Жасөспірімдер үшін жұмыс көп

Кәмелеттік жасқа толмағандарды жазғы уақытта жұмыспен қамту – жасөспірімдер қылмысының алдын алудың бірден-бір жолы. Сарыарқа ауданы әкімдігінде «Жасөспірімдердің жұмыспен қамтылуы» тақырыбында өткен жиналыста осылай делінді.
Шараға Сарыарқа аудандық ІІБ Жергілікті полиция қызметінің бастығы А. Садықов, ІІБ Ювеналды полиция бөлімінің бастығы Н. Дощанова, Жұмыспен қамту орталығының бастығы О. Омар, Сарыарқа ауданы әкімдігінің өкілдері қатысты.
Ювеналды полиция бөлімшесінің бастығы Нейла Дощанова Сарыарқа аудандық ІІБ Ювеналдық полиция бөлімінің жыл басынан бері атқарған жұмыстарына тоқталып өтті. «2018 жылдың басынан беру жасөспірімдер ісі жөніндегі инспекторлар 28 іс-шара (рейдтік шаралар, акция және т.б.) өткізді. Соның нәтижесінде 1801 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оның ішінде 273-і жасөспірімдер, 750-і заңды тұлға және өзге де ересек адамдар.
Осы орайда, профилактикалық сипаттағы жұмыстар, әсіресе жазғы демалыс уақытында жандана түсетінін айтып өткім келеді. Жаз мезгілінде жасөспірімдерге түнгі уақытта үйден тыс жерде жүруге болмайтынын ескертемін», – дей келе ол жасөспірімдер қылмысы статистикасын сөйлетті. Оның айтуынша, атқарылған жұмыстарға қарамастан жыл басынан бері Сарыарқа ауданы бойынша жасөспірімдер қылмысының саны 50 пайызға өскен. Көп жағдайда мүліктік қылмыс, әсіресе ұялы телефон ұрлығы көптеп тіркеледі екен.
Ювеналдық полиция бөлімшесінің бастығы жиынға қатысқан жасөспірімдерге ұялы телефон ұрлаудың салдары ауыр болатынын түсіндірді. Жасөспірімдерді ұрлыққа итермелейтін де материалдық жағдай екенін айтқан Нейла Дощанова: «Осы орайда, біз бүгін Жұмыспен қамту орталығы, Сарыарқа ауданы әкімдігі және кәсіпкерлермен бірлесіп жасөспірімдерді жазғы демалыс уақытында жұмысқа орналастыруды қолға алып отырмыз. Ата-анаға ауыртпалық салғысы келмейтін, өзінің қалта шығыны үшін қаражатты өзі тапқысы келетін жасөспірімдерге төленетін 60-80 мың аралығындағы еңбекақы жеткілікті деп ойлаймын. Заңға сәйкес аптасына 36 сағат жұмыс істеу талабы сақталады. Жұмыс істегісі келген жасөспірімдерде таңдау көп», – деді.
Оның сөзін жалғаған Жұмыспен қамту орталығының өкілі жасөспірімдерге ұсынысын айтты. «Өздеріңіз білетіндеріңіздей, қазір жасөспірімдерге жазғы уақытты бос жүрмей, жұмыс істеулеріне барлық жағдай жасалған. Мен жазғы уақытта жасөспірімдерді жұмыспен қамту мәселесімен айналысамын. Біз қазіргі уақытта «Жасөспірімдер қылмысы профилактикасын модернизациялау» әлеуметтік жобасы бойынша жұмыс істеп жатырмыз. Білім басқармасы бізге жұмысқа орналастыру керек балалар тізімін берген болатын. Бүгінде 142 (14-15 жас) баланы жұмыспен қамтыдық. Бұл жастағы балаларға күнделікті 4 сағат қана жұмыс істеуге болады. Қазір 16 жастағы балаларды жұмысқа орналастыруды қолға алдық.
Жақында Алматы ауданының Мемлекеттік кірістер басқармасы қоғамдық жұмыстарға 50 орын бөлді. Жазғы уақытты тамақтану орындары, балмұздақ сату бекеттері көптеп ашылады. Маусымдық жұмыс болғасын, жұмыс берушілерге де жұмыскерлерді табу оңайға түспейді», – деді маман.
Оның сөзінше вакансиялар жарияланатын Enbek.kz порталы бар. Жұмыс берушілер осы портал арқылы жұмыскерлерді іздейді екен. Соның да көмегіне жүгінуге болатынын сөз етті.

Жадыра МЫРЗАХМЕТ, суретті түсірген Қанат КӨЛБАЕВ

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*