Цифрлы технология – игіліктің бастауы

Президент Нұрсұлтан Назарбаев өзінің Қазақстан халқына Жолдауында төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы жаңа мүмкіндіктер туралы айта келіп, қауіпсіздік пен қоғамдық тәртіпті қамтамыз ету саласында жол қозғалысын бақылау мен бейнекамералар жүйесін белсенді енгізуге байланысты жаңа міндеттер қойғаны белгілі.
Бүгінгі таңда ішкі істер саласында цифрландыру бойынша жасалып жатқан жұмыстар легі аз емес. Ішкі істер министрінің орынбасары, полиция генерал-майоры Берік Бисенқұловтың айтуынша, ішкі істер органдарында цифрлы технологияны енгізу еліміздегі жолдардың қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. «Мен цифрлы технологияны жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, жол-көлік оқиғаларының алдын алуда бірден-бір тиімді құрал деп есептеймін. Өздеріңізге белгілі, жол-көлік оқиғаларының басым көпшілігі жылдамдықты арттыру, бағдаршамның тыйым салған белгісін елемеу, қарсы бетке шығып кету және көлік жүргізудің қарапайым ережелерін сақтамаудан орын алатыны белгілі. Мұндай жағдайда интеллектуалды жүйелер жолда жүру ережелерінің бұзылғандығын анықтап және кінәсін дәлелдеуге мүмкіндік береді», – дейді ол.

ЖБО – құқық бұзушылыққа тосқауыл
Бүгінгі таңда мұндай жүйелер республиканың барлық өңірінде табысты жұмыс істеп тұр. Бұл жерде олардың жоғары тиімділігін атап айту керек. Жыл сайын камералар көмегімен миллионнан астам бұзушылық анықталады. Сонымен қатар, интеллектуалды жүйе нақты уақыт тәртібімен бақылау зонасы арқылы өткен көлік құралдарының тіркеу нөмірлерін бағдарға алып, автоматты түрде олардың арасында іздеуде жүргендерін де тексереді. Барлық анықталған бұзушылықтар ІІО процессуалдық орталықтарында өңделеді. Қызметкерлердің қатысуынсыз ереже бұзушылықты анықтау, тіркеу, ұйғарымды айырбастау мен материалды басып шығару жүргізіледі. Осылайша бұл жүйенің жұмысы «адам факторының» қатысуынсыз жүзеге асады, әлбетте бұл жерде жемқорлық қаупі де болмасы анық.
Жоғарыда айтылғандарды санамалай келе шығатын қорытынды – цифрлы технология тек жүргізушілердің ережелерді сақтау деңгейін көтеріп қана қоймайды, сонымен бірге, жол қозғалысындағы жүйесіздік пен бассыздықтарға тосқауыл қояды деуге болады. Цифрлы технологияның көшелерде жасалатын қылмыс деңгейін төмендетуге және қауіпсіздікті қамтамасыз етуге ықпалы бола ма деген сауал кез келгеніміздің көкейімізде тұрары анық. Интеллектуалды жүйенің көшедегі және қоғамдық орындардағы тәртіпті қамтамасыз етудегі рөлі туралы баға беру уақыт еншісіндегі мәселе. Дегенмен, мұндай жүйені қолдану былтыр өткен қысқы универсиада, Шанхай ынтымақтастығы ұйымы басшыларының саммиті және халықаралық ЭКСПО-2017 көрмесі кезінде қауіпсіздік пен тәртіпті қамтамасыз етуге мүмкіндік берді. Іс жүзінде бұл тәжірибе тәулік бойы басқару мен бақылау жұмысына полицияның барлық қажырын жұмсай отырып, құқық бұзушылық пен қылмыстық оқиғалар туралы дабылдар бойынша жұмыс істейтін Жедел басқару орталықтарын одан әрі дамыту қажеттігіне көз жеткізді.
Тәулік сайын өңірлердің Жедел басқару орталықтарында 16 мыңнан астам полиция қызметкері жұмыс істейді. Өткен жылы полицияның кешенді түрде жұмылдырылған күшімен жедел түрде 34 мың қылмыс ашылды. ІІМ баспасөз қызметі деректеріне қарағанда, бейнекамералардың көмегімен жыл сайын шамамен 2,5 мың қылмыстық және 400 мыңнан астам әкімшілік құқық бұзушылық анықталады екен. Қазіргі уақытта еліміз бойынша 21 Жедел басқару орталығы жұмыс істеп тұр. Алдағы уақытта «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы бойынша 30 шағын қалада осындай ЖБО құрылысын салу жоспарлануда.
Жүйені дамытудың келешегіне келсек, ұрлықтың алдын алу мақсатындағы «Қауіпсіз аула» бағдарламасы аясында бейнебақылау жүйесін кеңейтуге байланысты әкімдіктермен белсенді жұмыс жүргізілуде. Сонымен бірге, «Қазақтелеком» АҚ-пен тұрғын үй кешендеріне бейнебақылау камераларын орнатып, ондағы бейнемәліметтер мен арнайы деректерді сақтауды қарастыратын «Жинақтау» бейнекамера қызметін дамыту» жобасын енгізу жұмыстары да жалғасуда. Бұл жоба Астана, Алматы қалалары мен Жамбыл және Павлодар облыстарында қолға алына бастады.

Қылмысты ашу мүмкіндігі мол
Бейнекамералардың қылмысты ашуда, құқық бұзушылықты анықтауда көмегі айтарлықтай зор. Мысалы, бейнежазбалардың арқасында қылмыскердің бейнесін анықтау оңай, оқиға қалай болғаны туралы не оқыс оқиға болса, қосымша деректер алуға болады. Қылмыскерлер сол маңда камера барын байқаса, қылмысқа бармайды.
Өткен жылдың қорытындысына қарағанда, Жедел басқару орталықтарындағы бейнекамералар көмегімен ұсақ ұрлықтан бастап кісі өліміне дейінгі әртүрлі дәрежедегі 2334 қылмыс ашылған.
Енді осы жерде цифрлы технологияның арқасында жемқорлық деңгейін төмендетуге бола ма деген заңды сұрақ туады. Дұрысына келсек, жемқорлықпен күрестің өзі алдын алу шарасы сипатында жүреді. Ең алдымен ол полицейлердің халық арасындағы жұмысын цифрландыру процесі арқылы жүзеге асырылады. Ішкі істер министрінің орынбасары Берік Бисенқұловтың айтуынша, мемлекеттік қызметтерді автоматтандырумен бірге министрлік әкімшілік өндірісті толық цифрландыруды қамтамасыз етуді жоспарлауда. Сәйкесінше ІІМ Бас прокуратурамен бірлесіп, «Әкімшілік құқық бұзушылықтың бірыңғай реестрі» пилоттық жобасы Астана қалалық ІІД базасында жасақталуда. Жоба бойынша, мұнда жол-патрульдік полициясы қызметкерлері жол ережесін бұзу фактілері бойынша хаттамаларды планшеттер арқылы электронды түрде толтырады.
Сонымен қатар, полиция қызметкері электронды хаттама толтыру кезінде ешқандай құжат көрсетпесеңіз де, автоматты түрде мәліметтер базасына кіріп, көлік, жүргізуші куәлігі, құқық бұзушының мекенжайы, айыппұлының бар-жоғы, техникалық тексеруден өткендігі туралы мәліметтер ала алады. Сонымен бірге, құқық бұзушылық туралы мәлімет оны рәсімдегеннен кейін қысқа уақыттың ішінде онлайн жүйесінде құқық бұзушының орталық банкіне және электронды үкімет порталына түседі.

Халықпен интерактивті сауал
«ҚР ІІМ ІІО учаскелік полиция инспекторларының қызметіне арналған мәліметтер базасының автоматтандырылған ақпараттық жүйесі» жобасының жетекшісі, ІІМ Әкімшілік полиция комитеті басқарма бастығының орынбасары Вадим Яценконың айтуынша, биыл өңірлердегі әкімдердің қолдауымен жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуге жұмылдырылған барлық полицейді планшеттік құрылғылармен 100 пайыз қамтамасыз ету жоспарланған. «Бір мезгілде жол-патрульдік полицейлер мен қылмыстық атқару жүйесін бейнетіркегіштермен қамтамасыз ету жұмыстары да қатар жүргізілуде. Қазіргі таңда жеке құрамды бейнетіркегіштермен қамту орташа есеппен 77 пайызға жеткізілген. Оны қолдану жеке құрамның тәртіп пен заңды сақтауын қамтамасыз етіп, полицейлердің өздеріне қатысты заңға қайшы әрекет фактілері туындап жатса, жазып алады. Қорыта келгенде, ішкі істер органдарының технологиялық жағынан дамуы, цифрландырылуы осы саланың қызметіне серпін бермек.
«Біз ІІМ ІІО учаскелік полиция инспекторларының қызметіне арналған мәліметтер базасының автоматтандырылған ақпараттық жүйесін жасаймыз. Бұл технология учаскелік инспекторларға бұрынғыдан жедел қимылдауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, олар өздері қызмет ететін аумақтағы жағдай бойынша толық мағлұматқа қанық болады. Және бір жақсы жағы – бұл жұмыс уақытын қысқартады, қағаз жұмысы электронды форматқа ауыстырылған. Аталған жобаны іске асыру әкімшілік полиция қызметінің тиімділігін одан сайын арттырады. Ендігі жерде барлық деңгейдегі басшылардың жеделдігі артып, мониторинг тиімділігін және учаскелік полиция инспекторлары қызметін бақылауға да көмегі мол», – дейді ІІМ Әкімшілік полиция комитеті басқарма бастығының орынбасары Вадим Яценко.
Оның айтуынша, алдағы уақытта халықпен онлайн жүйеде қарым-қатынас жасауға мүмкіндік туғызатын осы жобаның арқасында әкімшілік полиция порталында учаскелік инспекторлардың интерактивті қызметтік блоктарын ашу да ойластырылуда. Олар осы ресурс арқылы халықпен интерактивті сауал жүргізе алатын болады. Сонымен қатар, халықтың құқықтық санасы мен сауаттылығын көтеруге бағытталған ақпаратты орналастыруға арналған интернет-алаң жасақталмақшы. Бұл жүйенің интеграциясы басқа да мәліметтердің мемлекеттік базасымен қатар жоспарлануда. 18 мәліметтер базасы мен интеграция тізімі жоспарланған. Оның ішінде жеке және заңды тұлғаларға қатысты мемлекеттік база, жылжымайтын мүлікті тіркеу, мекенжайға тіркелу, «Оралман» ақпараттық жүйесі және тағы басқалар бар. Жоба үш жылға жоспарланған. Оны жүзеге асыру келер жылы басталып, 2021 жылы аяқталмақ.

Жадыра ШАМҰРАТОВА

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*