Өрт өршімесін десек…

Жаз маусымы басталысымен табиғат аясына демалуға шығатындардың қатары көбейетіні аян. Алайда, адамдардың салғырт қарауынан далалық алқаптарда немесе орман ішінде өрт шығып жатады. Әсіресе, құрғақ шөптердің жануынан басталатын бұл өрттерді дер кезінде тоқтатпаса, ол өз кезегінде үлкен шығындарға алып келіп жатады.
Осындай дала-орман алқаптарында болатын өрттердің алдын алу және сөндіру шараларын пысықтау мақсатында Астана қаласы Төтенше жағдайлар департаменті таяуда жергілікті коммуналдық және шұғыл қызметтермен бірлескен кешенді оқу-жаттығу шарасын өткізді.
Жыл басынан бері Астана қаласында құрғақ шөптер мен қамыстардың жануынан өрт сөндіру құрылымдары 70 рет шақыртуға шығып қайтқан екен. Өртенген алқаптардың жалпы аумағы 29 465 шаршы метрді құраған. Олардың басым көпшілігінде тілсіз жаудың таралуына адам факторы себеп болған. Мәселен, солардың бірі – сөндірілмеген темекі тұқылы.
Оқу-жаттығудың жүру жоспарына да осы сөндірілмеген темекі тұқылы алынды. Өтіп бара жатқан автокөліктің бірінің лақтырып кеткен темекісінен құрғақ шөп тұтанып, өрт өршіп, орман алқабына қарай бет алған. «101» нөміріне орман алқабының жанып жатқаны туралы хабарлама түскен шақта, болжамды бағалау бойынша күшті желдің әсерінен (жел екпіні 10 м/с дейін) өрттің таралуы №2 жоғары шақырту нөмірі бойынша тіркеледі. Өзара әрекет ету жоспарына сәйкес, барлық тиісті қызметтерге хабарлама беріліп, өрт орнына Өрт сөндіру қызметі бөлімшесі, 102 қызметі, АМО, «Астана орманы» ЖШС және қаланың коммуналдық қызметтері жіберіледі.
Оқиға орнына Өрт сөндіру қызметінің кезекші бөлімшесі жеткенде, 5000 м2 ауданда жерде жатқан ағаш жапырақтарының өртеніп жатқаны анықталды. Штаб ұйымдастырылып, Өрт сөндіру қызметі барлау жүргізіп, өртті сөндіру үшін лафеттік өрт оқпандарын береді. Ал коммуналдық қызмет жұмысшылары «Нұсқаулыққа» сәйкес суару-жуу машинасы және аспалы өрт сөндіргіш көмегімен өрт аумағын (периметрі бойынша) сөндіру жұмыстарына кіріседі. Өрттің ары қарай таралмауы үшін жерді жырту жұмыстары жүргізіледі. Осы уақытта ТЖ орнына өзара әрекет ету қызметтері де келіп жетеді. Олар – «Жасыл-Аймақ» РМК, «Зеленстрой» АҚ, «Астана Су Арнасы» МКК. Өрт орнына суару-жуу машинасы арқылы үздіксіз су беру ұйымдастырылады. Осылайша өрт уақытында оқшауланып, сөндірілді. Кешенді оқу-жаттығуға барлығы 24 техника және жеке құрамнан 60 адам жұмылдырылды.
Әртүрлі мәліметтер бойынша, табиғи өрттің шығуы 70-95% адам кінәсінен болады екен. Туристер, саңырауқұлақ жинаушылар, балықшылар және ағаш дайындаушылар орманда өрт қауіпсіздігіне үстірт қарайды. Ал заңсыз ағаш кесіп сатумен айналысатын адамдар көп жағдайда орман арасын бұта-жаңқалардан тазартпай кетеді екен де, бұл өрттің өршуіне әкеп соғады. Тәжірибе көрсеткендей, табиғи жағдайда өрттің туындау себептері әртүрлі. Ол бірінші кезекте отты пайдалануда салғырт қарау. Өрт ошақтарын сөндірмей тастап кету, соның ішінде темекі тұқылы да бар. Далалық жерге апарып қоқыстарды өртеу. Тіпті, ең азы шыны сынығы арқылы тар призмамен өткен күн сәулесінің қуатынан да өрт туындауы мүмкін екен. Сол себептен де, төтенше жағдайлар қызметкерлері елорда тұрғындары мен қонақтарынан табиғат аясына демалуға немесе өзгедей де шаруамен шыққан кезде өрт қауіпсіздігіне мұқият болуын сұрайды.

Нұрлан ОРАЗҒАЛИЕВ, суреттерді түсірген Бек ИМЕКЕШОВ

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*