Азаматтық қоғам белсенділігі маңызды

Жуырда Ішкі істер министрі, полиция генерал-полковнигі Қалмұханбет Қасымов ҮЕҰ өкілдерімен кездесіп, табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың салдарын жою, сондай-ақ, алдын алу кезінде азаматтық қорғау органдарының үкіметтік емес ұйымдармен өзара іс-қимылдары мәселелері талқыланды.
Кездесу 2016-2020 жылдарға арналған үкіметтік емес ұйымдар мен мемлекеттің өзара іс-қимылдарын дамыту бойынша ұлттық жоспарды іске асыру аясында ұйымдастырылды. Іс-шараға ІІМ қызметтерінің басшылары мен ҮЕҰ өкілдері қатысты.
Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов өз қызметінде ТЖ-дан зардап шеккен адамдарға көмек көрсету, сондай-ақ, қазақстандық жас өрендерге қауіпсіз жүріс-тұрыс дағдыларын дарыту бағытын таңдаған ҮЕҰ-ға өзінің алғысын білдірді.
Министр: «Мемлекет басшысы 2016 жылы қабылдаған «Волонтерлік қызмет туралы» заң ҮЕҰ мен волонтерлардың біздің қызметке өтеусіз негізде қатысу механизмін қалыптастыруға мүмкіндік берді. Бүгінгі күні біз еліміздің барлық өңірдегі осындай 26 ұйыммен бірге қызмет атқарудамыз», – деп атап өтті.
Балалар мен жасөспірімдерге әртүрлі төтенше жағдайлар кезіндегі қауіпсіз жүріс-тұрыс дағдыларын үйрету үшін білім беру ұйымдарында ҮЕҰ-мен бірлесіп интерактивті және ашық сабақтар, нұсқаулар, өрт болған жағдайда эвакуациялау бойынша жаттықтырулар, өрт сөндіру бөлімдеріне экскурсиялар жиі өткізіледі, сондай-ақ, ерікті жас құтқарушылар қозғалыстары ұйымдастырылады. Ірі ауқымды ТЖ салдарын жоюға, табиғи және техногендік сипаттағы ТЖ-ның алдын алу бойынша профилактикалық іс-шараларға БҰҰ ЮНИСЕФ Балалар қоры, «Нұр Отан» партиясының «Жас Отан» жастар қанаты, Қазақстандағы Қызыл Жарты Ай, сондай-ақ, басқа үкіметтік ұйымдар белсенді қатысады.
Кездесуде сөз алған ІІМ Төтенше жағдайлар комитетінің төрағасы Владимир Беккер көктемгі мезгілде елімізде мыңнан аса елді мекен тасқын қаупінде тұрған кезде жергілікті атқару органдары тасқынның алдын алу үшін қыруар жұмыс атқарғанын тілге тиек етті. Ал Қызыл Жарты Ай ұйымының президенті Еркебек Арғымбаев өз кезегінде халыққа көмекті дер кезінде және жеткілікті мөлшерде көрсетудегі ұйымның маңызды рөліне тоқталып, ішкі істер органдарымен бірлесе жұмыс істеудің нәтижелілігіне баса назар аударды.
БҰҰ Балалар қорының балалар өмірі бойынша бағдарлама үйлестірушісі Анна Стативкина: «БҰҰ Даму бағдарламасы аясында бірнеше бағытта жұмыстар атқарылды. Соның ішінде Ішкі істер министрлігімен бірлесе атқарған жұмыстар нәтижелі болды», – деп өзара әрекеттестік пен бірлескен іс-қимыл барысында Ішкі істер министрлігі тарапынан болған қолдауға ризашылығын білдірді. Сонымен бірге, жалпы апаттар тәуекеліне талдау жүргізудің мақсаты мен міндетіне тоқталды. Баяндамашының қауіп-қатердің алдын алуда балалардың көзқарасы, ой-пікірі басты назарға алынуы тиіс деген бағыттағы ой-пікірі қызықты болды.
«Нұр Отан» партиясының «Жас Отан» жастар қанаты хатшылығының басшысы Кәрібек Дәулет көктемгі су тасқыны кезінде жастар тарапынан көрсетілген жұмыстарға тоқталып өтті.
Қазіргі уақытта қоғамдық сананы жаңғырту және қоғамды демократияландыру азаматтық қоғамның белсенділігінсіз мүмкін емес, осы себепті де азаматтық қоғамды дамыту аса маңызды екенін айтқан «Жұлдыз» балалар қоғамдық ұйымдарының одағы» ҚБ президенті Елена Дмитриенко бұл бағытта Ішкі істер министрлігімен бірлесе атқаратын жұмыстардың келешекте де зор нәтижелер беретініне сенім білдірді. «Ұлттық волонтерлік жүйе» менеджері Құралай Жарқымбаева Қазақстандағы Ұлттық волонтерлік желісінің жұмысы, волонтерлік ұйымдар, волонтерлермен жұмыс жасайтын ҮЕҰ-лар, сонымен қатар, волонтерліктің дамуына қызығушылық білдіретін жеке тұлғаларды біріктіретін рөлі туралы айтты.
Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі Азаматтық қоғам істері комитетінің төраға орынбасарының м.а. Гүлбара Сұлтанова Қоғамдық кеңестердің әлеуетін өсіру мақсатында ҮЕҰ, мамандармен, халықаралық ұйымдармен бірлескен жобалар тізбегі басталғанын айта кетті.
Жиынды қорытындылау кезінде Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов ҮЕҰ мен волонтерлер халықтың назарына қауіпсіз жүріс-тұрыс қағидаларын жеткізу, алғашқы кезектегі көмек көрсету шараларын түсіндіру бойынша профилактикалық іс-шаралар өткізу нақты нәтиже беретінін атап өтті.
«Мемлекеттік органдар, оның ішінде ішкі істер органдары үкіметтік емес ұйымдармен бірлесе жұмыс істеген жағдайда ғана еліміз үшін маңызды стратегиялық реформалар толық жүзеге асырылады», – деді ол.
Кездесу соңында халықтың қауіпсіздік мәдениетін арттыру бойынша мүдделі мемлекеттік органдар мен ҮЕҰ-ны жұмылдыра отырып профилактика мәселелері бойынша ІІМ және азаматтық сектор өкілдері арасында өзара іс-қимылды нығайту және қызметтестікті кеңейту бойынша ұсынымдар берілді.

Жадыра ШАМҰРАТОВА

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*