Полиция полковнигі Оңал БЕКЕЕВ: Екі жылда атқарылған іс аз емес

Астана қаласы Мамандандырылған күзет қызметі басқармасының бастығы, полиция полковнигі Оңал Бекеевті кәсіби білікті кадр ретінде ғана емес, азаматтық ұстанымы айқын, адамгершілігі мол, өмірден түйгені көп азамат ретінде білеміз. Ол МКҚБ-де көп жыл қызмет етпесе де, қызметтің өрге басуына аз еңбек сіңірген жоқ. Күзет басқармасына екі жыл басшылық еткен Оңал Батайұлы жақында Алматы облыстық ІІД бастығының орынбасары қызметіне тағайындалған болатын. Жаңа қызметке ауысар алдында полиция полковнигімен күзет қызметі жайында сұхбаттасудың сәті түскен еді.
– Оңал Батайұлы, жалпы мемлекеттік күзет қызметі басқармасының қызметі жайлы айтып берсеңіз?
– Біз Үкіметтің қаулысына сәйкес арнайы бекітілген тізбе бойынша аса маңызды стратегиялық объектілердің қауіпсіздігін қамтамасыз етеміз. Астана қаласында орналасқан 57 объект біздің қарауымызда, оған 200-ге жуық жеке құрам жұмылдырылады. Жеке құрамның барлығы қарумен, қосымша арнайы құралдармен қамтылған. Маңызды нысандардың ішінде ерекше атап өтетіні, елордамызды сумен, жылумен қамтамасыз ететін – «Астана» су торабы. Бұдан бөлек, қаланың ішінде су сору стансасы бар, бұл да стратегиялық нысан. Мұнда қызметкерлер автомат сияқты қаруларды асынып кезекшілікке түседі.
Бұдан басқа, Астана қаласында 3 жылу орталығы бар. Бұл да маңызды объектілер. Астанада өздеріңіз білесіздер, қыс 5-6 айға созылады. Біз қысы-жазы осы ғимараттардың қауіпсіздігін қамтамасыз етеміз. Мен ең маңызды деген нысандарға тоқталып отырмын. Бұдан басқа Астана қаласының әкімдігі, қалалық сот, прокуратура да біздің бақылауымызда. ЭКСПО-2017 көрмесіндегі Қазақстан павильонын Елбасы мемлекеттік күзетке жататын тізбеге енгізіп, бізге сеніп тапсырды. Әлемде теңдесі жоқ ғимараттың қауіпсіздігін қамтамасыз ету біз үшін үлкен мақтаныш.
Бүгінде МКҚБ жеке құрамы 1000 қызметкерден асады. Мемлекеттік маңызды нысандардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін бұл жеке құрам жеткілікті. Елбасы биылғы Жолдауда полицияның жұмысын жаңа технологиялармен ауыстыру мәселесі туралы атап өтті. Біз осы Жолдау жүктеген міндеттерді іске асыру мақсатында бірнеше ұсыныс енгіздік. Қазір Елбасы Жолдауына сәйкес штаттық қысқарту мәселесін қарастырып жатырмыз. Бұл бұрын полицей тұрған жерге камера қою арқылы жүзеге асырылатын болады. Адамның жұмысын техника алмастырады. Алғашқы қадамдар жасалып жатыр.
Бұл қысқарту кезең-кезеңмен жүргізілмек. Бірден қысқарту мүмкін емес. Себебі, ол үшін адамның күшін алмастыратын техникаларымыз сақадай сай, дайын болуы керек. Техника деген жиырма төрт сағат бақылауға мүмкіндік береді. Яғни, техника тұрған жерде ұйықтап қалу, қалғып кету, тәртіп бұзу сияқты адами факторларға жол берілмейді. Оның үстіне, камераға жазылған бейне архивте кемінде 30 күн сақталады.
– Елбасы Жолдауын іске асыру барысында цифрландыруды енгізу күзет басқармасында қалай іске асырылуда?
– Цифрландыру жүйесіне көшу мақсатында бірқатар істер жүзеге асырылды. Мысалы, бүгінде басқармада құжат айналымы электронды түрде жүреді. Жоғарыда айтып өткенімдей, заманауи технологияларды енгізу үрдісі қарқынды. Алдағы уақытта цифрлық жүйеге көшу мәселесі толық шешіледі. Қазірдің өзінде бекеттерде тұратын полицейлер жағдайдың тұрақты екенін кезекші бөлімге баяндап отыру тәртібі оңтайландырылды. Айталық, олар осыған дейін сағат сайын кезекші бөлімге телефон соғып отырған болса, қазір аппаратқа саусақ таңбасын қою арқылы білдіру тәсілін енгіздік. Кезекші бөлім полицейлер мен барлық қызметті үйлестіріп, қадағалап отырады. Себебі, 200-ге жуық қызметкердің барлығы сағат сайын күзетіп тұрған нысандарындағы жағдайды баяндап отырады. Ал бұдан өздерінің уақыттарын жоғалтатыны өз алдына, кезекші бөлімге де дамыл болмай кетеді. Міне, жаңағы аппарат саусақ таңбаларының көмегімен ахуалдың тұрақты екенін білдіру тәсілі.
Одан бөлек, кіріп-шығу тәсілін де электрондық жүйеге ауыстырдық. Бекеттерде тұрғандар келіп-кетушілерді карточкалары арқылы өткізіп, қай уақытта кіріп, қай уақытта шыққандарын қадағалап отырады.
– МКҚБ қызметкерлері күзететін обьектілерде кіріп-шығу тәртібі бұзылатын, қызметкерлер мен келіп-кетушілердің арасында түсінбеушілік туындайтын кездер бола ма?
– Театр киім ілгіштен басталса, мемлекеттік нысандардағы жұмыс біздің тексерісімізден басталады. Біз мекемеге келген адамдардың көңіл күйлерін түсірмеуіміз керек. Мүмкіндігінше, жылы қарсы алып, жылы шығарып салуымыз керек.
Полицейлер ғимарат басшыларымен екіжақты келісілген ережеге сәйкес қызмет көрсетеді. Объектіге кірудің тәртібі болады. Оған кез келген адам кіріп-шыға алмайды. Мысалы, мекеме басшысына келген бөгде адам рұқсатнама бюросынан рұқсат қағазын алу керек. Мекеменің жұмысшыларының арнайы куәліктері бар, соны турникетке басу арқылы ішке енеді. Кіру тәртібі бұзылған жағдайда пунктте тұрған полицейлер бірден анықтап, тиісті шара қолданады.
Осы күнге дейін бақылау пунктінде тұратын полицейлерге шағым түскен емес. Бұл полицейлердің өте тәртіпті екенінің белгісі. Мақтанышпен айту керек, біздің полицейлер әдептілік кодексінен аттаған емес. Полицейді иығындағы погонына қарап бағаламау керек. Менің ойымша, қызметкердің тәрбиесі, адамгершілігі қашанда басты құндылық. Мысалы, адамшылығымен кейбір офицерлерден жоғары тұрған сержанттарымыз бар. Сол себепті де біз сержантына да, офицеріне де бірдей қатынас танытамыз. Мен өзім де солардың қатарынанмын.
– Күзет басқармасының қарауына берілген нысандар террорлық қауіп-қатерден қаншалықты қорғалған?
– Бұл обьектерілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін Үкімет қаулысына сәйкес обьектілердің инженерлік-техникалық қорғалуы бойынша арнайы талаптар бар. Соған сәйкес, нысан басшылары сол талаптарды орындау мақсатында арнайы қаражат бөледі. Инженерлік-техникалық жағдайын нығайту мәселесі объект басшыларына жүктеледі. Бүгінгі таңда Астана қаласы бойынша объектілердің террорлық жағдайларға қарсы тұру мақсатында ауқымды жұмыстар атқарылды. Жағдай тұрақты. Кейбір нысандар тіпті өте жоғары деңгейде қорғалған деп айтуға болады.
– Бүгінде күзет басқармасын күзет агенттіктерімен шатыстырады. Көпшілік олардың міндеттері бірдей деп түсінеді. Бұл қаншалықты дұрыс пікір?
– Қоғам дамыған сайын Елбасы тапсырмасына сәйкес мемлекеттік қызметтерді бәсекелестік ортаға беріп жатыр. Мысалы, 2000 жылдардың басында полиция күзететін кейбір ғимараттарды бизнес ортасына берді. Бұрындары мейрамхана, банктердің барлығын полиция күзететін. Кейін мұны қажетсіз деп тапты. Бұл өте дұрыс. Барлық нысан полицияның күзетуін қажет етпейді. Қазір Үкіметтің қаулысына сәйкес арнайы тізбеге енгізілген нысандарды ғана полиция күзетеді.
Күзет деген аты ғана болмаса, біздің күзет агенттіктерінен функцияларымыз, міндеттеріміз бөлек. Негізгі ерекшеліктердің бірі – біздің құқық қорғау органдары туралы заңымыз, нысандық киімдеріміз, арнайы қаруларымыз бар. Біз мемлекеттік қызметкер болсақ, олар азаматтық қызметкерлер. Олар біздің қызметкерлер сияқты арнайы штаттық қарумен емес, жеңіл-желпі қарумен жарақтандырылған. Негізгі ерекшеліктері осы.
Ішкі істер органдарында қызмет етіп жүргеніңізде бірталай жыл болғанын білеміз. Еңбек жолыңызға тоқтала кетсеңіз…
– Осы салаға келгеніме биыл 20 жыл болады. Күзет полициясына 1998 жылы келдім. Қатардағы инспекторден бастап Астана қаласы МКҚБ бастығы лауазымына дейін қызмет баспалдағымен көтерілдім. Бұған дейін, республикалық күзет полициясы басқармасы бастығының орынбасары қызметін атқардым. Қоластымдағы қызметкерлер сияқты қатардағы лейтенант шенінен полковникке дейін жеттім. Еңбектенгеннің арқасында елорданы осында ауыстырғанда мен де бірге ауысып келдім. Жас қаламен бірге өсіп, өндім. Осы жерде отбасылы болдым. Бүгінгі таңда үш баланың әкесімін. Мемлекеттік күзет қызметі басқармасында басшылық қызметте атқарып келе жатқаныма екі жыл болды. Екі жылда біршама іс тындырдым деп ойлаймын. Жеке құрамды толғандырып жүрген мәселелермен таныс болып, шешімін тауып беруге тырыстым. Меніңше, бүгінгі күні полицейлерге алаңсыз қызмет етуге бар жағдай жасалған.
Осынша жылын күзет саласына арнаған басшы ретінде күзет басқармасының кешегі мен бүгінің салыстырмалы түрде айтып бере аласыз ба?
– Біздің кезімізде мойнымызда үлкен әрі ауыр рация жүретін. Ол жүгіруге де мұрша бермейтін. Нысандық киімдер тапшы, көліктер ескі болатын. Қызметтік көлікпен толық қамтылмағандықтан, жаяу-жалпылап жүруге тура келетін. Мұның барлығы келмеске кетті. Күзет қызметінің кешегісі мен бүгінгісін салыстыруға келмейді. Бұл сала бір орында тұрған жоқ. Бүгінгі таңда полиция қолындағы рациялардың көлемі ұялы телефондай ғана. Біздің кезіміздегі радиобайланыспен сөйлескенде қасымыздағы адамдарға естіліп тұратын. Қазіргі кезде қызметкерлер құлаққаппен сөйлеседі. Құпия мәліметті ел-жұрт естімеуі тиіс.
Сонымен қатар, бүгінде тәртіп бойынша, қаруланған қызметкерлерді жұмыс орнына қызметтік автокөлікпен ғана жеткізу керек. Бұрындары қызметтік автокөліктер тым ескі, екі күннің бірінде сынып қала беретін. Қазіргі таңда шетелде, не болмаса өзіміздің елімізде шығарылған жаңа үлгідегі автокөліктер қолданыста.
Одан қалды, дене дайындығын шыңдауға бар жағдай жасалып отыр. Біздің кезімізде мектептердің спортзалында жаттығатынбыз. Ал қазір қызметкерлеріміз жаңа үлгідегі «Алатау» спорт кешенінде спортпен шұғылданады. Ол жерде барлық мүмкіндіктер қарастырылған. Жүгіретін жолақтар, бассейн, жаттығу залы – барлығы стандарттарға сай. Сондай-ақ, интерактивтік тирлеріміз бар. Қазір жеке құрам қызметтің алдында немесе қызметтен кейін релаксациялық кабинетте тынығып, тыныштана алады.
Күзет сақшысының имиджін көтеру, оларды патриоттық рухта тәрбиелеу мақсатында атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде айтып берсеңіз?
– Әр дүйсенбі таңертең сағат 8-де барлығымыз бір адамдай сапқа тұрып, Әнұран орындаймыз. Ол рухты көтеріп, бір аптаға азық болады. Себебі, қызметке кірісу үшін де рух, Отанға деген сүйіспеншілік керек. Әнұран осы жеке құрамның бойындағы Отанға деген махаббат сезімін оятады.
Бұдан өзге, кеше ғана 31 мамыр – Қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне байланысты жеке құрам «Алжир» мемориалдық кешеніне барып келді. Үлкен әсер алып қайтты. Сонымен бірге, біздің күзететін объектілер тізбесіндегі музейлерге де экскурсиялар жиі ұйымдастырылады.
Қызметкерлердің материалдық жағдайы қалай шешіліп келеді?
– Қалалық әкімдік арқылы бірқатар қызметкерлерімізге пәтер беру мәселесін шешіп жатырмыз. Бүгінге дейін 2-3 азамат пәтер алды. Жеке құрамға әлеуметтік қолдау ретінде, емханамызды ауыстырдық. Жеке құрамның Ішкі істер министрлігінің жаңа үлгідегі емханасына қаралатын болғаны да үлкен қолдау.
Бұдан бөлек, полицейлер үйленіп, бала сүйіп жататын болса, не болмаса, үйлерінде қайғылы жағдайлар орын алса, қаржылай көмек береміз. Сонымен қатар, жеке құрамды ақшалай көтермелеу де қарастырылған. Мысалы, үлкен нәтиже көрсеткен үздік қызметкерлерімізді тоқсан сайын қаржылай сыйақымен марапаттаймыз. Бұл да үлкен көмек. Қазіргі таңда барлық мәселені қаражат шешеді ғой. Олар да осы қаржылай қолдауға ие болу үшін кірпік қақпай қызмет етеді.
Сұхбатыңызға рахмет. Жаңа қызметіңізге сәттілік тілейміз!

Сұхбаттасқан Жадыра МЫРЗАХМЕТ,
суретті түсірген Қанат КӨЛБАЕВ

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*