Жас маманға жүрекжарды лебіз

Елордамыздағы Қарулы күштердің Ұлттық әскери-патриоттық музейінде жас қызметкерлер мен олардың тәлімгерлерінің республикалық слеті өтті.
Шараны кіріспе сөзбен ашқан Ішкі істер министрлігі Кадр жұмысы департаментінің бастығы, полиция подполковнигі Ақынғали Дәрменов еліміздің әр аймағынан слетке қатысуға келген жас тәртіп сақшыларының алдағы жұмыстарына табыс тілеп, полиция қызметкері өз ісінің шебері, халықтың қорғаны, сондай-ақ, туған елінің шынайы патриоты болуы керектігін баса айтты.
– Елбасымыз ішкі істер органдарының дамуына жіті көңіл бөліп келеді. Соның арқасында соңғы жылдары біздің қызметкерлер заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етіліп, уақыт талабына сай еңбек етуде. Сондай-ақ, бізге жергілікті атқарушы органдар да қол ұшын созып жатыр. Олар тәртіп сақшыларын көлікпен, баспанамен және әлеуметтік жәрдемдермен қамтамасыз етуде. Бұл біздің қызметкерлерден халықтың заңды мүдделері мен қауіпсіздігін қорғау жолында аянбай қызмет қылуды талап етеді, – деді ол.
Ұрпақтар арасындағы сабақтастықты нығайтатын мұндай шараларда ішкі істер саласы ардагерлерінің кеңесі мен батасы маңызды. Слетке арнайы келген ҚР Ішкі істер органдары және Ұлттық ұланы ардагерлері қазақстандық кеңесінің төрағасы, милиция генерал-майоры Өмірзақ Болсамбеков өзінің осы салада атқарған ұзақ жылғы қызметі жайында кеңінен айтып, толағай тәжірибесімен бөлісті.
– Мен қазір сіздерге, жас офицерлерге қарап, 1963 жылды есіме алып тұрмын. Сол жылы мен де дәл қазіргі сіздер сияқты осы салаға алғаш қадам басып, Қазақ КСР-і Ішкі істер министрлігінің Тергеушілер слетіне қатысқан болатынмын. Өздерің секілді қызметімді аға лейтенант шешінен бастап, адал еңбек еткеннің арқасында лауазымымыз да, шеніміз де өсіп, осындай табысқа жеттік. Естеріңізде болсын, ешкім де генерал немесе министр болып тумайды. Оған тек өз ісіне шын беріліп еңбек еткен адам ғана жетеді. Қазір осы отырған сіздердің араларыңыздан да болашақ генералдар мен министрлер шығатынына менің ешқандай күмәнім жоқ, – деді Өмірзақ Қоспанұлы.
Көпті көрген ардагер жас мамандарға қызмет ету барысында қаперде ұстауы тиіс ең басты ескертуін де жасырып қалмады.
– Айналайындар, ішкі істер саласында табысқа жетемін, елім үшін адал қызмет етемін дейтін болсаңдар, ең бастысы – жемқорлық деген бәлеге жоламаңдар. Бүгінде қоғамда тәртіп сақшыларын сыбайлас жемқорлық жасайды деп айыптаушылар көп. Сендер сол айыптауларды жоққа шығарып, адалдықтың үлгісін көрсете біліңіздер. Жемқорлық ешкімді жақсылыққа апармайды. Талай жылдар бейнетпен қол жеткізген табысың мен беделіңді бір сәтте жоққа шығарады, – деді милиция генерал-майоры.
Шара барысында Астана қалалық ІІД жанындағы Консультативтік-кеңесші органның төрағасы Абай Байкенжин, Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттіктің Астана қаласы бойынша департаментінің бастығы Тілеген Қаскин, сондай-ақ, бокстан Афины олимпиадасының чемпионы, Вэл Баркер кубогының иегері Бахтияр Артаев сөз алып, жас тәртіп сақшыларына өздерінің жүрекжарды тілектерін білдірді.
– Мен бүгінгі республикалық слетке Алматы қалалық ІІД атынан қатысып отырмын. Осы кездесуде бізге пайдалы ақылы мен тәлімгерлік насихатын айтқан аға буынның кеңестері мен үшін құнды әрі пайдалы. Мен бұл салаға өз атамның жолымен келдім. Ол саналы ғұмырын ішкі істер саласына арнаған адам. Менің ең алғашқы тәлімгерім де сол кісі болатын. Өзім секілді жас қызметкерлерге осы салада абыройлы әрі тәртіп сақшысы деген атқа лайықты еңбек етуді тілеймін, – деп ойымен бөлісті Алматы қаласы, Жетісу аудандық ІІБ қызметкері Кирилл Игначенко.

Ескендір ТАСБОЛАТ, суретті түсірген Қанат КӨЛБАЕВ

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*