Қылмыстық ахуал қалыпты

Өткен жұмада Астанада Ішкі істер органдарының қызметі мәселелері жөніндегі қоғамдық кеңестің отырысы өтіп, Ішкі істер министрі, полиция генерал-полковнигі Қалмұханбет Қасымовтың есебі тыңдалды.
Кеңесте министр ішкі істер органдарының ағымдағы мерзімдегі жедел қызметінің нәтижелері жөнінде баяндады.
– Еліміз бойынша қылмыс жағдайы жалпы алғанда біршама төмендеді (12,7%). Соның ішінде ауыр, орташа және аса ауыр емес қылмыс түрлері, тонау, ұрлық, бұзақылық пен зорлық, қоғамдық орындардағы және көшедегі құқық бұзушылықтар саны азайды. «Өткен жылар» санатына жататын 4,3 мың қылмыс ашылса, тергеу мен соттан бой тасалап жүрген 1,2 мың қылмыскер ұсталды, – деп атап өтті Қ. Қасымов.
Министр, сондай-ақ, қоғамдық тәртіпті күзету, жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету және құқық бұзушылықтың алдын алу туралы әңгімеледі. Жасөспірімдер арасындағы қылмыстың алдын алу бағытында қабылданған шаралар, Мемлекет басшысы бекіткен ұсақ бұзақылыққа «мүлдем төзбеушілік» талаптарына сәйкес көшелер және басқа да қоғамдық орындарда тәртіпті қадағалауға қатысты жүргізілген жұмыстар жөнінде сөз қозғады.
Сонымен бірге, Қалмұханбет Қасымов қоғамдық тәртіпті сақтау механизмдерін жетілдіру, инновациялық технологияларды енгізу, әкімшілік өндірістік шараларды автоматтандыруға көшіру, автокөліктерді тіркеу және жүргізуші куәліктерін беру қызметтерін атқаратын мамандандырылған Халыққа қызмет көрсету орталықтарының жұмысына тоқталды. Бұл орталықтарда жыл басынан бері 960 мың мемлекеттік қызмет көрсетілген.
Баяндамада көші-қон қызметін қадағалауды қамтамасыз ету, азаматтардың барлық мекенжай мәліметтеріне Тіркеу кодын бекіту және «электронды үй кітабы» жүйесін құру мәселелері де жан-жақты қозғалды.
Министр Кеңес мүшелеріне Ұлттық ұланның аса маңызды мемлекеттік және стратегиялық нысандарды, қылмыстық атқару жүйесі нысандарын күзету, 200-ден астам қоғамдық-саяси, мәдени-көпшілік, спорттық шараларды өткізу кезіндегі жауынгерлердің қоғамдық тәртіпті сақтау қызметі жайында айтып берді.
Ведомство басшысы «100 нақты қадам – Ұлт жоспарына» сәйкес пенитенциарлық инфрақұрылымды жаңғырту туралы, сотталғандарды жұмыспен қамту, оларға жалпы және кәсіби білім беру, шағын және орта кәсіп бойынша мекеменің өндірістік қызметіне тартуға қатысты атқарылған жұмыстар жайында нақты ақпараттар ұсынды.
Бұған қоса, табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың зардаптарын жоюға қатысты азаматтық қорғау бөлімшелерінің жұмысы туралы да мәлімдеді. Оның айтуынша, төтенше жағдайлардың көп бөлігін өрт оқиғалары құрайды. Азаматтық қорғау қызметкерлері өртті сөндіру және зардаптарын жою үшін 17,7 мың рет атқа қонып, 3,7 мың адамды апаттан құтқарған, 9,4 мың адамды қауіпсіз жерлерге көшірген, 1,4 мыңнан астамына алғашқы медициналық көмек көрсеткен.
Полиция генерал-полковнигі Қалмұханбет Қасымов Кеңес мүшелері алдында ішкі істер саласында жемқорлыққа қарсы күрес бойынша қабылданған кешенді шаралар, қызметтік тәртіп пен заңдылықтарды бұзудың алдын алу, сондай-ақ, қызметкерлер арасындағы кадрлық және тәрбие жұмыстары жұмыстарын жетілдіру, қоғаммен ашық байланысқа түсу бағытындағы жұмыстар жөнінде де баяндап берді.
Соңында министр Қоғамдық кеңес мүшелерінің сұрақтарына жауап беріп, саланың қызметіне қатысты мәселелермен ой бөлісті. Жалпы есеп мақұлданып, Кеңес мүшелері министрлік қызметінің тиімділігін арттыруға қатысты нақты ұсыныстар берді.

ІІМ баспасөз қызметі

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*