Қызметтік иттер – сенімді қолғанат

Облыстық ІІД Кинологиялық орталық иттерінің көмегімен ақмолалық полиция қызметкерлері 500-ге жуық қылмысты ашты.
Ақмола облысының құқықтық тәртібін полиция қызметкерлерімен қатар, Кинологиялық орталықтың қызметтік иттері де қамтамасыз етуде. Олар адамды іздеп табумен қатар қылмыскердің ізіне түсуде, есірткі немесе жарылғыш заттарды анықтауда маңызды рөл атқарады. Бұл қызметте бастысы – адам мен жануардың өзара түсіністігі.
Бүгінгі таңда ІІД Кинологиялық орталығында 51 жануар бар, олардың 20-сы ішкі істер органдарының аймақтық бөлімшелерінде қызмет етсе, қалғаны орталықта. Күнделікті ашылып жататын қылмыстарда қызметкерлердің ғана емес, сонымен қатар, жануарлардың да еңбегі зор.
Орталықта әртүрлі тұқымды иттерді кездестіруге болады, оның ішінде неміс овчаркалары, лабрадорлар, кокер-спаниелдер, бельгиялық овчаркалар бар. Мұнда иттерге арнайы қоршалған орындар, қызметкерлерге арналған қызметтік бөлмелер, медициналық блок және әртүрлі жаттықтыру құрал-жабдықтары жұмыс істейді.
«Ит пен адам үйлесімді жұмыс істеуі үшін араларында берік байланыс орнауы қажет. Бір итке барлық әдісті үйретуге болмайды, олардың әрқайсысының салалары бар. Мәселен, «Зара» лақап аты бар лабрадор иті жарылғыш заттарды табуға бейімделсе, басқалары есірткі заттарын табуға, қылмыскерді ұстауға арнайы үйретілген. Біздің иттер, сонымен қатар, одорологиялық зертхана жұмысына қатысады», – дейді орталық қызметкері, полиция лейтенанты Нұрлан Есенбаев.
Тәртіп сақшылары ішкі істер органдарының қызметін айтарлықтай жеңілдететін әртүрлі құралдардың, заманауи техникалық құралдардың тұрақты дамуына қарамастан, қызметтік иттердің рөлі қылмыстарды ашуда күннен-күнге артып келе жатқанын айтады. Биылғы жылы олардың көмегімен полиция қызметкерлері 479 қылмыстың бетін ашты, оның ішінде ұрлықтар, тонаулар, есірткі заттарын өткізу істері, тіпті ауыр қылмыстар да бар.
Жануардың мінез-құлқы мен темпераментіне байланысты оларға кинолог-маман таңдалады. «Әріптестердің» бір-бірімен тіл табысып кетулері өте маңызды. Тәртіп сақшылары тәрізді иттер де күнделікті қызмет басында. Шақырулар жоқ кезде жануарлар жаттығып, дағды, шеберліктерін шыңдайды. Кинологиялық қызметте иттердің тапқырлығы тексеріліп, қоршаған орта мен әртүрлі жағдайларға әрекеті бағаланады.
Бүгінде Ақмола облыстық ІІД Кинологиялық орталығы кинолог-мамандарды дайындап, қызметтік иттерді жаттықтырады, сонымен қатар, осы қызмет үшін арнайы тұқымды иттердің күшіктерін баптап өсіреді.

Ақмола облыстық ІІД баспасөз қызметі

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*