Бүлдіршіндер мейрамындағы бақытты сәт

Қызылордалық полицейлер ата-ана қамқорлығынсыз қалған бүлдіршіндерге мерекелік көңіл күй сыйлады.
1 маусымда Қызылорда облыстық Ішкі істер департаменті Жылдам қимылдайтын арнайы жасақ қызметкерлері Халықаралық балаларды қорғау күніне орай және қасиетті айы Рамазан айының құрметіне ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларға қуаныш сыйлау, қолдау көрсету мақсатында «Атамекен» отбасылық үлгідегі балалар ауылында болып, балалардың 1 күндік уақытының қызықты әрі танымдық тұрғыда өтуіне жағдай жасады.
Басқосу жиынынан бастау алтау алған шарада тәртіп сақшылары тәрбиеленушілермен әңгіме-дүкен құрып, өздерінің ағалық ақыл-кеңестерін айтты, «полиция қызметкері боламын» деген балалардың қандай талаптарға сай болуы қажеттігін баяндап берді. Атап айтқанда, балалардың кішкентай кезінен саламатты өмір салтын ұстанып, жат қылықтардан аулақ болып, спортпен тұрақты түрде шұғылдану керек екенін ескертті. Осы мақсатта, балалар ауылына естелік сыйлық ретінде заманауи талаптарға сай келетін, қажетті жабдықтармен қамтамасыз етілген теннис үстелін сыйға тартты.
Сонымен қатар, арнайы жасақ қызметкерлері өздерінің ұрыс және қорғаныс кезіндегі әдіс-тәсілдерін көрсетті. Таңданыстарын жасыра алмаған бүлдіршіндер полицей ағаларына көкейлеріндегі сұрақтарын қойып, естелік суретке түсті.
Шара одан кейін «Арай» спорттық сауықтыру кешенінде жалғасын тапты. Полиция қызметкерлері балаларды түрлі аттракциондарға ойнатып, еркін демалуларына жағдай жасады.
Мерекелік шара соңында бүлшіндер полицей ағаларымен кездесуден мол әсер алып, бір жадырап қалғандарын жеткізіп, осындай жақсы көңіл күй сыйлаған ІІД басшылығына ризашылықтарын білдірді.

Қызылорда облыстық ІІД баспасөз қызметі

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*