Сақшылар мерекеге дайын

Алда келе жатқан Астананың 20 жылдығы кең көлемде атап өтілмек. Бұл мерейтой ел сақшыларына да үлкен жүк артады. Ішкі істер министрлігі мерекені тойлау кезінде қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге тас-түйін дайын.
Бұл туралы кеше қоғамдық қауіпсіздікті сақтау және мерекелік іс-шараларды өткізу кезінде қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған кешенді дайындық жұмыстар туралы Орталық коммуникациялық қызметінде өткен брифингте ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің төрағасы, полиция генерал-майоры Игорь Лепеха және Мемлекеттік тіл және ақпарат департаментінің директоры Алмас Садубаев мәлімдеді.
«Елордамыздың жиырма жылдығы қарсаңында мамыр айының 20-31 аралығында «Құқықтық тәртіп» жедел-профилактикалық іс-шарасы өтті. Бұл шараны шілде айының 2-4 аралығында республика бойынша өткізу жоспарлануда. Осы іс-шараны өткізуге 1,5 мың полиция қызметкері мен Ұлттық ұлан әскери қызметшілері жұмылдырылды. Соның нәтижесінде 10 мыңға жуық әкімшілік құқық бұзушылық анықталды, оның 1,5 мыңы көші-қон заңнамасының бұзылуына қатысты болып отыр. Жедел профилактикалық шара барысында 130-дан астам бұрын жасалған қылмыстық іс ашылды, іздеуде жүрген 25 азамат ұсталды. Сонымен қатар, есірткі заттарының заңсыз сақталуына байланысты 21 факт анықталып, 4 келіден астам есірткі тәркіленді. Шара барысында 4 мыңнан астам тұрғын үй мен өзге де үй-жайлар тексерілді», – деді брифинг барысында ӘПК төрағасы.
Мемлекеттік тіл және ақпарат департаменті директорының айтуынша, Астана күнін тойлауға байланысты елордалық гарнизон және іргелес аймақтардың (Павлодар, Қарағанды, Ақмола) жеке құрамы күшейтілген режимде қызмет ететін болады.
«Сондықтан да ешқандай қауіп-қатер жоқ деп айта аламыз. Осы күндері Астана қаласының аумағында қоғамдық тәртіпті қорғауды полицияның күшейтілген жасақтары жүзеге асырады, ал мерекелік іс-шаралар өткізілетін орындарды ішкі істер органдарының басшылық құрамы бақылауларында ұстайды. Өздеріңізге белгілі, кез келген құқық бұзушылықты анықтаудың ең тиімді әдісі – бейнекамераларды көптеп орнату. Қазіргі таңда Астанамызда 800-ден астам бейнекамера орналастырылған. Бұл камералар қылмысты ізін суытпай ашуға айтарлықтай көмегін тигізеді. Сонымен қатар, «Сергек» бейнекамераларының да көптеп орналастырылуы маңызды. Құқық бұзушылықтардың көбі көпқабатты үйлердің аулаларында орын алады. Сол себепті де, көпқабатты үйлердің аулаларына 6 мыңға тарта бейнебақылау камерасы орнатылды. Бүгінде олардың пайдасы зор», – деді Алмас Кәдірбекұлы.
Оның айтуынша, мереке күндері қоғамдық қауіпсіздікті сақтауға елордамызда 3,5 мыңға жуық полиция қызметкері жұмылдырылады. Сондай-ақ, Ұлттық ұланның 1200-ге жуық әскери қызметкерлері де атсалысады. Бұған қоса, қосымша резервтік жасақ жасақталмақ. Олар бір жағдай туындай қалса, аяқтарынан тік тұруға әзір тұрады. Ішкі істер органдарының құрылымы өте үлкен. Сондықтан да қоғамдық тәптіпке полиция қызметкерлерінен бөлек әуежай, темір жол бекеттеріндегі қауіпсіздікті Көліктегі Ішкі істер департаменті толық бақылауды ұстайтын болады. Сонымен бірге, Төтенше жағдайлар комитеті де өрт қауіпсіздігін сақтау, оны болдырмау, алдын алу бойынша арнайы іс-шараларды өткізуді бастап кетті.
Брифингтен кейін журналистердің сұрақтарына жауап берген Игорь Лепеха полиция қызметкерлерінің ауқымды масштабтағы айтулы шаралар кезінде қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі тәжірибелері мол екенін айтты. «Алматыда өткен универсиада, былтырғы ЭКСПО-2017 көрмесі кезінде қауіпсіздікті қамтамасыз еткен полицейлер қай жағынан алып қарасақ та дап-дайын мамандар. Сондықтан да оларға қосымша тіл үйретіп, арнайы дайындау қажеттілі туындап отырған жоқ. Ал қауіпсіздікті қамтамасыз етуге қосымша жұмылдырылатын еріктілер бойынша сұрақтармен Астана қаласы әкімдігі айналысады. ЭКСПО-2017 кезінде еріктілердің көп көмегі тигенін айта кету керек», – деді төраға.
Сондай-ақ, журналистердің сұрақтарына жуап берген ол Астананың туған күнін атап өту кезінде сотталған азаматтарға елорда аумағына кіруге шектеу қойылмайтынын айтты. Ал, ол Қытай азаматтарына визасыз режим енгізуге байланысты тараған ақпараттың шындыққа жанаспайтынын жеткізді. «Қазақстан Қытаймен визасыз режим енгізу туралы келіссөздер жүргізіп жатқан жоқ. Мессенджерлер арқылы таратылған «Қытай азаматтары үшін визалық режим жойылады» деген ақпарат жалған әрі арандатушылық мәнге ие», – деп жауап қатты төраға.

Жадыра МЫРЗАХМЕТ
Суретті түсірген Қанат КӨЛБАЕВ

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*