Қауіпсіз әрі тегін

Халықаралық Балаларды қорғау күнін мерекелеу аясында Ақтөбе облысы Төтенше жағдайлар департаменті қалалық әкімдікпен бірлесіп, 41 разъездегі Ақтөбе су қоймасында жаңа «Балдәурен» тегін коммуналдық жағажайын ашты.
Ашылу салтанатына Ақтөбе қаласының әкімі Ілияс Испанов, департаменттің және ведомстволық бағынысты бөлімшелерінің басшылары мен жеке құрамы, облыстық спорт және білім басқармаларының басшылары қатысты.
Өз сөзінде қала әкімі тұрғындар үшін осы жобаның маңыздылығына тоқталды. «Қала аумағында азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында 2 жағажай ашылды. Бұл жағажайлардың ерекшелігі – олар құтқару стансаларына жақын орналасқан және кіру тегін», – деді ол.
Іс-шара барысында суға кету кезінде көмек көрсету қойылымы орындалды. Балалар үшін аниматорлармен ойындар және өз қолымен жасаған қайықтардың байқауы ұйымдастырылды.
Екінші «Шаттық» коммуналдық жағажайы К. Нокин көшесінің бойындағы Елек өзенінде Орталық суда-құтқару стансасына жақын жерде орналасқан. Екі жағажайда да балаларға тегін жүзуге үйретіліп, су спорттарын дамыту қолға алынады.

Ақтөбе облысы ТЖД
Мемлекеттік тіл және ақпарат тобы

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*