Кавалериялық взвод қызметке кірісті

Петропавл қалалық Ішкі істер басқармасының кавалериялық взводы бөлімшесі күзге дейін саяжай учаскелеріндегі қоғамдық тәртіпті қадағалайтын болады.
Саяжай маусымы басталысымен қала маңындағы қоғамдық тәртіпті сақтауға атты полиция жасақтары шықты. Жасақтың міндеті – саяжай аумақтарында қылмыстардың жасалуын ескерту, қоғамдық тәртіпті бұзудың алдын алу, сондай-ақ, жағажайларды патрульдеу. Тәжірибе көрсеткендей, қызметтік аттарды пайдалану тәртіп сақшыларының жедел әрекет етуін арттырады. Арнайы үйретілген жылқылармен тәртіп сақшылары жол талғамай алыс қашықтықтарды бағындыра алады. Қыс бойы олар сенімді көмекшілерін баптап, жаттықтырады, үйретілген жануарлар жазда ұрыларды құрықтауға, қоғамдық тәртіпті бұзушылықтарды анықтауға көмектеседі.
«Жаз мезгілі келісімен 8 саяжайды патрульдеуге шығамыз. Саяжайлардағы қоғамдық тәртіпті қадалау жұмыстарының маусымы 14 мамырдан басталды. Жалпы біздің қавалериялық взводта 15 қызметтік ат бар. Барлығы штат бойынша 17 адам қызметке түсіп, саяжайлардағы тәртіпті күзетеді. Көбінесе саяжайлардан жеміс-жидек піскенде ұрлау қылмыстары орын алады. Ал, біздің мақсатымыз – осындай құқық бұзушылықтардың алдын алу», – дейді Петропавл қалалық Ішкі істер басқармасы Жергілікті полиция қызметінің жол-патрульдік полициясы батальонының полицей-кавалерисі, полиция сержанты Жақсылық Кожелдаков.
Қазіргі уақытта қалалық Ішкі істер басқармасы кавалериялық бөлімшесінің қызметкерлеріне 14 патрульдеу бағыты әзірленген. Криминогендік жағдайға байланысты бағыттар кез келген уақытта өзгертіліп, толықтырылуы мүмкін. Атты жасақ саяжайшылармен бірге бір маусымда қызметке шығып, жеміс-жидек жиналғаннан кейін қоңыр күзде патрульдеуді аяқтайды.
Өткен жылы Петропавл қалалық Ішкі істер басқармасы кавалериялық бөлімшесінің қызметкерлері 7 ұрлықты ашты. Түрлі әкімшілік құқық бұзушылықтар үшін 45 хаттама толтырылды. Хаттамалар көбінесе қоқыс тастау және қоғамдық орындарда маскүйде жүру сияқты бұзушылық түрлері бойынша толтырылған.
Атты полицияны шақыру үшін 102 телефон нөміріне хабарласу қажет. ІІБ Жедел басқару орталығы қызметкерлері патрульді рациямен көрсетілген бағытқа жібереді.

Солтүстік Қазақстан облыстық ІІД баспасөз қызметі

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*