«Кадр резерві жылының» міндеттері

Солтүстік Қазақстан облыстық Ішкі істер департаментінде Консультативтік-кеңесші органның кезекті отырысы өтті.
Отырыста бірінші мәселе ретінде жастар арасындағы кәсіби бағдарлау жұмыстарын жүргізу талқыланды. Александр Мерктің айтуы бойынша, консультативтік-кеңесші орган мүшелері мектеп оқушылары мен басқа оқу орындарының тәрбиеленушілері арасында полиция мамандығын насихаттау жұмыстарын жүйелі түрде жүргізеді. Жасөспірімдерден келіп түсіп жататын сұрақтарды талдай келе олардың арасында құқық қорғау қызметкерлері қатарын толықтырамын деушілер аз емес екендігі анықталды. Александр Мерк оқушыларға арнап полиция қызметіне орналасу үшін үміткерлер тапсыратын нормативтер жазылған әдістемелік ұсынымдар әзірлеуді және оқу орындарында ІІО қызметкерлерінің күнделікті жұмысы, ерлік істері көрсетілген құқықтық бұрыштарды жасауды ұсынды. Әрі осындай сипаттағы жұмыстар жастардың назарын бұл мамандықты игеруге бұратындығына сенімді екенін айтты.
Солтүстік Қазақстан облыстық ІІД бастығы, полиция генерал-майоры Берік Біләлов ККО мүшелерінің бұл бастамасын қолдап, биылғы жыл «Кадр резервінің жылы» екенін атап өтті. Басшылықтың міндеті – полиция бөліністері қызметкерлері жұмысының сапасын арттыру, заман талабына сай жас құрамды дайындау. Айта кету керек, отырыстың екінші мәселесі жұмыстың сапасын, жеделдігін және ашықтығын арттыруға мүмкіндік беретін заманауи технологиялармен байланысты болды.
Кездесу барысында, сондай-ақ, азаматтар мен бизнес ортаның құқықтарын сақтауға мүмкіндік беретін құқық қорғау органдарына енгізіліп жатқан ақпараттық жүйелер де талқыланды. Ағымдағы жылдың басынан өңірдің сақшылары полиция қызметіне жаңадан енгізіліп жатқан планшеттердің көмегімен 1700 әкімшілік хаттама толтырған. Ал, ІІД-нің қылмыстық тергеу органдары жылдың басынан электрондық форматта 40 қылмыстық іс тіркеп, олардың 29-ы аяқталған.
«Қылмыстық процесті цифрландыру аясында е-қылмыстық іске көшу мәселесі бірінші орында. Өңірдегі криминогендік жағдай туралы ақпараттың шынайылығы мен толықтығы осыған байланысты», – дейді құқық қорғаушылар.

Солтүстік Қазақстан облыстық ІІД баспасөз қызметі

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*