Бар жақсылық – балаларға

Өткен сенбіде Халықаралық балаларды қорғау күніне орай Ішкі істер министрлігінде мерекелік шара өтті.
Орталық аппарат қызметкерлері бұл күні жұмысқа балаларын жетектеп келіп, оларға мереке сыйлап, ерекше қуантуға ауа-райының қолайсыздығы да кедергі бола алмады.
Іс-шараның ашылуында әлеуметтік қолдау қорының төрағасы Кемел Жұмашев және Ішкі істер органдары мен Ұлттық ұлан ардагерлерінің қазақстандық кеңесі төрағасының орынбасары, милиция полковнигі Берік Сүлейменов балаларды мерекелерімен құттықтады. «Біз бүгін Ардагерлер кеңесі және Ішкі істер министрлігінің басшылығымен бірлесіп балаларға мереке ұйымдастырып отырмыз. Сіздердің ата-аналарыңызға ерекше алғыс айтқымыз келеді. Өйткені, олардың ішкі істер саласында еңбек етуі дегеніміз – отбасы, бала-шағаның үнемі қасында болмауы, ұйқысыз түндері мен күлкісіз күндері. Осындай ауыр жүкті арқалап жүрген ата-аналарыңыздың үміттерін ақтап, оқуда озат болуларыңызды тілеймін», – деді құттықтау сөзінде Кемел Жұмашев.
Милиция полковнигі Берік Сүлейменов: «Құрметте ата-аналар мен балалар, бүгін сіздер үшін ерекше күн. Бүгін баршамызды осы жерде балаларға деген шексіз махаббатымыз біріктіріп тұр. Бұл мерекенің жылдан-жылға маңызы артып келеді. Балалар ертең есейгенде естеріне алып отырулары үшін бұл күнді біз қолдан келгенше ұмытылмастай етіп өткізуіміз керек. Бүлдіршіндерге бақытты балалық шақ сыйлау – ол біздің міндетіміз. Сондықтан сіздерге қажымас қайрат, денсаулық, табыс тілеймін», – деп түйіндеді сөзін.
Одан әрі іс-шара мерекелік концертке ұласты. Министрлік плацында «Мен және менің Қазақстаным» тақырыбында сурет салу конкурсы өткізілу керек болған еді. Алайда, күн жауын-шашынды болғасын сурет салу сайысы өткен жоқ. Десе де, балалар жауынға қарамастан көңіл көтеріп, спорттық ойындарға белсене қатысты. Айталық, «Үздік мерген», «Скакалка» спорттық сайыстарында балалар ептіліктері мен шымырлықтарын, мергендіктерін байқатты. Түрлі конкурстардың қорытындысы бойынша жеңімпаздарға көтермелеу грамоталары мен естелік сыйлықтар тапсырылды.

Жадыра МЫРЗАХМЕТ, суретті түсірген Қанат КӨЛБАЕВ

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*