Жемқорлық қоғам дамуын тежейді

ІІМ Орталық госпиталінде сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және оған қолайлы жағдайлар қалыптастыратын факторларды жою жөнінде арнайы кеңес өтті.
Кездесуге Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі ұлттық бюро (Жемқорлыққа қарсы қызмет) департаментінің басшысы Шыңғыс Қайыпұлы, Мемлекеттік қызмет істері және жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің Астана қаласы бойынша департаментінің басшысы Тілеген Қаскин және Орталық әскери-дәрігерлік комиссия мен ІІМ Орталық госпиталі емханасының ұжымы қатысты.
Кеңесте әскери-дәрігерлік комиссия қызметіндегі сыбайлас жемқорлық қатерлерінің алдын алу және оған қолайлы жағдайлар туғызатын факторларды жою, қылмыстық құқық бұзушылық жасауға итермелейтін жағдайлар бойынша ұсынымдарды қарау тәжірибесі және басқа да заң бұзушылықтар, сондай-ақ, жалпы жемқорлыққа қарсы заңнамаларды сақтау мәселелері қаралды.
Сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарын жасауға итермелейтін себептер мен жағдайларды жою туралы, соның ішінде ведомстволық нормативтік-құқықтық актілерде медициналық тексеруден өтуге жолдама берудің, сонымен бірге, қорытынды жиын өткізудің соңғы мерзімін бекіту бойынша Жемқорлыққа қарсы қызмет ұсыным енгізгені аталып өтілді.
– Цифрландыру – жемқорлыққа қарсы күрестің бірден-бір тиімді жолы. Алдағы уақытта Халыққа қызмет көрсету орталықтарына барудың қажеттілігі болмайды. Өйткені, үйде отырып-ақ электронды цифрлық қолтаңбаның көмегімен кез келген мемлекеттік қызмет түрін алатын күн алыс емес. Бұл мемлекеттік қызметші мен клиент арасындағы байланысты жойып, сәйкесінше екі арада болуы ықтимал жемқорлық қылмыстарының да жолын кеседі, – деді өз сөзінде Мемлекеттік қызмет істері және жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің Астана қаласы бойынша департаментінің басшысы Тілеген Қаскин.
Шарада дәрігер-мамандарға қаралу, анализдер тапсыру және қорытынды жиын өткізудің кестесін жасау тәжірибесін енгізу мәселелері де әңгіме өзегіне айналды.
Кеңесте сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарының алдын алу және ескерту бойынша шараларды жетілдіру, әскери-дәрігерлік комиссия қызметіндегі жемқорлық қатерлерін барынша азайтып, жемқорлыққа қарсы мәдениеттің дамуын қамтамасыз ету кеңінен сөз болды.

Ескендір ТАСБОЛАТ, суретті түсірген Бек ИМЕКЕШОВ

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*