Із-түзсіз жоғалғандар анықталды

Жаздың алғашқы күндерінде Солтүстік Қазақстан облысының сақшылары «Қаңғыбас» жедел-профилактикалық іс-шарасын өткізді. Акцияның мақсаты – жедел жағдайды жақсартып, тұрғылықты мекенжайы жоқ адамдарды есепке қою.
Операция өткен күндері жертөлелер, кәріз құдықтары, бос қалған ғимараттар мен шатырлар сақшылардың басты назарына алынды. Қаңғыбастарды іздеуге қабылдап-тарату орнының қызметкрелерімен қатар басқа да бөліністердің 200 астам қызметкері жұмылдырылды.
Іс-шара барысында 9 қылмыскер мен із-түзсіз жоғалған 8 адам табылды. Олардың арасында көрші облыстың 27 жастағы тұрғыны да бар. Ол жақындарымен сөзге келіп қалып, хабарсыз кеткен. Ал, Петропавлға жақын болғандықтан келіпті. Болашағы туралы еш ойланбай, қаңғыбастықпен күн кешіп, спирттік ішімдікке әуестенген. Ол мамыр айының соңынан іздеуде болған. Полицейлер оны қаңғыбастар арасынан тауып, үйіне қайтарды.
«Алкоголь және оның салдарынан туындайтын отбасылық кикілжіңдер адамдардың хабар-ошарсыз кетуіне себепші болады. Мәселен, Солтүстік Қазақстан облысы, Тайынша ауданының тұрғыны телефонын өшіріп, үйінен кетіп қалған. Туыстарын да біраз әбігерге түсірген. Жақындары оның денсаулығы нашар екенін біледі, сондықтан олар үш айға созылған іздестіру жұмыстарының нәтижесін сарыла күтті. Ер адам жедел-профилактикалық іс-шара барысында Аққайың ауданынан табылды», – деді Солтүстік Қазақстан облыстық ІІД Криминалдық полиция басқармасының бастығы, полиция полковнигі Петр Климов.
Іс-шара уақытында қабылдап-тарату бөліміне тұрғылықты мекенжайы жоқ барлығы 315 тұлға жеткізілді. Олардың барлығының саусақ іздері алынып, фото-бейнетіркеуге жазылды. Олардың иістері де сақталады. Сондай-ақ, геномдық есеп үшін полицияның мәліметтер базасында баспанасыз жүргендердің енді ДНҚ-лары сақталмақ. Бір жылдан астам уақыт жүргізіліп келе жатқан жұмысқа бүгінде баса назар аударылуда.
Тұрғылықты мекенжайы жоқ адамдарды анықтау бойынша жұмыстар ұдайы жүргізіліп тұрады және ол облыстық ІІД басшылығының бақылауында.

Солтүстік Қазақстан облыстық ІІД баспасөз қызметі

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*