Қиыр Шығыста көрсетілген қошемет

Ресейдің Хабаров қаласында «Амур толқыны» VII Халықаралық әскери-музыкалық фестивалі айтулы гала-концертпен өз мәресіне жетті.
Алыс-жақын шетелдер мен Ресей Федерациясының өңірлерінен келген шығармашылық ұжымның «Платинум-Арена» спорт кешенінде өткізген қорытынды концертіне Хабаров өлкесінің губернаторы Вячеслав Шпорт қатысты.
Ресейдің қиыр шығысындағы қала тұрғындары тоғыз күн бойы жігерді жанып, рухты оятар әскери оркестрлердің орындауында таңғажайып туындыларды тыңдап, өнерлерін тамашалау мүмкіндігіне ие болды. Фестивальдың үздік ұжымдары Хабаров қаласының түрлі мәдени орындарында күн сайын өздерінің концерттік бағдарламаларын жұртшылық назарына ұсынды. Нәтижесінде, жүз мыңнан астам қала тұрғыны мен қонақтары әскери музыканттардың өнеріне тәнті болды. Ал халықаралық фестивальдің шарықтау шегі мен қорытынды кеші «Платинум-Арена» спорт кешенінде өтті.
«Біз өз қаламызда тоғыз күн бойы ресейлік және шетелдік үздік әскери өнерпаздардың өнерін тамашалап, тәнті болдық. Өнер ұжымдарына тамаша шығармашылық бағдарламалары үшін шексіз алғысымды білдіремін. Бұл біздің Хабаров өлкесі үшін зор мәртебе. Амур жағасында осындай ғажайып мерекелік кеш ұйымдастырып, көрермендерге тамаша көңіл күй сыйлағандарыңыз үшін «Амур толқыны» фестивалінің барлық қатысушыларына алғыс айтамын», – деді губернатор В. Шпорт.
Тағы бір айта кетерлік жайт, фестивальдың соңғы күнгі кешінде қалыптасқан дәстүрге сай өнер ұжымдарын марапаттау шарасы өткен болатын. Яғни, губернатор тарапынан оркестр жетекшілеріне алғыс хаттар мен арнайы сыйлықтар табыс етілді. Осы қошемет-құрметке ие болғандардың қатарында Қазақстан атынан қатысқан Ұлттық ұланның домбырашысы, лейтенант Бауыржан Мақаев та бой көрсетті.
Айта кетейік, осымен жетінші рет ұйымдастырылған айтулы шараға бұл жолы Ресей мен Қазақстан, Моңғолия және Еуроодақ елдерінен 13 өнер ұжымы қатысты. Қазақстан атынан Ұлттық ұланның Үлгілі-көрсетімді оркестрі Әскери-оркестр орталығының бастығы, подполковник Асхат Мұхамедияровтың жетекшілігімен өнер көрсетті. Ал оркестрге лейтенант Төрехан Жаудинов дирижерлік етті.
Қазақстандық өнер ұжымы Ресейдің қиыр шығысындағы халықаралық жиынға осымен екінші рет қатысқанына қарамай, жоғары деңгейде түрлі жанрда тамаша өнер көрсетті. Атап айтқанда, өнерпаздар ұлттық үлгі мен классикалық жанрда және заманауи үлгіде жаңғыртылған шығармаларды көрермен назарына ұсынып, зор қошеметке ие болды. Сондай-ақ, олардың қатарында домбыраның сүймелдеуімен оркестр мен ұлттық би көпшіліктің көңілінен шықты.

Ұлттық ұланның баспасөз қызметі

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*