Мемлекеттік рәміздер – ұлт мақтанышы

Мемлекеттік рәміздер күні қарсаңында Алматы қаласы бойынша ҚАЖ департаментінде «Мемлекеттік рәміздер – ұлттық мақтанышымыз» және «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» тақырыптарында арнайы іс-шара ұйымдастырылды.
Департамент қызметкерлерімен кездесу барысында Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының Алматы қаласы бойынша орынбасары, отставкадағы полковник Қазбек Мамсуров, Алматы қаласындағы Түрік мәдени орталығының төрағасы, ғалым, Алматы қаласы бойынша Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі Қазақбай Касимов, Алматы қаласы бойынша ҚАЖД «Ардагерлер кеңесі» ҚБ төрағасы Ерғали Сағалбаевтар сөз сөйлеп, мемлекеттік рәміздердің маңыздылығына және Елбасы Н. Назарбаевтың бағдарламалық мақаласын іске асыру шеңберінде атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Аталған тақырыптар бойынша кадр жұмысы бөлімінің бас маманы әділет майоры Ә. Жанаманова баяндама жасады.
– Қазақстан туымен тұғырлы,
Елтаңбасымен еңселі.
Әнұранымен айбатты, – деп сөз бастаған баяндамашы тәуелсіз еліміздің Туын, Елтаңбасын, Әнұранын қастерлеу, Үкіметті құрметтеу – тәрбие өзегі екенін атап өтті.
Мемлекеттік рәміздерге деген құрметтің адам бойындағы патриоттық сезімді арттыруға қосар үлесі мол екенін мына бір көріністерден де байқауға болады. Мысалы, төрткүл дүние көз тігетін Олимпиада ойындарында қазақ елінің көк байрағы желбірегенде толқымайтын қазақстандық жоқ шығар. Қазақстанның Әнұраны шырқалғанда кеудемізді мақтаныш сезімі кернейтіні шындық. Сонымен қатар, баяндамашы мемлекеттік тілдің рөлі жайлы да құнды пікірлерден көптеген мысалдар келтірді.
Іс-шара соңында Астана қаласының 20 жылдығына орай Қылмыстық атқару жүйесі комитеті төрағасының кубогы үшін өткен жекпе-жек сайысында 1-орын алған және Минск қаласында өткен халықаралық жекпе-жек турнирінде 2-орынды иеленген ЛА-155/1 мекемесінің режим және күзет бөлімінің бақылаушысы, әділет сержанты Қымбат Ахметке құрмет көрсетіліп, жарыстарда жеңіп алған медальдары мен гүл шоқтары табыс етілді.

Гүлнәр МАҒЗҰМОВА

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*