Мектеп базасындағы арнайы сынып: жетістіктері мен келешегі

Өткен жылдың наурыз айында Орал қаласындағы №20 жалпы орта білім беретін мектебінде ІІМ Төтенше жағдайлар комитетінің, Білім және ғылым министрлігінің және «ЮНИСЕФ» БҰҰ балалар қорының қолдауымен оқушылар мен педагогтарды ТЖ кезінде жүріс-тұрыс қағидаларына оқытуға арналған оқу сыныбы ашылған болатын.
Бүгінгі күні мектептер – апаттар қаупін төмендету бойынша оқу процесін ұйымдастырудың қолайлы және оңтайлы нысаны болып отыр. Мысалы, Орал қаласындағы аталған мектеп – осы бағыттағы тәжірибені енгізу бойынша жалғыз ресурстық оқу мекемесі.
Бұл мектепті ІІМ Төтенше жағдайлар комитетінің қолдауымен Батыс Қазақстан облысы Төтенше жағдайлар департаменті табиғи процестерді және олардың халыққа ықпалын бағалауды өткізгеннен кейін таңдаған болатын.
Табиғи апаттар қаупін, №20 мектеп оқушылары өмірі мен денсаулығына төнетін қауіп-қатерді азайту жоспарын іске асыру аясында жұмыс тобы құрылды және оқушылар арасында қауіпсіздік жасақтарына жауапты тұлғалар тағайындалды. Төтенше жағдайлар қаупінің деңгейін анықтау, төтенше жағдайлардың ықтимал салдарын бағалау, алдын алу бойынша жұмыс жағдайын бағалау, төтенше жағдайлардың қауіп-қатерін азайту және оның салдарын төмендету бойынша шараларды әзірлеу жөніндегі міндеттер белгіленген мектеп периметрі бойынша апаттар қаупін бағалауға арналған қауіпсіздік паспорты жасалды.
№20 ЖБОМ апат тәуекелдерін төмендету бойынша сабақтарға арналған кабинетті қалыптастыруға Төтенше жағдайлар департаменті де қатысып, құрал-жабдықтар мен визуалды иллюстрациялық материалдарды ұсынды.
Апаттар қаупін, оқушылардың өміріне және денсаулығына қауіп-қатерлер мен жол-көлік оқиғаларының жарақаттарын төмендету жоспарын жүзеге асыру аясында бастауыш сынып мұғалімдері мен сынып жетекшілерінің әзірлеуімен «Жол қозғалысының ережелерін біл және сақта», «От – дос, өрт – жау», «ТЖ кезінде өз-өзіңді қалай ұстау керек?», «ТЖ түрлері және ТЖ орын алған кездегі жүріс-тұрыс ережелері» тақырыбында сынып сағаттары, көктемгі және жазғы кезеңде су объектілеріндегі, жолдағы, өртке қарсы, сондай-ақ, темір жол вокзалындағы қауіпсіздік бойынша нұсқамалар, апатты жағдайлар мен төтенше жағдайлардан қорғану бойынша жаттықтыру сабақтары өтеді.
Осы мектепте лаңкестікке қарсы қауіпсіздік және лаңкестік пен экстремизмге қарсы әрекет бойынша жұмыс үнемі жүргізіледі, атап айтқанда:
– лаңкестік пен экстремизмге қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша жиналыстар, нұсқамалар мен жоспарлар өткізу;
– рұқсатнамалық режим қауіпсіздігін қамтамасыз ету шараларының орындалуын үздіксіз бақылау;
– қызметтік және қосалқы орын-жайлардағы бөгде және жарылғыш заттардың бар-жоғын жүйелі тексеру;
– құқық қорғау органдарының және басқа қызметтердің ата-ана қоғамымен өзара іс-әрекетін ұйымдастыру.
Мектепке бейнебақылау камералары орнатылған және тұрақты жұмыс істейді. Рұқсатнамалық режим үнемі жүзеге асырылады.
Мектептің медицина қызметкерлері әртүрлі жарақаттар кезіндегі алғашқы медициналық көмек көрсетуге мұғалімдер, оқушылар мен ата-аналарды үйрету бойынша «ТЖ кезінде қалай сабыр сақтау керек?», «ТЖ туындаған кездегі үрей сезімін қалай жеңуге болады?» тақырыбында практикалық тренингтер өткізеді.
№20 мектепте құрылған «Жас құтқарушы» жасағы жыл сайын облыстық «Жас құтқарушылар» сайысына қатысады.
Балаларға жүзу сабағын өткізу үшін Батыс Қазақстан облысы ТЖД Жедел-құтқару жасағының орталық базасындағы Шаған өзенінде оқу жағажайы жабдықталған. Еске сала кетсек, ол 2017 жылы 22 мамырда ашылды. 10 баладан тұратын 2 оқу тобы құрылып, оларды оқыту үшін судағы спорт түрі бойынша жүзуге үйрететін 2 жаттықтырушы тартылды. Суға шомылу маусымында жыл сайын 100-ден астам балаға жүзу дағдысы үйретіледі.
№20 ЖБОМ мен ТЖ департаментінің бірлескен жұмысының нәтижелері – оқушылардың түрлі жарыстардағы жетістіктері. 2017-2018 оқу жылында «Жас құтқарушылар» жасағы жас құтқарушылардың облыстық слетінде 3-орынды жеңіп алды.
«Әр адам қауіпсіздік ережелерін сақтап жүрсе, қауіп-қатер төнбейді. Мен ұстазымның көмегімен көп нәрсе үйрендім. Алдағы уақытта үйренген, түйгендерімді кішкентай іні-сіңлілеріме айтып, үйретіп жүремін», – деді №20 ЖОББМ 7«А» сынып оқушысы Әмина Серғазиева.
Сондай-ақ, №20 мектеп әкімшілігі соңғы уақытта оқушылар арасындағы құқық бұзушылықтар саны азайғанын және балаларға апаттар қаупін төмендету бойынша тренингтерге қатысу ұнайтынын айтты.

Батыс Қазақстан облысы ТЖД
Мемлекеттік тіл және ақпарат тобы

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*