Сатылған диплом сан соқтырады

Жалған диплом жасап сататындар да, оны сатып алатын, тіпті сол жалған дипломмен өзі қалаған жұмысқа тұратындар да көбейген. Бағасы да қымбат емес, бар болғаны 250 мың теңгең болса жетіп жатыр. Диплом қалтада дей бер. Ми ашытпай алған дипломды «сиқырлы» десе болады, көз майыңызды тауыспайды, белгіленген мерзімде не курьер жеткізеді, не почтамен өзі тауып келеді.

Саудасы қызған сайттар
Әлеуметтік желіде дипломның саудасын қыздыратын түрлі сайттар бар, олар аздаған ақшаға түпнұсқадан айырмашылығы жоқ кез келген дипломды сатып алуға болатындығын жарнамалайды. Олардағы хабарландыруларда біздің елдің, яғни қазақстандық домен көрсетіледі, бірақ, ол сайттардың шаруасын қатырып отырғандардың көбі ресейліктер көрінеді.
Бүгінгі интернет-дүкендер де дипломның неше атасын ұсына алады. Диплом жасағыштардың ішінде «өнері асқан» небір «майталмандары» жетіп артылады екен. Мысалы, Мәскеудің белді оқу орнының дипломы керек пе, болмаса кеңес кезіндегі дипломды жаңғыртқыңыз келе ме, мүмкін, іші үштікке толы дипломның бағаларын «5»-ке өзгерткіңіз келетін шығар, кәнігі «шеберлердің» қолынан бәрі келеді-міс. Тек қалтаңыз қалың болсын. Кейбір өзіне сенімділер өздері жасаған дипломның 100 пайыз «шын» екеніне де кепілдік береді, өйткені, оның заңды-заңсыздығын тексеруге болады екен. Айтулы жоғары оқу орнының мөрі басылып, ректорының қолы тұрған ол дипломдарды толтыруға сол жоғары оқу орындарының өз адамдарының қатысы болуы мүмкін бе, мүмкін емес пе деген сұрақ көпшіліктің күлкісін келтіруі мүмкін. Бірақ, «ұсталмаған ұры емес» деген, ештеңені дәлелдей алмайсыз.
Сонда бірнеше жылдап білім алып, кітапханаларда отырған, сессияда ұйықтамаған, мұғалімдердің қас-қабағын баққан біздің еңбегіміздің есіл болғаны ма? Жоқ, әрине, олай емес. Ұзақ уақыт дайындалып, өзің таңдаған мамандықтың қыр-сырын ұғындырар оқулықтарға шұқшиып, еңбегің сіңіп алған дипломның жөні бөлек, қай жерге барсаң да бетің ашық, ілген ілімің мен оқып-білген ақпарат-азығыңның арқасында жұмысты да игеріп кете бересің.
Ал, дипломды сатып алғандар ше? Олар «өтіріктің құйрығы бір-ақ тұтам» дегенге сенбей ме, күндердің күні болғанда абыройсыздыққа ұшыратарын білмей ме, әйтеуір, жалған дипломға деген сұраныс бар. Дипломды қолдан жасаған адамға да, оны пайдаланып, қызығын көрем деген адамға да заң бойынша қылмыстық жауапкершілік қаралғанымен, бұл бәрібір жұмсақ болып тұрғандай.

Жаңа үлгі жағдайды өзгерте ме?
Ал, Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев жалған дипломдарға қатысты не дейді? Министр, біріншіден, әрбір студент есепте тұрғанын, студенттер мәліметтерінің бірыңғай базасы түзілгенін, сондықтан 100 пайыздық қадағалау бар екенін, тұпнұсқа диплом алған студентті анықтау қиын еместігін айтады. Ал, сонда жалған дипломдарға қатысты қылмыстық істер мен жалған дипломдар дерегі қайдан шықты?
«Біз мемлекет атын жамылып, кей әлсіз ЖОО-лар дипломды сатып жататынын білеміз. Мемлекеттік үлгідегі дипломдар бірқатар посткеңестік және бірнеше шығысеуропалық елдерден басқа, әлемнің ешбір мемлекетінде жоқ. Бұл халықаралық тәжірибе, ЭЫДҰ елдерінде мемлекеттік үлгідегі дипломның орнына ЖОО-лардың бірегей дипломы табысталады. Егер дипломда мемлекеттік мөр болмаса, талапкерлер мен ата-аналар сол университетті таңдау керек пе, жоқ па деген ойға қалуы мүмкін. Сондықтан олар басқа оқу орнын іздей бастайды, яғни университеттер арасында бәсекелестік күшейеді. Соның арқасында үздік оқу орындары ғана іріктеліп шығады», – дейді Е. Сағадиев.
2021 жылдан бастап дипломның үлгісі өзгермек. Жоғары оқу орындары ректорлары бірыңғай үлгіден бас тарту туралы бастамаға қарсы емес көрінеді. Дипломдардың жаңа үлгіге көшуі білім сапасының көтерілуіне әсер ете ме, жемқорлықтың алдын ала ма, оны келешек көрсетеді.

Әшкере болғандардың ісі басқаға сабақ
Ішкі істер органдарының қызметкерлері жыл басынан бері Қылмыстық кодекстің 385-бабы бойынша («Жалған құжаттарды, мөртабандарды, мөрлердi, бланкілерді, мемлекеттiк пошта төлемі белгілерін, мемлекеттiк наградаларды қолдан жасау, дайындау немесе өткiзу») 1 мың 530 қылмыстық ереже бұзушылықты тіркеген. Өткен жылы ішкі істер органдарының аумақтық бөліністерінде жоғары оқу орнының дипломын және арнайы орта білімі бар деген жалған құжат жасауға қатысты 149 қылмыстық іс бойынша тергеу жұмыстары жүргізіліп, оның ішінде дипломды қолдан жасауға байланысты 41, жалған құжатты пайдалану ісіне қатысты 98 іс қаралған.
Павлодар облыстық ІІД Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасы 2016 жылы 2012-2016 жылдар аралығында жалған диплом жасап сатқан арнайы топты құрықтаған. Сотқа дейінгі тергеу нәтижесі бойынша жалған диплом жасау бойынша 72 факті дәлелденген. №2 Павлодар қалалық сотының шешімімен ұйымдастырушы Сәдуақасов және оның сыбайластары заңға қайшы қылмыстық істері үшін жазаға тартылған.
Статистикалық мәліметтерге талдау жасаған кезде негізінен жоғары оқу орындарының дипломдарына сұраныс көп екені анықталған. Мысалы, 1998 жылы Арқалық мемлекеттік университетінің сырттай бөлімінің студенті болған Ж. деген азамат «білім саласында» қызмет ету үшін жоғары білім керектігін білгендіктен 2002 жылы шала таныс біреуден Арқалық мемлекеттік институтының «қазақ тілі мен әдебиеті» мұғалімдігін бітірді деген жалған диплом сатып алады. Әрі қарай оны көшірме жасап және нотариалды куәландырып, Осакаров аудандық білім бөліміне тапсырады. 2016 жылдың желтоқсан айында ол жермен еңбек келісімшартын бұзып, «Осакаров ауданы білім беру және денешынықтыру бөліміне» құжат тапсырып, өзінің кандидатурасын ұсынады. Ақыры арнайы тексеріс кезінде дипломды қолдан жасау және пайдалану бойынша қылмысы ашылып, абыройсыздыққа ұшырады.
Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есеп комитетінің мәліметтеріне қарағанда, 2017 жылы ішкі істер органдарының аумақтық өндірісінде 266 қылмыстық іс, оның ішінде арнайы орта және жоғары оқу орнын бітіргені туралы жалған құжат жасауға қатысты 113, жалған дипломды пайдалану бойынша 153 іс қаралған.
Қылмыстық кодекстің 385-бабы бойынша жалған құжаттарды, мөртабандарды, мөрлердi, бланкілерді, мемлекеттiк пошта төлемі белгілерін, мемлекеттiк наградаларды қолдан жасап, дайындап немесе өткiзсе екі мың айлық есептік көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салынып, не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына жіберіледі, не екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан шектеледі. Сонымен қатар, көрiнеу жалған құжатты пайдаланғандар – үш жүз айлық есептік көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не екі жүз қырық сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не жетпіс бес тәулікке дейінгі мерзімге қамаққа алуға жазаланады.

Мемлекеттік қызметке жалған дипломмен
Жалған дипломмен мемлекеттік қызметке барудан да жүзі жанбайтындар көбейген шақта кімге, неге сенеріңді білмейсің. Мысалы, Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің мәліметіне қарағанда, Маңғыстау облыстық индустриаялық-инновациялық саясат басқармасының жетекшісі мемлекеттік қызметке ресми құжаттың негізінде түссе, артынан екінші жоғары білімі туралы дипломның жалған нұсқасын тапсырған.
Ақтөбе облысының Қарғалы аудандық сотында да жалған құжатпен жұмыс істеген келіншектің ісі қаралды. Сотта белгілі болғандай, ол 2017 жылдың мамырында Қарғалы ауданы, Әлімбетов ауылының әкімдігіне жұмысқа тұрмақ болған. Мемлекеттік қызметке орналаспақ болған маманның құжаттарын Ұлттық қауіпсіздік департаментінің қызметкерлері тексереді. Сол кезде оның Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің дипломын сатып алғаны анықталды.
2015 жылдың қарашасында Н. есімді азамат Қостанай облысы, Қарасу ауылында аудан орталығының әкімі қызметіне орналасқанда аталған дипломды пайдаланған. Жергілікті өзін-өзі басқару органдарына мемлекеттік лауазымға үміткер кандидаттарға жүргізілген арнайы тексеріс кезінде аталған құжаттың жалған екені анықталған.
Курчатов қаласының прокурорлары да жоғары оқу орындарын аяқтамай, жалған дипломмен жұмыс істеп жүрген білім беру органдарының қызметкерлерін анықтады. Ал енді жалған диплом иеленіп, ақ халат киіп алғандар операция жасайтын болса не болады?

Жадыра ШАМҰРАТОВА

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*