Перзенттік парыздан туған қоғамдық қор

«Қаһармандар». Қазақ елінде құрылған жаңа қоғамдық қордың аты осылай аталады. Республикалық қордың басты көздегені – ел бостандығы мен тәуелсіздігі үшін күресте жапа шеккен тұлғаларды ақтау және олардың есімдерін мәңгі есте сақтау болып табылады.
Елорда төрінде таяуда қор кеңсесінің тұсаукесер рәсімі өтті. Қор президенті – қоғам қайраткері Сабыр Қасымов. Салтанатты шара кезінде саналы ғұмырын халқымыздың бостандығы жолындағы күрескерлердің ерлігін оқып-зерттеуге, дәріптеуге арнап жүрген Сабыр Ахметжанұлы қоғамдық қордың ел бірлігін сақтап, ұрпақты ұлтжандылыққа тәрбиелеудегі мәні зор екенін атап өтті. Осыған орай біз қор тізгінін қолға алған белгілі заңгерге бірнеше сұрағымызды қойған едік.

Сабыр Ахметжанұлы, шыны керек, қазір елімізде қоғамдық қордың сан түрі бар. Олардың дені немен, не үшін және қалай айналысып жатқанын біліп-түсініп жүргендер де шамалы. «Қаһармандардың» мәні неде? Құндылығы қандай? Берері не?
– Қордың негізгі мақсаты – көпэтносты халқымыздың бүгінгі және болашақ ұрпағын патриоттық рухта тәрбиелеу. Сонымен бірге, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Мәңгілік Ел» стратегиясы мен «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыруды идеологиялық жағынан қамтамасыз етуде Отанымыздың азаттығы мен бостандығы жолында ел егемендігін жариялағанша түрлі салада қуғын-сүргінге ұшыраған боздақтарды ақтау, солардың жасаған ерлік пен батырлықтарының нақты мысалдарын үлгі қылуды мұрат етеді. Саясатпен айналыспау қағидатын ұстана отырып, көптен бері шұғылданып жүрген, өз қолымыздан келетін жұмыспен айналысу – басты міндетіміз деп санаймыз.
Жалпы осындай бағыттағы қорды құруға не түрткі болды?
– Зерттеуші ретінде 90-жылдардың соңында біздің мемлекет, қоғам бұрынғы ресейлік, орысшылдық құндылықтардан арыла алмай жүргеніне көзім жеткен соң, Үкіметке арнайы «Мемлекеттік отарсыздандыру бағдарламасын» қабылдау керек деген ұсынысымды талай жерлерде айтып жүрдім. Бұл бағдарламада Үкімет ұлттық мүддемізді негізге алып, батыс және шығыс елдерінің прогрессивтік, демографиялық стандартына сай, жаңа, жас қазақ мемлекетінің, қазақ халқының, қазақ қоғамының қазіргі заманға қажет ұлттық құндылықтарға нормативтік түрде жол ашып беруі керек еді. Әсіресе, тіл, дін, тарихтағы және де басқа қоғамдық, рухани салаларында.
Себебі, біз отаршылдыққа, бұрынғы кеңестік республикаларға қарағанда жаппай қуғын-сүргінге, мәңгүрттікке көбірек ұшыраған халықпыз. Басқа, бұрынғы кеңестік республикалармен салыстыратын болсақ, бізде Қазақстанның еркіндігі, тәуелсіздігі және аумақтық тұтастығы үшін күрескендерге қатысты бірде-бір арнайы мемлекеттік акт қабылданбаған. Өкінішке қарай, ата-бабаларымыздың ерліктері, арамызда жүрген қаһармандарымыз да мемлекет тарапынан әлі қолдау таппай жүр.
Бір ғана мысал келтіре кетейін. 1970-ші жылдан бастап Қазақстанның бостандығы үшін бірнеше мәрте сотталып, қудаланған Хасен Қожахметовтің ерлігі өз деңгейінде бағаланбады. Бүгінде зейнеткерлікке шыққан Хасен азаматымыздың әлеуметтік жағдайы өте мүшкіл. Бір шаруа қожалығын ашып, табыс табайын десе, Алматы облысының әкімдері «Сен саясаткерсің!» деп жер бермейтін көрінеді.
Сұрқия саясаттың құрбаны болған тағдырлылар тарихта өз әділ бағасын алып, төрін белгілеуі үшін қоғамдық қор құрумен ғана шектеліп қалмаймыз ба? Тарихта ақтаңдақтар ақиқаты ашық айтылуы үшін ең алдымен қандай қадамдар жасалуы керек?
– Біз бір нәрсені мойындауымыз қажет. Ғасырлар бойы мемлекеттік қудалаудың әрқилы кезеңдерін бастан кешкен, жазалаушы жасақтар аяусыз қырып-жойған, туып-өскен топырағы, кіндік қаны тамған Отаны – Қазақстаннан қуылған, бұрын-соңды болмаған жасанды ашаршылықтың құрбаны болған, соның салдарынан тұтастай халықтың жартысынан астамы адам төзгісіз әрі жантүршігерлік аштықтан қырылып қалған жергілікті қазақ халқына қатысты әлі күнге дейін бірде-бір арнайы мемлекеттік акт қабылданбады, қажетті шаралар өткізілмеді.
Мақсатты түрде жүргізілген мемлекеттік саясаттың, қасақана бұрмаланған бағалаудың және бұрынғы отаршылдық-тоталитарлық режимдер насихаттарының салдарынан біз халқымыздың мүддесі мен құқықтары үшін күрескен, ерліктерімен және өздерін құрбан етумен Қазақстанның тәуелсіздігін бір табан болса да жақындатқан, ұлан-ғайыр жерімізді сақтап қалған нағыз әрі шынайы батыр-қаһармандарымыздың ерліктері мен ұлтжандығы туралы біліп, оларды мақтан тұту құқығынан айырылған болатынбыз.
Бізде, кейде керісінше, негізінен отаршылдық саясат пен отаршыл режимдерге қызмет еткендер, біздің қаһармандарымызды қуғын-сүргінге ұшыратуға белсенді қатысқандардың кейбірі тұлға, көсем деп есептеледі. Ел еркіндігі үшін күрескен тұлғаларды қудалап, халықтың мүддесін сатқандарды есте қалдыруға тырысып жатқанымыз жанға батады. Соларды ұлықтаймыз, ескерткіш қойып, олардың есімдерін көшелерге береміз. Сонда жастарға қандай патриоттық тәрбие, үлгі көрсетпекпіз? Көп жағдайда тек жақындағы жерлестерімізді, яғни кеңестік басшыларды ғана ардақтаудамыз.
«Саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы» Заң бар емес пе?
– Бар. Бірақ, кезінде Жоғарғы Кеңес қабылдаған бұл заң негізінен дәл осындай Ресей заңынан көшіріп алынған. Ол Ресейде жүргізілмеген және жүргізілуі де мүмкін емес әртүрлі жазалау және қуғын-сүргіннен Қазақстанда құрбан болғандар мен зардап шеккендердің барлық санаттарын қамти алмады және оларға қолданылмады. Ал Қазақстанның еркіндігі мен тәуелсіздігі үшін күресіп, қуғын-сүргінге ұшырағандардан бәріне белгілі 58-ші және бірқатар басқа да сталиндік баптармен сотталғандар ғана осы заңның қолданысына түскен.
Сондықтан да біз академик Мәмбет Қойгелді, елге сыйлы Оралбай Әбдікәрімов бастаған басқа да зиялы тұлғалармен және ғалымдармен бірлесе отырып, осы проблеманы шешудің қазіргі кездегі барлық жолдарына талдау жасап көрдік. Шетелдік тәжірибені зерделей келе, ең оңтайлы әрі тиімді тәсілі республикалық қоғамдық қор құру болып табылады деген қорытындыға келдік.
Ұлты үшін қуғына ұшырап, зардап шеккен ұл-қыздарын ұлықтау мемлекеттік деңгейде жүргізілетін іс емес пе негізінен?
– Рас, қаһармандарды ақтау және ұлықтау – мемлекеттің функциясы. Алайда, бүгінгі таңда мемлекет объективті және субъективті себептерге байланысты бұл мәселемен айналыса алмай отыр. Жасыратыны жоқ, оған «сыртқы фактордың» әсері бар екенін де іштей түсінеміз. Біздің қазіргі қолданып отырған заңда норма бар: мемлекет өзінің функциясын, қоғамға қажет мәселені шешу үшін қоғамдық ұйымдарға береді. Біздің Қор осындай заңды мүмкіндікті пайдаланып, мемлекетке көмек жасайды.
Қазақстанда бұл бағытта бірқатар жұмыстар жүзеге асырылды. Ғылыми-тәжірибелік конференциялар өткізілді, жекелеген тарихи оқиғалар мен даңқты тарихи тұлғаларға (негізінен жоңғарлармен соғыстағы батырларымызға) ескерткіштер қойылды, көшелерге олардың есімдері берілді, мемлекет басшыларының баяндамаларында айтылды, кітаптар жарық көрді, мақалалар жазылды, бірқатар көркем және деректі фильмдер түсірілді.
Бірақ, бұлардың барлығы академиялық және бірреттік сипатқа ие, жалпылама тәсілдер мен ұсынымдарға, сондай-ақ, атаулы даталарға арналған және салтанатты іс-шаралар, мерейтойлар форматында өткізіледі. Мұндай шаралардың бастамашылары мемлекеттік билік органдары емес. Олар, әдетте, қоғамдық ұйымдар мен ғалымдардың бастамасымен, қандай да бір тұлға ұрпақтарының табандылығының арқасында ұйымдастырылады.
Орталықтағы да, жергілікті жерлердегі де мемлекеттік органдар бұл мәселелермен арнайы айналыспайды, өйткені олардың алдына мұндай міндет қойылмаған, осыған қажетті заңдар қабылданбаған. Жергілікті билік органдары негізінен, түрлі деңгейдегі шенеуніктердің корпоративтік, конъюнктуралық, ал кей жағдайда трайбалистік, текшілдік түсініктерінің негізінде мемлекет тарапынан қолдауға келісім береді немесе одан бас тартады.
Қордың жұмыс жоспарында тұрған ең маңызды мәселе не?
– Біз бірнеше бағытта жұмыс жүргізуді жоспарлап отырмыз. Ең бірінші – бүкіл республика бойынша Қазақстанның еркіндігі, тәуелсіздігі және аумақтық тұтастығы үшін күрескен құрбандардың барлық санаттарын (атылып, сотталғандарды ғана емес) анықтауды көздеп отырмыз. Бұл үшін өз Жарғымызға сәйкес, облыс орталықтарында Семей, Арқалық, Жезқазған, Түркістан сияқты қалаларда және жұртшылықтың сұрауы бойынша басқа да аймақ-өңірлерден филиалдарымыз бен өкілдіктерімізді ашу ойда бар. Бұл ретте өңірлердегі іздеу, талдау жұмыстарын және ақпараттық жұмысты ұйымдастыру маңызды болмақ.
Ал, заң мен ресми құжаттағы «өзгерістер» қалай жүргізілмек?
– Жаңа дербес заң жобаларына бастамашылық жасау да назардан тыс қалмайды. Мысалы, «Қазақстанның еркіндігі мен тәуелсіздігі үшін күрескен тұлғалар туралы» құжатта Қазақстан мемлекетінде кім және не үшін қаһарман болып есептелетіні, оның мәртебесі, оны құқықтық ақтау және оның ерлігін азаматтарымыздың есінде мәңгі қалдыру рәсімдері және тағы басқалары нақты жазылуға тиіс.
Сондай-ақ, қолданыстағы заңнамаға бірқатар өзгерістер мен толықтырулар енгізуге жүйелі түрде бастамашылық жасауды көздеп отырмыз. Мәселен, заңнамамызда әлі күнге дейін «патриотизм» ұғымы жоқ. Мүмкін, біздің кейбір мемлекеттік қызметшілеріміздің өз елінің мүдделері үшін жұмыс істемей жүргені сондықтан болар?..
Ал, тарихи құжаттарға келсек, еліміздің мүддесі үшін күрескендердің арасында орыс, украин, қарақалпақ, өзбек, қырғыз, балқар секілді басқа да ұлттардың өкілдері аз болмаған. Олар Қазақстанның ертеңі, біздің ортақ Отанымыз үшін қолына қару алып та, саяси және идеологиялық майданда да күрескен. Бұған жүздеген, тіпті мыңдаған мысал келтіруге болады. Қазақстанда осы адамдардың ерлігін қайта жаңғыртып, есімдерін мәңгі есте қалдыру аса маңызды әрі қажетті іс. Бұл Президенттің «Біз – бір отбасымыз және біздің бір ғана Отанымыз бар. Әрқайсымыздың тағдырымыз – Қазақстан тағдырында» деген сөздерін тағы да бір рет айғақтай түседі.
Атқарылған іс-шара туралы ел-жұртты ақпараттандыру, игі бастамаларын насихаттау да ақсап қалмас?
– Әрине, бұл бағытта жергілікті жерлердегі мемлекеттік органдар, қоғам қайраткерлері, ғалымдармен қоян-қолтық жұмыс істеу көзделген. Қаһармандарымызды үлгі тұта отырып, Қазақстанның нағыз патриоттарын тәрбиелеу мақсатында олардың ерліктерін мәңгі есте қалдыру үшін ақпараттық-насихаттау, ұйымдастыру жұмыстары жан-жақты жүргізілмек. Жұмыстың нысандары мен әдістері, мақсаттарымызға қол жеткізудің және міндеттерді орындаудың тәсілдері мен тетіктері Қордың Жарғысында егжей-тегжейлі жазылған. Осы ауқымды, қажетті әрі игі іске барлық деңгейдегі мемлекеттік және өкілді органдар ғана емес, қоғамдық, үкіметтік емес ұйымдар, бизнес өкілдері де кірісуі керек деп санаймыз. Себебі, аса маңызды бұл мәселеге бет бұратын уақыт жетті. Біздің бұл ұсынысымыз бен ұмтылысымызды қоғам да қолдайды деп сенеміз.
Істеріңізге сәттілік тілей отырып, сұхбатыңызға алғысымызды білдіреміз.

Сіз не дейсіз?
Оралбай ӘБДІКӘРІМОВ, қоғам және мемлекет қайраткері:
– Қорға артып отырған үмітіміз көп. Бұл бастаманы мемлекет те, бизнес те қолдауы керек. Себебі, қаражатсыз жұмыс та алға баспайды. Біріншіден, халықтың қолдауы, одан кейін мемлекеттік органдардың демеуі қажет. Осы тақырыпқа байланысты «Қаһармандар» қоғамдық қоры атынан теледидардан арнайы бағдарлама немесе арна ашылса, көпшілікке жиі насихатталып отырса, нұр үстіне нұр болар еді.

Амангелді АЙТАЛЫ, мемлекет және қоғам қайраткері, профессор:
– Менің заманым бөлек, немеремнің заманы бір бөлек. Сондықтан білім саласында, ақпараттық салада да осы қаһармандардың ұлы істерін жастардың санасына жеткізу керекпіз. Ұлттық рухты көтермесек, біз тек технологияның айналасында кетсек, рухы әлсіз, ертең жаңа бір отаршылдыққа түсуіміз оп-оңай. Кейде соған ыңғайланып барамыз ба деп те сескенемін. Осы қордан кейін жақсы жұмыс, игі қызметтер басталар.
Ұлт тұлғаларын мемлекет тарапынан насихаттаудың мәні зор. Ол үшін ең алдымен биліктің басында шешім қабылдайтын адамдардың тарихи білімі, тарихи санасы терең болуы шарт. Сондықтан да осы қордың ісіне тілектеспін. Бұл елдің шаруасы, бүгінгі қазақтың рухын көтерудің үлкен бастамасы.

Мәмбет ҚОЙГЕЛДІ, ҰҒА академигі, профессор, Қазақстан тарихшылары қауымдастығының төрағасы:
– Осындай қор, мұндай орын баяғыда ашылуы керек еді. Әлі де болса, кеш емес. Біз бар белсенділік пен инициативаны мемлекетке, Үкіметке беріп, сеніп үйреніп қалғанбыз. Бұл дұрыс емес, бұл жақсы да емес. Белгілі дәрежеде белсенділік қоғамда да болуы керек. Екеуінің арасында қарсы іске емес, үйлесімділікке, жақсы инициатива мен игі идеяға бастайтын байланыс болуы қажет. Міне, осы тұрғыдан алғанда қоғамның белсенділігін көтеру үшін қор керек. Репрессия құрбандарын теориялық, яғни заңдық тұрғыдан бағалай алмай, баға бере алмай келе жатырмыз. Жұмыстар басталды да, бірақ толыққанды жүргізілген жоқ.

Омар ЖӘЛЕЛҰЛЫ, Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ-дың оқытушысы, абайтанушы ғалым:
– Біз әлі өзімізге «Отаршылдық деген не?» деген сұрақты қойған жоқпыз. Шын мәнінде, ол – ұлтымыздың ұлы денесіне түскен жара, ауру. Емделмесе кетпейді. «Батпандап кірген ауру мысқалдап шығады» дейді қазақ. Бұл ауруды жеңу үшін біз алдымен отаршылдықты мойындауымыз керек. Қанша уақыт орыстың отары болғанымызды ашық айтуға тиіспіз. Екіншіден, отарсыздану процесі бойынша мемлекеттік бағдарлама жасалып, оған қаражат бөлінуі қажет. Өйткені, әлемдегі отар болған барлық мемлекеттер осы жолдан өткен. Сол кезде ғана қазақтың қанын қайтара аламыз.

Дайындаған Бану РАХЫМБАЙҚЫЗЫ

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*