Сақшысы сақадай елдің мұраты да биік

Әлемнің озық елдеріндегі соңғы технологиялық жетістіктерді, жаңа заманның сан алуан құрал-жабдықтары мен техникаларын, бір сөзбен айтқанда, «ақылды» инновациялық индустриалды жобалардың жемісін біздің еліміз де игілігіне пайдалануда. Біз бұған ел Президенті Н. Назарбаевтың көреген бастамаларының, тың экономикалық жобаларының арқасында қол жеткіздік. Ішкі істер саласының қызметін заман талабына сай жан-жақты жетілдіру ел тұрғындарының қауіпсіздігін тиімді қамтамасыз етуге мүмкіндік беріп отыр.
Дегенмен, жаңа заманның ақылды технологияларын өздерінің қылмыстық мақсаттарына сәтімен пайдаланушылар қатары артқаны да жасырын емес. Бұл өз кезегінде ішкі істер саласы қызметін бұрынғыдан да күрделендіре түсті. Қазір полиция болу үшін тек заңдар мен тәртіптерді білу жеткіліксіз. Ақпараттандыру және байланыс саласындағы электронды, цифрлы техникалардың көмегімен жасалған қылмыстарды ашу үшін жоғары интеллектуалды білім-білік қажет және оны жыл сайын жетілдіріп отыру керек.

Байқаңыз, бейнебақылау!
Елбасымыз Н. Назарбаев өзінің әр жылдағы халыққа Жолдауларында ішкі істер саласының қызметін жетілдіруге үнемі баса мән беріп, алдымызға нақты міндеттер қойып отырады. Соның нәтижесінде ішкі істер саласы қызметі жылдан-жылға жетіліп, қарқынды дамып келеді. Мәселен, бұдан бірнеше жыл бұрын елімізде банкоматтарға арнайы құрылғы қондырып, азаматтардың пластикалық карталарының ақпараттарын көшіріп алу арқылы банк есепшоттарынан миллиондаған ақша жымқырған «ақылды» алаяқтар шыққан еді. Сондай-ақ, арнайы компьютерлік бағдарламалар арқылы түрлі вирустар таратып, компаниялар мен жеке адамдардың банк есепшоттарын тонаған интернет-алаяқтар да елдің есін алды. Алайда, ақпараттандыру саласындағы қылмыстарды ашу үшін ішкі істер саласында арнайы құрылған бөлімшелердің білікті қызметкерлері интернет-алаяқтардың, киберқылмыскерлердің жолына дер кезінде тосқауыл қоя білді. Бұл бөлімшелер қатты дискілерді, флэш-тасымалдағыштарды және басқа да ақпарат тасымалдайтын құрылғыларды зерттейтін комьютерлік бағдарламалармен дер кезінде толық қамтамасыз етілген болатын.
Сонымен бірге, киберқылмыспен күресетін бөлімшелердің қызметкерлері жыл сайын АҚШ, ҚХР, Түркия сияқты елдерге оқыту курстарына барып, білімдерін жетілдіреді. Бұған қоса, ведомстволық оқу орындары базасында да отандық сарапшыларды шақырту арқылы біліктілік курстарын өткізу дәстүрге айналды. Өйткені, ақпараттық технологиялардың жедел қарқынмен дамуы жаңа қылмыс түрлерінің шығуына да өз әсерін тигізген болатын. Ал мұндай қылмыстарды ашуға әрдайым әзір болу үшін полиция қызметкерлеріне жаңа заманның соңғы технологияларын оқып-үйреніп, дер кезінде меңгеруі ауадай қажет.
Бүгінде қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуде бейнебақылау жүйесін қолдану қалыпты жағдай ретінде санаға сіңді. Еліміздегі ірі қалалардағы сауда орталықтары, дүкендер, банктер мен кеңселер, білім беру мекемелері және басқа да қоғамдық орындардың барлығы бейнебақылау камераларымен жабдықталған. Соңғы кезде осындай камераларды тұрғын үй секторларына енгізу қолға алынды. Бұл бөтеннің мүлкін ұрлау, бұзақылық және басқа да құқық бұзушылықтарды дер кезінде анықтауға, алдын алуға үлкен септігін тигізетіні анық.
Өткен жылы елімізде бейнабақылау камералары көмегімен екі мыңнан аса қылмыс «ізі суымай» ашылды. Соның ішінде 6 кісі өлімі, 16 қарақшылық шабуыл, 272 тонау, 604 бұзақылық, 614 ұрлық, 107 автокөлік ұрлығы анықталып, қылмыскерлер лайықты жазасын алды. Ал камераның көмегімен анықталған әкімшілік құқық бұзушылық 500 мыңға жуықтайды. Осы көрсеткіштердің барлығы бейнебақылау камераларының ел тұрғындарының тыныштығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуде үлкен рөл атқаратынын көрсетеді. Сондықтан қазіргі уақытта «бұлтты» бейнекамералардың қызметін дамыту, қолданысқа кеңінен енгізу, әсіресе, тұрғын үйлердің кіреберістеріне орнату бағытында нақты жұмыстар атқарыла бастады. Мұндай бейнекамералардың әдеттегі бейнекамералардан артықшылығы көп. Оның бейнемәліметтері арнайы жинақтағышта сақталады және ол мәліметтерді еліміздің кез келген түкпірінде отырып, интернетке кіруге мүмкіндігі бар компьютермен қарауға болады. «Қазақтелеком» АҚ-тың басым бағыттарының бірі болып табылатын бұл жоба қазіргі уақытта Астана, Алматы қалаларында, Жамбыл және Павлодар облыстарында енгізілуде.

Цифрландыру жүйесі жетістікке жол ашты
Ішкі істер саласының басты міндеті – қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті сақтау, азаматтардың еркіндігі мен бостандығын қорғау болғандықтан, полиция қызметкерлерінің де өз тарапынан заңсыздықтарға жол бермеуі маңызды. Сол себептен бүгінде жол-патрульдік полициясы қызметкерлерін бейнетіркеуіштермен қамтамасыз етуге баса көңіл бөлініп отыр. Бұл бейнетіркеуіштер қызмет атқарып жүрген полицейдің күні-бойғы барлық әрекеттерін жазып отырады. Сондықтан бейнетіркеуіші бар тәртіп сақшысы ешқандай заңсыз әрекеттерге бара алмайды.
Жол қозғалысына қатысушылар тарапынан орын алатын жемқорлық және басқа да заңсыздықтардың алдын алып, тосқауыл қоюда осындай жаңашылдық айтарлықтай септігін тигізіп тұр. Соңғы үш-төрт жыл көлемінде жергілікті атқарушы органдардың қаржысы есебінен тәртіп сақшылары 18 мыңнан астам бейнетіркеуішпен қамтамасыз етілді. Биыл өңірлердегі ішкі істер органдары 3938 дана бейнетіркеуішке өтінім берген болатын, оның бәрі жергілікті әкімдіктер тарапынан қолдау тапты.
Полицияның күнделікті қызметіне электронды Бірыңғай әкімшілік өндіріс тізілімін енгізу – цифрландыру бағытына жасалған нақты қадамдардың бірі. Өткен жылы шілде айында Астана қалалық ІІД базасында арнайы пилоттық жоба іске қосылған еді. Осы жоба негізінде жол-патрульдік полициясы қызметкерлері жол ережесін бұзу фактілеріне байланысты әкімшілік хаттамаларды планшеттердің көмегімен толтыруды жүзеге асыра бастады.
Бұрын қағаз хаттаманы толтыру үшін полиция қызметкеріне кемінде 15-20 минут уақыт қажет еді, ал электронды хаттама 5 минутта толтырылады. Жобаның тағы бір артықшылығы, электронды хаттама толтыру кезінде полиция қызметкері автоматты жүйеде мәліметтер базасына кіріп, көлік құралы, жүргізуші куәлігі, жол ережесін бұзушының нақты мекенжайын, бұрын салынған айыппұлдың бар-жоқтығын және техникалық тексеруден өткен-өтпегені туралы ақпаратты сол бойда алады. Пилоттық жобаға 2017 жылдың 19 қазанында барлық өңірлік ішкі істер органдарының қосылуы қамтамасыз етілді. Қазіргі уақытта жол-патрульдік полициясы қызметкерлері 913 планшетпен қамтамасыз етілген. Олар толтырған электронды хаттама 95 мыңнан асады. Полиция қызметкерлерін планшеттермен жабдықтау жұмысы әкімдіктермен бірге одан әрі жалғасын табады.
Ішкі істер саласының қызметін жетілдіруде, соның ішінде мемлекеттік қызметтер көрсетуде еліміздің азаматтарына қолайлы жағдайлар жасауға ұдайы көңіл бөлінді. ІІМ-нің «Көлiк құралының сәйкестендіру нөмірі бойынша көлік құралдарының жекелеген түрлерiн мемлекеттiк тiркеу және есепке алу, механикалық көлік құралдары жүргізушілерін әзірлеу, емтихандар қабылдау және жүргізуші куәліктерін беру тәртібін бекіту туралы» бұйрығына енгізілген өзгерістер мен толықтыруларға сәйкес, азаматтарға көлік құралдарын тіркеу кезінде барынша қолайлы жағдайлар жасалды. Қазір бұрын тіркелген көлікті қайта тіркеу кезінде тексеруден өткізу талап етілмейді. Сондай-ақ, көлік жүргізу куәлігін ауыстырғанда оның жарамдылық мерзімі аяқталмаса, медициналық тексеруден өтудің қажеті жоқ. Бұл жол қауіпсіздігі саласында атқарылып жатқан жұмыстардың бір парасы ғана.

Ғарыштық мониторингтің кереметі
Ішкі істер саласы – көпфункционалды сала. Соның ішінде төтенше жағдайларда тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, табиғи және техногендік апаттарды алдын ала ескерту, болжау да үлкен маңызға ие. Бүгінде су тасқыны, мұнай төгілуі, құрғақшылық, дала және орман өрті сияқты апаттарды ғарыштық мониторинг арқылы анықтау жолға қойылды. Соның нәтижесінде республика аумағындағы қауіпті нысандарды қадағалау, төтенше жағдайларды дер кезінде анықтау, тәуекелдерін бағалау мүмкіндігі артты. Табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайларға ғарыштық мониторингті «Қазақстан Ғарыш сапары» Ұлттық компаниясы» АҚ және түсірілімдерді арнайы геологиялық порталға орналастыратын коммерциялық ұйымдар қамтамасыз етіп отыр. Ғарыштық түсірілімдерді Төтенше жағдайлар департаменттерінің кезекші-диспечерлік қызметі өңдеп, одан соң ТЖ жөніндегі бөлімдер мен басқармаларға ақпаратты нақтылау және тиісті шешімдер қабылдау үшін жолдайды.
Өткен 2017 жылы облыстардағы ТЖД-іне 7938 түсірілім мен картографиялық мәліметтер, су тасқынына қатысты 800 түсірілім жіберілді. Өрт қауіптілігі жоғары мезгілде ғарыштық мониторинг арқылы Қарағанды, Шығыс Қазақстан, Алматы және Атырау облыстарындағы табиғи өрт ошақтары дер кезінде анықталып, тиісті шаралар қабылданған болатын. Бұдан бөлек, төтенше жағдайлардың жедел қызметінде спутниктік навигация жүйесі де кеңінен қолданылуда. Қазір автокөлікті GPS-қабылдағышпен спутниктік мониторингтеу құралы Астана, Алматы қалалары және Шығыс Қазақстан облысындағы өрт сөндіру қызметтеріндегі 173 техникаға орнатылды. Мұндай құрылғылар техниканың жүрген жерін, қозғалыс бағытын және басқа да мәліметтерді қашықтықтан біліп отыруға мүмкіндік береді. Ал Төтенше жағдайлар департаменттерінің жедел құтқару жасақтары, құтқарушы көліктер, басқарушы көліктер мен жүзу құралдары «Prestigio», «Garmin» GPS навигаторларының ауқымды айқындаушы жүйесі приборларымен жабдықталған. Осы приборлар арқылы елсіз жерлерде бағыт-бағдарды айқындау, техниканың тұрған жерін, сондай-ақ, жоғалған адамдардың (оларда GPS навигатор болған жағдайда) жүрген жерлерін нақтылауға мүмкіндік мол.
Саладағы соңғы технологиялар, қондырғылар мен арнайы приборлар осылайша еліміздегі төтенше жағдайлар кезінде тұрғындарға дер кезінде көмек көрсетіп, қауіпсіздігін қамтамасыз етуге үлкен септігін тигізуде. Төтенше жағдайлар қызметін одан әрі жетілдіру бұдан былай да басты назарда болады.

Мұхит асқан қылмыскер де құтылмайды
Ел тұрғындарының қауіпсіздігін жоғары деңгейде қамтамасыз ету мақсатында Ішкі істер министрлігі тек ішкі қатерлерге ғана емес, сонымен қатар, сырттан төнетін қауіптердің де жолын кесуді назардан тыс қалдырмайды. Себебі, Қазақстанның әлемдік аренадағы беделі артқан сайын, еліміздің шетелдің озық елдерімен байланысы нығайып, арадағы барыс-келістер көбейді. Біз сияқты әлемдік экономиканың бір бөлшегіне айналған ел үшін ұйымдасқан трансұлттық қылмыс та тансық емес. Осыған байланысты, қазіргі уақытта еліміздегі Интерпол ҰОБ-ның және ТМД аумағындағы ұйымдасқан қылмыспен күрес бюросының мүмкіндіктерін пайдалана отырып, криминалдық топтардың қызметі туралы жедел ақпарат алмасуды жетілдіру жолға қойылды.
Бірыңғай ақпараттық жүйеге енгізілген нақты ақпараттар негізінде жақын шетелдердегі бес жүзге жуық криминалдық «серкелердің» елімізге келуіне шектеу жасалды. Интерпол ҰОБ арқылы Қазақстанның құқық қорғау және басқа органдары осы құрылымның жаһандық байланыс жүйесін кеңінен пайдаланып отыр. Осы жүйенің көмегімен Интерполға мүше елдердің барлығымен полиция қызметіне қажетті ақпараттармен жедел алмасуға мүмкіндік артты. Соның нәтижесінде есірткінің заңсыз айналымы, адам саудасы және басқа да қауіпті қылмыс түрлеріне қатысты мамандандырылған ақпараттар базасы қалыптасты. Яғни, Қазақстан БҰҰ Бас хатшылығының қырықтан астам ел мүшелікке кірген «Миллиенум» жобасына, БҰҰ-ның адам саудасына қарсы күрес жөніндегі 6 негізгі халықаралық конвенциясына қатысуы арқылы еліміздегі құқық қорғау органдарына, соның ішінде ішкі істер саласының әлемдегі құзыреті артуына айтарлықтай септігін тигізді. Елімізде қылмыс жасап шетелге қашатын қылмыскерлердің көп ұзамай-ақ заң алдында жауапқа тартылып жататыны сондықтан.

Жадыра ШАМҰРАТОВА

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*