Рәміздерге құрмет – ұрпаққа міндет

Астанада Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықованың төрағалығымен Мемлекеттік рәміздер мен ведомствоаралық және оларға теңестірілген өзге де наградалар геральдикасы мәселелері жөніндегі республикалық комиссияның кезекті отырысы өтті.
Комиссия жұмысына Парламент депутаттары, орталық және жергілікті атқарушы органдардың басшылары, белгілі қоғам қайраткерлері мен ғалымдар қатысты.
Жиында сөз сөйлеген Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев Мемлекеттік рәміздерді насихаттауға байланысты атқарылып жатқан ақпараттандыру жұмысы туралы баяндап берді. «Біріншіден, 2018 жылы жылдық респубикалық медиажоспар аясында Мемлекеттік рәміздерге арналған іс-шараларды ақпараттық қолдау бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Бұл бағытқа барлық БАҚ тартылған. 2018 жылдың басынан БАҚ-та 300 материал жарияланды. Республикалық телеарналарда 35 сюжет, республикалық басылымдарда 68 мақала, интернет-ресурстарда 78 шығарылым, аймақтық БАҚ-та 115 материал, әлеуметтік медиада 55 материал жазба шықты. Екіншіден, Мемлекеттік рәміздер тақырыбын жариялау мемлекеттік-ақпараттық тапсырыс аясында жүзеге асырылатын бағыттардың тізіне енгізілді», – деді Дәурен Абаев.
Министрдің айтуынша, БАҚ-та жүйелі түрде ақпараттық жобалар ұйымдастырылып тұрады. Мысалы, республикалық телеарналардың эфирінде Мемлекеттік рәміздер күні көрермен назарына ұсынылатын жобалардың жоспары құрылған. Нақтырақ айтқанда, «Qazaqstan» телеарнасында Мемлекеттік рәміздер күніне арналған арнайы репортаж трансляцияланады. «Хабар» арнасында «Елдіктік ұстыны» деген деректі фильм эфирге шығады.
«Күнделікті бағдарламаларда арнайы шығарылымдар жоспарланған. Сондай-ақ, «Хабар», «Хабар 24» және «Qazaqstan» телеарналарында бағдарламааралық роликтер көрсетілетін болады. Осы мерекеге арналған ақпараттық сүйемелдеу арнайы айдарлар арқылы басылым беттері мен интернет-ресурстарда да жүргізіледі. Мәселен, инфографикалар, ақпараттық және авторлық материалдар, фоторепортаждар жарияланады. Сондай-ақ, әлеуметтік желілерде Мемлекеттік рәміздерді жағымды имиджін қолдау мақсатында арнайы шаралар мен флешмобтар ұйымдастырылады», – деді ол.
Дәурен Абаевтың айтуынша, үшіншіден, қазақстандық ақпараттық кеңістікте Мемлекеттік рәміздерді пайдалану бойынша құқыққа қайшы әрекеттерге байланысты әрдайым мониторинг жүргізіліп тұрады. «Қазір 6 жағдай анықталды. Интернет басылымдардың өкілдеріне ескерту хаттар жолданды. Бұл бағыттағы жұмыс әрқашан бақылауымызда. Материалдар анықталған жағдайда министрлік заңға сәйкес шараларды қолданады. Төртіншіден, осы жылдың мамыр айында Мемлекеттік рәміздерді пайдалану мен жылжыту саласындағы инспекциялық топ Ақпарат және коммуникациялар министрлігі мен министрлікке қарасты 10 ведомстволық ұйымға мониторинг жүргізді. Инспекциялық топ өкілдері, ведомстволық ұйымдар Мемлекеттік рәміздерді пайдалану мен жылжыту бойынша жүйелі жұмыс жүргізіп отырғанын атап өтті. Сонымен қатар, мониторинг барысында анықталған кемшіліктерді жоюға байланысты барлық іс-шаралар қолға алынды. Мемлекеттік рәміздерді ақпараттық қолдау мен жан-жақты насихаттау біздің министрліктің басты қағидаттардың бірі болып қала береді. Бұл бағыттағы жұмыс жалғасын табады», – деп түйді министр.

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*