Тәрбиенің босаңсуы тәртіпсіздікке жол ашады

Қазіргі таңда қоғамның алдында тұрған басты міндеттердің бірі – балалар мен жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу, кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыстың өсуіне жол бермеу. Осы орайда, 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күні қарсаңында Астана қаласының Есіл аудандық ІІБ Жергілікті полиция қызметі Ювеналдық полиция бөлімшесінің аға инспекторы, полиция капитаны Аида Кадролдиновамен сұхбаттасып, жасөспірімдер арасындағы қылмыстық ахуал, оған қарсы қабылданып жатқан профилактикалық шаралар жайында білген едік.
Аида Айдарқызы, ювеналдық полицияның жұмысы, міндеті туралы айтып берсеңіз?
– Ювеналдық полиция кәмелетке толмағандардың арасында құқық бұзушылық жасауға ықпал ететін себептер мен жағдайларды анықтау, зерделеу, жоюға бағытталған шаралар кешенін жүзеге асырады. Ювеналдық полиция бөлімшесінің кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі инспекторларының басты міндеті – Астана қаласындағы білім беру ұйымдарында құқық бұзушылықтың алдын алу. Біз білім беру ұйымдарының білім алушылары арасында білім беру ұйымдарының педагогикалық ұжымдарымен өзара іс-қимыл жасасып, мектеп басшысы мен жергілікті полиция қызметі бастығының орынбасары бекіткен әр тоқсанға құрылған бірлескен іс-шаралар жоспарына сәйкес жұмыс істейміз. Бірлескен жұмыс жоспарына сәйкес білім алушылар және олардың ата-аналарымен құқықтық сауаттылықтарын арттыру мақсатында жеке профилактикалық жұмыс жүргізіледі. Жасөспірімдердің қылмысқа баруына жол бермеуге бағытталған рейдтік іс-шаралар өткізіледі. Және әр оқу тоқсанның қорытындысы бойынша оқушылар арасындағы құқық бұзушылықтардың жай-күйі, сондай-ақ, жүргізілетін профилактикалық жұмыстың тиімділігін арттыру бойынша білім беру ұйымдарының басшылықтарына атқарылған жұмыстар туралы анықтама тапсырады. Алдағы тоқсанға жоспар қойылады.
Мысалы, бүгінде мектептерде міндетті түрде жол ережелеріне қатысты сабақтар өтеді. Бұл сабақтар бірінші сыныптан бастап жоғары сынып оқушыларын қамтиды. Баланың жол ережесіне қатысты білімін тексеру үшін олардан шығарма алынады. Меніңше, бұл – ең тиімді тәсіл. Жолда жүру ережелерін мектептерде қанша түсіндіргенімізбен, балаларын қолдарынан жетектеп алып, жолдың белгіленбеген бөлігінен өте беретін ата-аналар өнегелі іс көрсете алмай отыр. «Баланы тәрбиелеме, өзіңді тәрбиеле. Өйткені, ол бәрібір саған қарап өседі» деген сөз бар, ата-аналар бізге құқықтық тәртіпті азамат тәрбиелеуде қолғабыс етсе екен дейсің.
Заңды сыйлайтын азамат тәрбиелеу үшін бүгінгі баланың бойында осы қасиеттерді бүгіннен сіңіру керек. Мектеп инспекторлары осы мақсатта қандай істер атқарып жатыр?
– Қазір мектептерде бала саны өте көп. Есіл ауданында 21 білім беру ұйымы бар, оның ішінде 15-і орта білім беру мектебі болса, оның 1-еуі Жас ұлан мектебі, қалғандары – лицейлер мен колледждер. Есіл ауданында бала саны 3 мыңнан асатын мектеп бар. Ал бір білім беру ұйымына 1 инспектор тағайындалады. Ойлап қарасаңыз, бір инспектор осыншама баламен бір өзі жеке-жеке жұмыс істей алмайды. Мектеп инспекторлары да ет пен сүйектен жаратылған адам баласы ғой. Есіл ауданында штат бойынша 19 учаскелік инспектор бар. Оның 1-уі бастық, тағы 1-уі аға инспектор, ал қалғандары мектеп инспекторлары.
Біздің инспекторлар мектеп басшыларымен бірлесіп ата-аналар жиналысын өткізеді. Жиналыстарда кәмелеттік жасқа толмағандарға қатысты мәселелерді көтереді. Мысалы, түнгі уақытта жүруге болмайтындығы, жасөспірімдердің қатысуымен болып жатқан құқық бұзушылықтар, оның түбі неге апаратыны туралы құлақтандырады. Алайда, ата-аналар бұл жиналыстарға тиіп-қашып қатысады. Бір оқу жылында жиналысқа әрі кетсе екі рет қана келіп, кейін бірдеңе болса: «Мектеп инспекторы қайда қарап отыр?», – деп шығатын ата-аналар бар. Жұмыс деп жүріп, баланың тәрбиесін екінші қатарға қалдырып, кейін опық жеп қалып жатады. Осы заманда баланы жұрттан кем қылмай өсіру үшін маңдай термен ақша тауып, материалдық жағдайын жасау кім-кімге болса да оңай тиіп жатпағанын түсінеміз.
Бүгінде мектепте бала тәрбиесімен айналысып жатқан мұғалімдердің дені – әйелдер, мектеп психологтары – әйелдер, мектеп медбикелері – әйелдер, мектеп инспекторлары да – әйелдер. Оның үстіне бүгінде жалғызбасты аналар да көп. Бала тәрбиесінде ер азаматтардың рөлі бәсеңдеп бара жатқандай. Баланы түбегейлі әйелдердің тәрбиесіне беріп қойып жатқан жоқпыз ба?
– Шынымен, ювеналдық полиция – кәдімгідей әйелдер батальоны. «Бұл – әйелдердің жұмысы» деген пікір қалыптасқан. Өйткені, мұндағы негізгі жұмыс – бала тәрбиесі. Ал біздің қоғамда бала тәрбиесі әйелдердің міндеті деген түсінік бар. Ер адамдар тергеу, криминалдық полиция бөлімінде жұмыс істегенді жөн көреді. Біз оларды күштеп ювеналдық полицияға тарта алмаймыз. Қазіргі таңда «Есіл» ауданы бойынша 20 шақты ювеналдық инспектор болса, соның 3-і ғана ер азамат.
Құқық бұзушылыққа көбіне тұрмысы төмен, қолайсыз отбасыларда тәрбиеленіп жатқан балалар барады деген пікір қалыптасқан. Сіз бұл пікірмен келісесіз бе?
– Астана қаласы бойынша әр жұма, сенбі күндері локальді рейдтік шаралар өткізіледі. Оқушылардың мектептердегі сабағы біткен кезде учаскелік инспекторлер осы жұмыстарды атқаруға шығады. Сонда байқайтынымыз, түнгі уақытта сіз айтып отырған отбасыларда тәрбиеленіп жатқан балалар ғана жүрмейді. Толыққанды отбасында тәрбиеленіп, не ішем, не жеймін деп ойламай өсіп келе жатқан балалар да бар бұл қатарда. Мен барлық құқық бұзушылықтарды қолайсыз отбасыларда тәрбиеленіп жатқан балалар жасайды деп айта алмаймын.
Өзіңіз білетініңіздей, Есіл ауданында ойын-сауық орталықтары көп, балалар осы жерлерден шықпайды. Мысалы, кейде сауда орталықтарындағы дүкендерден ұрлық жасаған жасөспірімдер де анықталып жатады. Бір қызығы, бала полиция бөліміне жеткізілгенде оның ата-анасын, оқитын жерін анықтау барысында баланың жақсы отбасында тәрбиеленіп жатқаны, ата-анасы балаға үйде барлық жағдайды жасап отырғаны белгілі болып жатады. Біз таңырқап: «Неге мұндай іске бардың?», – деп сұраймыз. Олардың, мәселен, «Меломан» сияқты дүкендерден ұрлайтыны – кітап, диск. Олар мұны балалықпен жасайды.
Біз ата-аналарға түнгі сағат 22:00-ден таңғы 6-ға дейін бала көшеде жалғыз өзі жүрмеуі керек екенін ескертеміз. Бала 18-ге толмайынша, оған түнгі уақытта түнгі клубтар, компьютер клубтары, кинотеатрлар, ойын-сауық орталықтарында заңды өкілінсіз жүруге болмайды. Өйткені, қазір балалар ата-аналарына «Досымның үйінде қонамын» деп өтірік айтып, түрлі жағдайға ұрынып жатады. Олар бұл уақытта өздері ойын-сауық орталықтарында жүріп, жалға пәтер алып, сауық құрып, ішімдік ішіп, темекі тартып, көңіл көтереді. Ал, ата-аналар баласы 16-ға толса болды, ол түнгі уақытта өздігімен жүре алады, өз-өзіне жауап береді деп ойлайды. Біз рейдтер кезінде заң бұзушылық жасаған жеткіншектерді полиция бөлімшесіне алып келсек, ата-аналары «Бұл 16 жасқа толған ҚР азаматы» деп шығады. Біз оларға бала кәмелеттік жасқа, яғни 18-ге толмайынша түнгі уақытта жүре алмайтынын түсіндіріп әлек боламыз.
Алайда, заңды білместік – оларды жауапкершіліктен босатпайды. Тағы бір мәселе – заңды өкілге қатысты туындайды. Заңды өкіл дегеніміз – бұл баланың әке-шешесі немесе сенімхат арқылы тапсырылған адамдар. Ал ата-аналар осыны түсінбейді. Баланың туған ағасы, апасы, әпкесі, көкесі оның заңды өкілі емес екенін түсіндіре алмай келеміз. Оларға бала сенімхат арқылы берілгенде ғана заңды өкілі бола алады.
Балалар «әлеуметтік мәртебелеріне» байланысты өзара бөлінетіндерін де байқаймыз. Сіз бұған не дейсіз?
– Балаларды осындайға итеріп жатқан біз өзіміз. Өйткені, соңғы модельдегі ұялы телефонды әпереміз, қымбат киіндіреміз, қалтасына қомақты ақша салып береміз. Осыдан кейін мектепте балалар арасында өзара бөліну басталады. Себебі, балалардың барлығы бірдей әлеуметтік тұрмысы түзу отбасыларында тәрбиеленіп жатқан жоқ. Сіз балаңызға әперген дүние басқа отбасы үшін қолжетімсіз болуы мүмкін. Балаларды мектепке білім алуға емес, барымен мақтануға жіберіп жатқан сияқтымыз. Содан да олар «Менің ұстаған телефоным қымбат, сенікі арзан», «Мені мектептен көлікпен алып кетеді, сен жаяу кетесің», «Мен жазғы демалыста шетелге барам, сен ауылға барасың» деген сөздер айтып, өзара бөліне бастайды. Және киген киімдерінің де қымбаттылығымен мақтанады. Оқушылар мектепке балалар бірыңғай форма кигенімен, сабақтан тыс уақыттарында бір-бірімен кездеседі. Қарапайым отбасының баласы баршылықта өсіп жатқан баланың киген киімін көреді, қызығады. Өзі де қатарынан қалғысы келмей, солар сияқты киінгісі келеді. Ал оның әке-шешесінде оған мұндай киім әперетін жағдай жоқ. Сосын ол бала не істейді? Сауда орталықтарына барады, қымбат киімдерді алуға ақшасы болмағасын, ұрлық жасайды. Мұндай да жағдайлар болып тұрады.
Сіздің ойыңызша, ата-аналар бүгінде баланың материалдық жағдайын жасаймын деп жүріп, бала тәрбиесіне көңіл бөле алмай қалып жатқан жоқ па?
– Ата-аналар баланың тамағын тоқ, көйлегін көк қыламыз деп жүріп тәрбиесін босаңсытып алып жатқаны рас. Бірақ, олар баланың материалдық жағдайын жасасақ болды деп ойлайды. Қазір балалардың көбіне ата-ана махаббаты, мейірімі жетіспейді. Әке-шешелері балаға жеткілікті көңіл бөлмейді. Ата-ананың балаға мұндай қатынасы оны рухани мүгедек етеді. Содан бала күйзеліске ұшырайды, өзін ешкімге керексіз сезінеді. Ата-анасынан алыстап кетеді. Көптеген ата-аналар балаларының күнделікті болмаса да, ара-тұра халін сұрап тұрмайды. Бала әке не болмаса шешенің оны бір сәт құшағына қысып, басынан сипап, жылы сөздер айтқанын қалап тұрады. Өйткені, бар әлемнің байлығы әке-шеше мейіріміне жетпейді. Балалар мұндай жылулылықты үйден таппағасын оны сырттан іздейді. Олар сосын да өздері сияқты әлемде өмір сүріп жатқан балалармен әлеуметтік желі арқылы танысады. Олардың өмірге көзқарастары, психикалары, алған бағыттары, қағидалары да бірдей. Сосын өздері жеке әлемдерін құрып, оқшауланып өмір сүреді.
Ата-аналарға айтпағым, баланы алтынмен аптап, күміспен қаптамай-ақ, оларды махаббатқа бөлеп, мейірімге орап, олармен достай сырласу керек.
Қазір қоғамда балалардың зорлық-зомбылыққа ұшырау фактілері жиілеп кетті. Екі күннің бірінде жас жеткіншектің зорланғаны жайлы жаңалық естіп жатамыз. Тіпті, ең қорқыныштысы бұл қалыпты жағдайға айналып бара жатқандай. Сіздіңше, осы кеселдің алдын алу үшін не істеу керек?
– Ата-ана балаларымен бұл тақырыптарда ашық сөйлесе алмайды. Қазақтың менталитетіне жібермейді. Жалпы, психологияда кәмелетке толмаған баланы сексуалды тәрбиелеу деген түсінік бар. Бұл тақырыпта баламен әңгімелесудің өз уақыты келеді. Бұрын біз Есіл ауданына қарасты ауруханалардағы гинеколог дәрігерлермен бірге мектептерде 10-сынып оқушыларымен осы тақырыпта әңгіме жүргізген болсақ, қазір 8-сынып оқушыларынан бастап жыныстық тақырыпта әңгімелесеміз. Өйткені, осы жаста олар жетіліп, қыз-жігіт болып жүре бастайды.
Бұдан бөлек, инспекторлар мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасарымен, мектеп психологтарымен бірлесіп қыздармен, ұлдармен бөлек әңгіме жүргізеді. Оларға жыныстық жетілу, ерте жыныстық қатынасқа түсудің залалы туралы айту – біздің міндетіміз. Балалар әке-шешелерімен бұл тақырыптарды ашық сөйлесе алмайды. Сондықтан мұндай жұмыстар мектеп қабырғасында міндетті түрде жүргізілуі керек. Мектеп оқушыларының жүкті болып қалып жатқан жағдайлары аз емес. Қазіргі оқушыларды біздің кезіміздегі балалармен салыстыруға болмайды. Олардың ойлау қабілеттері, ой-өрістері, көзқарастары мүлдем бөлек.
Жаз кезінде үш ай демалыста жасөспірімдер еркіндікті сезініп, арқаларын кеңге жаяды. Бос жүрген баланың жазғы демалысы тиімді ұйымдастырылмаса, жаман жолға түсіп кетуі мүмкін. Жаз мезгілінде жасөспірімдермен қандай жұмыстар жүргізіледі?
– Көп ата-аналар балаларының жазғы демалысын ұйымдастырып, жазғы лагерьлерге, тіл курстарына, спортпен, бимен шұғылдануға бергісі келгенімен, ақшаның жоқтығы қолбайлау болады. Біз мектептермен бірлесе отырып балаларды жазғы лагерьлерге жіберіп, аула клубтарындағы спорт үйірмелеріне жолдама береміз. Бұл аула клубтарында спорттан бөлек, түрлі музыкалық аспаптарда ойнауды үйрететін үйірмелер бар. Балалар демалыстарында үйде бос жатқаннан гөрі сондағы түрлі үйірмелерге барып, бір мезгіл пайдалы іспен шұғылданады.
Есепте тұрған балаларды да үш ай жазғы демалыстарында қылмысқа бармауы үшін біз оларды көптеген үйірмелерге қатыстырамыз. Жұмыс істеймін десе, жұмыспен қамту орталығы арқылы жеңіл-желпі жұмыстарға орналастырамыз. Жаз кезінде есепте тұрған балалардан көз жазбаймыз. Ал кәмелетке толмаған, жұмысқа жарамды балалар еңбек кодексіне сәйкес жеңіл жұмыстар істей алады. Жұмыс істеу үшін біріншіден, ата-анасының рұқсат қағазы керек, екіншіден жұмыс беруші мен жасөспірімнің ата-анасы шартқа отырады.
Жазғы уақытта жан-жақтан келіп жұмыс істейтін балалар көп. Еңбек кодексінің ережелерін бұзып, ауыр жұмыс, яғни құрылыс жұмыстарына араласып, бетон құю, вагоннан жүк түсіру сияқты ауыр жұмыстарды атқарып жүрген балалар да анықталып жатады. Сонда біз олардан осындай жұмыс істеуге не мәжбүрлегенін сұраймыз. Олар өздерінің ер жеткендерін, ата-аналарынан бұдан әрі ақша алуға ұялатындарын, оқу жылына керек-жарақтарына ақшаны өздері тапқысы келетіндерін айтады.
Халықаралық балаларды қорғау күнінде оларға қандай сый-сияпат көрсетесіздер?
– Жыл сайын өзіміздің күшімізбен қолайсыз, көпбалалы отбасында тәрбиеленіп жатқан балаларды ойын-сауық орталықтарындағы ойын алаңдарына апарып, тәтті тағамдар әперіп, бұл мерекені ұмытылмастай етуге тырысамыз. Өйткені, 1 маусым күні жағдайы жақсы ата-аналар балаларын алып паркке апарады, қыдыртады, айтқандарын орындап жатады. Ал тұрмысы төмен отбасылардың балалары мұндай қызықты көрмейді, жетімсіреп үйде отырады. Олардың ата-аналары ішімдікке әуестенуі, жұмыс істемеуі мүмкін. Біз сондықтан да бұл күні оларға оқу құралдары салынған сыйлыққа лық толы сөмке сыйлап, бар тәттіні алдарына тосып, қыдыртып, мәз-мейрам қылып үйлеріне жібереміз.
Балаларды қорғау күні ғана емес, өзге де мейрамдарда үйлеріне барып киім-кешек, кеңсе тауарлары, тәттілер тарту етеміз. Шамамыз жеткенше, қамкөңіл жеткіншектерге мереке сыйлауға тырысамыз. Түптен келгенде, сәбидің бәрі бақытты болуы үшін жаралған.
Мәнді де мағыналы сұхбатыңызға рахмет!

Сұхбаттасқан Жадыра МЫРЗАХМЕТ, сурет Бек ИМЕКЕШОВТІКІ

 

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*