Сұлулар сынға түскен сайыс

АЙГЕРИМАқ найзасының үкісі желбіреп елін жаудан қорғаған жаужүрек Жауғашты батырдың ізі қалған жер қазақтың небір қасіретіне куә болған мекен. Қылышынан қан тамған қуғын-сүргін жылдары алаштың маңдайалды азаматтарының сүйегі көмілген жердегі құлпытасқа қараған адам жылжып-жылжып тарихтың қойнауына сіңіп кеткен зұлмат жылдардың елесін көргендей болады.
Жауғашты батырдың ерлігі мен алаш азаматтарының осы жерде мәңгілікке тыныстап жатқанын тұрғылықты халық жақсы білгенімен сырттан келгендер құлпытасқа таңдана қарап өтеді. Бұл ауылға негізінен сырттан келетіндер – мына қысқа дүниеде шалыс басып шатасқан туыстары жазасын өтеп жатқан әйелдер колониясына келетіндер. Әйел адамға ана деп қана қарайтын қазақтың жүрегін сыздататын Жауғашты ауылындағы әйелдер колониясында әртүрлі қылмыс жасап, тағдырлары темір тормен шырмалған мыңға тарта әйел жазасын өтейді. Түрме деген жалпы атауы болмаса бұл жерде әйелдер жұмыс жасап, алаңдауға мұршалары болмайды. «Жауғашты-Еңбек» республикалық мемлекеттік кәсіпорыны жазалы әйелдерді жұмыспен қамтуды жылдан жылға жетілдіріп келеді. Мұнда жүректері жүдеу жазалы әйелдер арасында тәрбиелік мәні зор шараларды жиі ұйымдастыру дәстүрге айналған. Жақында осы ЛА-155/4 түзеу мекемесінде тағы бір дүбірлеген жарыс өтті. Бұл жолы жазалы әйелдер халқымыздың салт-дәстүрлерін паш етумен қатар, тал бойындағы тұнып тұрған өнерлерін ортаға салды. Айналасын әуезді әуенге бөлеген әнші де, мың бұралған биші де, көркем сөзді төгілдіріп оқитын шебер де табылған әйелдер колониясындағы сұлулар сайысы қызықты өтті. Түзеу мекемесіндегі он жасақтан суырылып шыққан он арудың өнері бірінен бірі асып түсті. Бірақ жарыстың аты жарыс, жарыс жеңімпазының тәжін сынға түскендерден оқ бойы озық түскен он тоғыз жасар Әйгерім Ақбердиева киді. Жеңістің екінші тұғырына Надежда Якубова көтерілсе, үшінші орын Елена Мошенкоға бұйырды. Әуелете ән шырқаған ерекше дауысты Нина Колесникова «Елдің қолдауына ие болған ару» атағын жеңіп алды. Жарыс жеңімпаздарының барлығы да «Жеті ағаш» қоғамдық қорының арнайы сыйлығына ие болды.

Гүлнәр ТАЗАБЕКОВА, суретті түсірген Елеусіз МҰРАТОВ

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*