Курсанттар жетістігі

2018 жыл Ішкі істер министрлігінің Шырақбек Қабылбаев атындағы Қостанай Академиясы үшін жемісті де жеңіске толы берекелі күндермен басталды. Олай дейтінім, Академияның қызметкерлері, курсанттары қатысқан білім, ғылым, спорт және өнер саласындағы сайыстардан жүлделі орын алып, Академияның беделін, абыройын арттырып келеді. Бұл бірлескен ұжымның жемісті қызметінің арқасы деп толықтай айтуға болады. Сол жеңістердің кейбіріне тізбектеп, тоқталып кеткенді жөн көрдім.
Мәселен, ғылымдағы жетістіктерді айтар болсақ, біздің курсанттар әрдайым елімізде және көрші Ресей елінде өткен халықаралық ғылыми конференцияларға қатысып, жүлделі орындарды иемденіп келеді.
Ал спорттық шыңдарға тоқталсам, жақында ғана Алматы қаласындағы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі Академиясында Қазақстан Республикасының әскери жоғары оқу орындарының курсанттары арасында жекпе-жек сайысынан жыл сайынғы генерал-майор А. Арыстанбековті еске алуға арналған ашық республикалық турнирді айтуға болады. Бұл турнирге еліміздің түкпір-түкпірінен келген 80-ге жуық спортшы қатысып, жүлделерді өзара сарапқа салды. Осындай бәсі жоғары бәсекеге Қостанай Академиясы атынан 9 курсант қатысып, барлығы жүлделі орынды иеленді. Барлық жеңімпазымыз алтыннан және күмістен алқа тағып, жалпыкомандалық есепте 2-орынды иемденіп келді.
Жуырда ғана Академияның баспасөз қызметінің командасынан құралған журналист курсанттар бұқаралық ақпарат құралдары арасында өткен шағын футболдан облыстық турнирге қатысып, 10 команданың ішінде бірінші орынға ие болып, жұлдыздары жарқырап, Академияның беделін тағы бір көтеріп тастады.
Біз айтып отырған әңгіме – ғылым, спорт жолындағы Академияның жетістіктері. Ендігі сөзімді мәдениет, өнердегі жетістікке толығырақ тоқталсам деймін. Өткені, бұл жетістікке тоқтамай, жазбай өту бізге үлкен сын болар еді.
Әңгімеміз Ақтөбе қаласында өткен республикалық фестиваль-конкурс жайлы болмақ. Жуырда біздің Академияның курсант домбырашылар ансамблі Ақтөбе қаласында өткен республикалық жас орындаушылардың және халық аспаптар ансамблі, оркестрлердің «Ұлы дала мұрасы» атты фестиваль-конкурсына қатысып қайтты.
Фестиваль Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Астана қаласының 20 жылдық мерейтойына арналып өткен болатын.
Конкурсқа 10 ұлт аспаптар ансамблі және 200-ге жуық жас орындаушы қатысып, бақ сынады. Осы сайыста 10 команданың ішінде біздің домбырашылардың бағы жанып, бірінші орын емес, бас жүлдені қанжығаларына байлап, қазылар алқасында отырған кәсіби өнер майталмандарының көңілінен шығып, таң қалдырды.
Жалпы Академияның домбырашылар ансамбліне биыл 20 жыл толып отыр. Біз де осынау мерейлі жасқа келіп отырған ансамбльды құттықтай отырып, болашақтарына шығармашылық табыс тілейміз.
Осы бір жерде ансамбльге қамқор болған басшылардың жақсылығын айтып өтуді жөн көрдім. Өйткені, дуалы ауыз, киелі сөзге мән берген қазағым «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» демей ме?..
Осыдан 20 жыл бұрын ансамбль Академияның бұрынғы бастығы, ішкі қызмет генерал-майоры Талап Қабденов мырзаның тікелей қолдауымен құрылған болатын. Осы кісінің материалдық қолдауының арқасында ансамбль талай республикалық жарысқа қатысып, жүлделі орындарға ие болды. Сол уақыттарда өнер иелерінің бақтары жанып, танымалдылықтың шырқау шыңына шыққан кезі болатын. Дегенмен, кейінгі кезде қаржының жоқтығынан тоқырауға ұшырап, республикалық жарыстарға шыға алмай қалғаны жасырын емес. Ансамбльдің құрылуына оның шығармашылық дамуына жетекші болған Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, Қазақстан Композиторлар одағының мүшесі, Қостанай облысы, Аманкелді ауданының Құрметті азаматы, әнші-сазгер Қалибек Деріпсалдин еді. Қалибек аға қазіргі таңда 20 жылдан астам Академияның өнерін дамытуға және беделінің асқақтауына зор үлесін қосып келе жатқан, өнер иесі, біздің құрметті қызметкер.
Талап Қабденұлы Академия басшылығы қызметінен кеткен соң, ансамбльге қолдау көрсету бәсеңсіді. Одан кейін біраз уақыт өткен соң, Академия бастығы болып полиция генерал-майоры Мирлан Қызылов келген кейін ансамбльге қаржылай және моральдық қолдау көрсетіліп, жан біткендей болды. Ансамбль мүшелері әрқайсысы жаңа костюммен, киелі қобыз және қасиетті домбыралармен қамтамасыз етілді. Қысқасы қазіргі таңда домбырашылар қандай сайысқа болса да сақадай сай. Міне, осы қолдаудың арқасында былтыр полиция қызметкерлері арасында өткен республикалық «Парасатты полиция» конкурсында 3-орынға ие болды.
Ал биылғы Ақтөбе қаласында өткен республикалық конкурста курсанттарымыздың кәсіби деңгейде қатысқан өнер иелерін артта қалдырып, бас жүлдені иемденуі – ол, әрине, Академия үшін үлкен жетістік.
Жоғарыда айтылған барлық жарыс жеңімпаздарын Академия бастығы, полиция генерал-майоры Мирлан Қызылов өзі жеке қабылдап, оларға қашанда алғысын білдіріп, шалқардай тасыған шабыт береді. Мұндай кездесу курсанттарға қашанда үлкен қолдау екендігі айтпаса да түсінікті.
Осындай өнер, мәдениет, спорт, білім, ғылым саласындағы толағай табысты жетістіктердің арқасында Қостанай Академиясы осы жылдың қорытындысы бойынша Ішкі істер министрлігіне қарасты ведомстволық жоғары оқу орындары арасында рейтинг бойынша бірінші орынды жеңіп алды.
Жылдың басы жағымды жаңалықтармен бастаған Академияның болашағы тағылымы мол жетістіктерге толы болғай.

Мейрам ОСПАНОВ, Қостанай қаласы

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*