Жалған шақыру үшін жаза бар

Өртке қарсы қызмет, полиция, жедел медициналық жәрдем, апаттық-құтқару қызметі секілді мекемелерге күн сайын көмекке шақырған қоңыраулар түсіп жатады. Алайда, кейде солардың арасында жалған қоңыраулар да кездесіп қалып жатады.
Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы кодекстiң 438-бабына сәйкес отыз айлық есептiк көрсеткiш (72150 теңге) – арнайы қызметтерге жалған қоңырау шалушыларға тағайындалатын айыппұлдың мөлшерi осындай. Ал егер де жыл ішінде қоңырау екiншi рет немесе өрт және апаттар кезiнде соғылатын болса, онда әкiмшiлiк айыппұл мөлшерi екі есе артады (60 АЕК).
Жалған хабарлама беру – бұл нағыз қылмыс. Қылмыстық кодекстің 273-бабына сәйкес, дайындалып жатқан терроризм актiсi туралы көрiнеу жалған хабарлау – алты жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады. «Әзiлкештер» көбiнесе бомба туралы хабарлайды. Егер балалар хабарласқан болса, онда олар бомбаның мектепте тұрғанын айтады. Егер балалар кiшкентай болса, оларды түсінуге болады, ал ересектердiң осыдан нені мақсат тұтатынын түсiну мүлдем қиын.
Жыл сайын жалған шақырулар үшін жауапкершілік күшеюде. Мысалы, 2017 жылы Петропавл қаласының тұрғыны бас бостандығынан айырылды. Заречный кентінде тұратын 45 жасар ер адам өз пәтерінде бомбаның қойылғаны туралы хабарлаған. Қалалық сот азаматты осы «тентектігі» үшін жалпы режимдегi түзеу колониясында екі жыл жазасын өтеуге жіберді.
Ағымдағы жылдың 2 қаңтарында Жамбыл ауданы, Пресновка ауылындағы №11 өрт сөндіру бөлімінің байланыс пунктіне шіркеудің маңындағы тұрғын үйдің жанып жатқаны туралы жалған қоңырау келіп түсті.
Шақыру орнына өрт сөндіру бөлімінің кезекші қарауылы жедел түрде шығып, барлық өзара әрекеттесетін қызметтерге хабар берілді. Шақыру орнына келген кезде өрт туралы хабарламаның өтірік екені анықталды. Деректерді нақтылау үшін анықталған нөмір бойынша хабар берген адаммен байланысу мүмкін болмады (телефон сөндірулі болып шықты).
Жалған қоңырау туралы материалдар процессуалдық шешім қабылдау үшін Жамбыл аудандық Ішкі істер бөліміне тапсырылды. Полиция қызметкерлері аса қысқа уақыт ішінде өрт туралы жалған ақпарат берген адамды анықтады. Ол осы ауылдың 1976 жылы туған тұрғыны болып шықты. Оған ӘҚБК 438-б. 1-б. 29-б. сәйкес 36 075 теңге айыппұл салынды.
Қазiргi техникалық құралдар қоңырау шалған кез келген телефон нөмірiн және мемлекеттiң кез келген нүктесiн анықтай алады. Тiптi егер «жасырын» нөмірден немесе таксофоннан хабарлауға тырысса да, бұзақыны табу қиын емес.
Өткен жылы «101» нөміріне 5 жалған шақыру және 87 расталмаған шақыру тiркелген. 2018 жылы осындай 5 хабар және 60 расталмаған шақыру түстi.

Олжас ҚҰСАЙЫНОВ, Петропавл қаласы

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*