Ардагерлер үшін жаңа палаталар

4 маусымда Оңтүстік Қазақстан облыстық ІІД Ардагерлер кеңесінің бастамасымен ІІД Емханасы бар госпиталінде емделушілер үшін екі палатаның ашылу рәсімі өтті.
ІІО мен Ұлттық ұлан Арадагерлер кеңесінің төрағасы Сержан Тұрсынбековтның бастамасымен қолға алынған бұл игі іс-шара ем алушылар көңілінен шықты. Облыстық ІІД жеке құрамының бір күндік жалақысына бірінші қабаттағы екі палатаны толыққанды күрделі жөндеуден өткізіп, оның ішін барлық қажетті жиһазбен қамтамасыз етіп, емделушілер үшін барлық жағдай жасалған. ІІД Емханасы бар госпиталінде бүгінгі таңда ішкі істер органдарының қызметкерлері мен ардагерлеріне арналған 26 палата бар. Алайда, олардың бүгінгі жағдайы сын көтермейді.
Ардагерлер кеңесінің төрағасы С. Тұрсынбеков және президиум мүшелері госпиталь басшылығы және ондағы емделушілермен кездесіп, олардың мұң-мұқтажымен танысты.
Ем алушылардың бірі, 30 жыл күзет саласында қызмет атқарған полиция старшинасы, ІІО ардагері Гүлбала Асқаров: «Инсульт алғалы бері осы госпитальға жылына екі рет келіп емделемін. Дәрігерлер бізге жақсы қарайды, қолдары шипалы, ауырғаныңды емдеп, жазады. Госпиталь басшылығына алғысымыз шексіз. Ал енді Ардагерлер кеңесінің бұл игі бастамасы көңіл қуантарлық. Барлық жағдайы жасалған палатада емделгенге не жетсін», – деп ағынан жарылды.
Сондай-ақ, Ордабасы аудан ІІО Ардагерлер кеңесінің төрағасы Елтай Мелдешов: «Көптен бері госпитальдің жағдайы мәз емес еді. Ескі ғимарат болған соң, күрделі жөндеуді қажет етіп тұрды. 20-30 жылдан астам қызмет атқарған ІІО ардагерлері ем алып, денсаулығын түзететін жер болғандықтан, Ардагерлер кеңесінің бастамасымен қолға алынған бұл екі палатаны күрделі жөндеуден өткізіп отырғаны барлығымызды қуантып отыр. Ең бастысы, бұл бастама аяқсыз қалмай, өз жалғасын тапса екен деп тілейміз», – деді.
Отставкадағы полиция подполковнигі Ерғазы Әбишев болса: «Жас келген соң, тізе ауырып, буын сырқырамай қоймайды. Мұнда денсаулығымызды түзеуге келеміз. Сондықтан жататын жеріміз де талапқа сай болғанын қалаймыз. Сондай-ақ, ЭКГ жасату үшін облыстық ІІД Емханасы бар гсопитальі арнайы диагностикалық орталықпен келісімшартқа отырса дұрыс болар еді. Сонда ардагерлер тегін тексеріліп, өз денсаулығын жақсартуына өз септігін тигізер еді», – деп ұсыныс тастады.
Отставкадағы полиция подполковнигі Құрманбай Жуликбаев ақсақал дәрігерлердің жүрегінің тазалығына, жоқтан бар жасап, бар жағдайларын жасап отырғаны үшін рахмет айтқысы келгенін, сондай-ақ, процедуралық ем қабылдау үшін аяғы ауыратын қарияларға мүгедектерге арналған қоларба қажет екенін атап өтті.
Кездесу қонақтары мен емделушілер алдында Емханасы бар госпиталь бастығы Евгения Карпишинец Николаевна сөз сөйлеп: «ІІО және Ұлттық ұлан Ардагерлер кеңесіне алғысымыз шексіз. Ардагерлер үшін, әсіресе, пластикалық терезелердің орнатылғаны үшін қуанышымызда шек жоқ. Палатамыз енді таза әрі қыста жылы, жазда салқын болып тұратындай күрделі жөндеуден өткізілгеніне ризамыз. Өз тарапымыздан жақсылап ем жасайтынымызға сөз береміз», – деді қуанышын жасырмай.

Оңтүстік Қазақстан облыстық ІІД баспасөз қызметі

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*