туралы хабарлау.
Еріктілер суға батқандарды құтқару әдісіне және зардап шегушіге алғашқы медициналық көмек көрсету тәртібіне үйретілгендіктен, оларға кезекшілік кезінде өз қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсаттарында әрбіреуіне құтқару жилеттері беріледі.

Нұрлан ОРАЗҒАЛИЕВ, Астана-Павлодар-Астана, Суретті түсірген автор

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*