Полиция полковнигі Ерлан ОСПАНОВ: Қылмыстың ашылу деңгейі артты

Қарағанды – ірі зауыт-кәсіпорындар көптеп шоғырланған өндірістік өлке. Өндіріс бар жерде, қайнаған өмір, қылмыс та қатар жүреді. Кеншілер қаласына жолымыз түскенде аймақтың криминогенді ахуалы жайлы білмек мақсатта Қарағанды облыстық ІІД-нің Криминалдық полиция басқармасы бастығының орынбасары, полиция полковнигі Ерлан Оспановпен сұхбаттастық.

Ерлан Бітімбайұлы, аймақта ұрлық фактілерінің алдын алу, болдырмау мақсатында қандай жұмыстар атқарылып жатыр?
– Ішкі істер министрінің Ұрлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі 2018-2020 жылға арналған бағдарламасы бар. Сол негізінде біз Қарағанды облысының георгафиялық орналасуы, жер көлемі, өндірістік қуатына байланысты өзіміздің бағдарламамызды жасадық. Бұл бағдарлама 2018 жылы 4 қаңтарда шықты.
Бағдарламаның мақсаты – ұрлықтың алдын алу, жолын кесу және де тергеу бойынша қабылданатын шаралардың тиімділігін арттыру. Міндеттері – ауыр және орташа ұрлықтардың ашылуына ішкі істер органдарының барлық қызметтерін, заманауи әдіс-тәсілдер, жаңа технологияларды кеңінен пайдалану. Екіншіден, ұрлықтың алдын алу кезінде жергілікті атқарушы органдар, коммерциялық құрылымдар, азаматтық қоғамдық институттармен бірге кешенді шаралар өткізу. Үшіншіден, ұрлықтың барлық түрлеріне қатысты іс-қимыл саласында нормативтік-құқықтық базаны жетілдіру. Бұл бағдарлама негізгі үш кезеңнен тұрады.
Қарағанды облысы бойынша қылмыс статистикасын сөйлетсеңіз?
– Жыл басынан бері облыс бойынша 4098 ұрлық фактісі тіркелді. Оның 86-сы ауыр санаттағы ұрлық, бүгінде 42-сі ашылып отыр. Былтырмен салыстырғанда 12,7 пайызға төмен. Оның 1272-сі ашылды. Қылмыстың ашылу пайызы 44,7. Бұл былтырға қарағанда 1,6 пайызға жоғары. Ұрлықтардың басым бөлігін (4012) орта санаттағы қылмыстар құрайды.
Пәтер ұрлығы өзектілігін жоғалтпай отыр. Былтыр 1020 пәтер ұрлығы тіркелсе, биыл 853 болып отыр. Былтырмен салыстырғанда 16 пайызға төмендеген, ашылу көрсеткіші 3,3 пайызға жоғарылады.
Қылмыстардың өсуіне әсер етіп отырған көптеген факторлар бар. Басты себеп – меншік иелерінің өз мүлкілеріне немқұрайлы қарауы. Қазіргі уақытта жаңа технологиялардың көмегімен, яғни домофон, бақылау камераларын қою, терезеге темір тор орнату, дабыл құралдарын қолдану арқылы адамдар мүліктерін қорғай алады. Біз ұрлықтың алдын алу мақсатында қалалық автобус парктерімен, сауда үйлерімен тығыз қатынаста жұмыс істейміз. Мысалы, қалта ұрлығы көптеп орын алатын сауда орталықтарында дауыс ұлғайтқышпен ескерту жасалады.
Сонымен қатар, ұрлық фактілерін болдырмау мақсатында мал ұрлығына қарсы топ құрылды. Қазіргі уақытта қарқынды жұмыс істеп жатыр. Бұл топ Қарағанды облысы бойынша тіркелген мал ұрлығы қылмыстарын ашу бағытында жұмыс істейді. Биыл жыл басынан мал ұрлығына қатысты 7 аса ауыр қылмыс тіркелді. Шығын көлемі 1 300. Сондай-ақ, Қарағанды қаласында автокөлік ұрлығына қарсы арнайы топ құрылды. Бұл топ автокөлік ұрлығын ашу және оған қарсы күрес жүргізумен айналысады. Мұндай топты құруға түрткі болған да автокөлік ұрлығының өсуі. Былтыр, айталық, 4 автокөлік ұрлығы тіркелсе, биыл бұл сан 8-ге жетіп, 50 пайызға өсті.
Халықтың көбіне қылмыстық істердің ашылуы ұзаққа созылып кететініне көңілі толмай жатады. Істің жедел ашылмауына не себеп?
– Қылмыстың тез арада ашылмауына біржақты қарап, бар кінәні полицейге арта салуға болмайды. Біздің азаматтар малы жоғалса полицияға бірден емес, араға уақыт салып хабарлайды. Полиция қызметкерлеріне хабарлама түскен жағдайда олар оны тіркеп, іздеу жұмыстарына кіріседі. Біз облыс қана емес, республика бойынша бағыттама жібереміз. Сол бойынша полиция қызметкерлері республика көлемінде арнайы бекеттер, шаруа қожалықтары, ауылдарды тексереді. Іздеу барысында жоғалған мал ауылдан 30-50 шақырым радиусынан табылады. Жануар болғасын бір орында тұрмайды ғой. Желдеп, шыбындап кетіп қалады. Осындай жағдайларда полиция бөлімшесіне бірден хабарлау керек. Ал олар болса арада бір, екі ай өткенде келуі мүмкін. Азаматтарға қылмыс жедел ашылуы үшін дереу полицияға хабарлау керектігін айттық, айтып та келеміз. Қылмыстың жедел ашылуына көп көмегін тиетін негізгі фактор осы.
Сол сияқты кеншілер қаласында ұялы телефон ұрлығы фактілері де жиі орын алады. Бүгінгі күні Қарағанды облысы бойынша 1320 ұялы телефон ұрлығы тіркелген. Былтыр осы уақытта 1421 факт тіркелген болатын. Ұялы телефондарын ұрлатып алатындар көбінесе кәмелеттік жасқа толмаған балалар. Олар телефондарын жүрген жерлерінде тастап кетеді. Телефон ел аумағынан асып кетпеген болса, табылып жатады. Мысалы, бүгінде ұялы телефон ұрлығының 42 пайызы ашылған. Мұндай қылмыстардың ашылу деңгейі де артып келеді.
Ұрлыққа қарсы күрес жүргізуде қандай қиындықтарға тап болып жатасыздар?
– Бүгінде ұрланған заттардың қоймасына айналып отырған ломбардтар бойынша жұмыс істеу қиындық тудырады. Ломбардтар жеке кәсіпкерлік иеліктерінде болғасын, біз онда баса-көктеп кіре алмаймыз. Нақты жұмыс істеу тәртібі бар. Азаматтар тарапынан арыз-шағым түсіп, ломбардтарды тексеру қажеттілі туындап жатса, біз өз тарапымыздан оларға сұрау жібереміз. «Осындай адам бағалы зат тапсырды ма?» деген сауалымызға жауап аламыз. Алайда, ұрылар да қу. Ұрланған затты көп жағдайда өздерінің аттарынан тапсырмайды. Сол себепті де, ломбардқа өткізілген заттың табыла қоюы неғайбыл. Ломбардты «ұрланған заттар қоймасы» деп отырғаным да сол.
Сол сияқты, мүліктік қылмыс ішінде көп орын алатын ұялы телефон ұрлығы қылмысын ашу кезінде де қиындықтар туындайды. Телефонды оның коды арқылы табуға болады. Бірақ, ұрылар көп жағдайда ұрланған телефондарды қосалқы бөлшекке сатып жібереді.
Өзіңіз осы салаға қашан қызметке келіп едіңіз?
– Ішкі істер органдарындағы еңбек жолым әскер қатарында борышымды өтеп келгеннен кейін басталды. Содан жолдама алып Қарағанды жоғары милиция мектебіне түстім. Жоғары мектепті бітіріп, Теміртау қаласында жедел уәкіл болып қызметке кірістім. Осы салада қызмет етіп жатқаныма 26 жылдың жүзі болды. Сержант шенінен полковникке дейін өстім.
Жедел уәкіл болып қызмет атқарған жылдары тікелей өзіңіз айналысқан, ерекше есіңізде қалған оқиға бар ма?
– Есімде қалған бір оқиға, 2008 жылы Қарағанды облысы, Балқаш қалалық ІІБ бастығының бірінші орынбасары болып қызмет етіп жүрген кезімде көлден адамның басы табылды. Сол бас-сүйек бойынша оның жеке тұлғасын анықтау керек болды. Сүңгуірлер, құтқарушылардың барлығын жұмылдырып іздеу жұмыстарын жүргізгенімізде көлден адамның оң қолын тауып алдық. Оң қолының бас бармағында тыртық болды. Сот-медициналық сараптама оның күбірткімен ауырғанын, сол үшін қолына операция жасалғанын айтты. Біз содан кейін оған операция жасаған хирургті іздеуге кірістік. Бұрынғы хирургтердің кейбірі зейнетке шығып кеткен. Соларды іздеп жүріп, әрқайсысымен кездесіп, сөйлестік. Себебі, әр хирургтың өз әдісі, қолтаңбасы бар ғой.
Бір күні осы іс бойынша жұмыс істеп жүрген топ Балқаш стансасында бір әйелге тап болады. Ол Ресейден келген бауырын жоғалтып жүргенін айтыпты. Әлгі әйел екі-үш ай бұрын жоғалып кеткен бауырының суретін көрсетеді. Суретте жігіттің оң қолындағы бас бармағы ақ матамен оралған болып шығады. Соны көрген жедел топ әйелден мән-жайды толық сұрап біледі. Мәйіт иесінің қолына Новосібірде операция жасалғаны белгілі болады. Осылайша, қылмыстың қалай жасалғаны, не себеп болғаны анықталады. Оны үш қылмыскердің жасағаны белгілі болды. Бұл оқиға қылмысты ашу көп күш қажет ететінінің бір дәлелі.
Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Жадыра МЫРЗАХМЕТ,
Қарағанды-Астана-Қарағанды

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*